Ұлттық спорт • 07 Желтоқсан, 2017

Ұлағаты мол ұлттық ойын

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін


Таяуда Сәтбаев қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні аясында тоғызқұмалақ ойынынан өткізілген Халықаралық турнир жалауын түсірді. Бес күнге созылған бәсекелі сынға Ресей Федерациясы, Түркия, Ауғанстан, Моңғолия, Түрікменстан және Қырғызстан мемлекеттерін қоса алғанда бас-аяғы 20 команда қаты­сып, бақ сынады. Жарыстың жабылу салтанатында қатысушылар мен жанкүйер қауымды қоғам қайраткері Әлихан Байменов, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене­шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов құттықтады.

Ұлағаты мол ұлттық ойын

Байрақты бәсекеге тоғызқұма­лақ­тың қыры мен сырын жетік мең­гер­ген кәнігі спортшылармен қатар, үміттерін үкілеген жас буын өкілдері де бас қосты. Қатысушылар қатарын­да халықаралық дәрежедегі 10 спорт шебері, 1 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 22 спорт шебері, 13 спорт шеберлігіне кандидат және І разрядты дәрежесі бар 11 спортшының болуы бәсеке көрігін айрықша қыздыра түсті. Нәтижесінде, бабы мен бағы келіскен спортшылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер санатына ілікті.

Ерлер арасындағы сында І орынды Астана қаласы командасының құрамындағы спортшы Ғалымжан Темірбаев жеңіп алды. ІІ орынның жүлдесін павлодарлық Жанат Қаймол­дин қанжығасына бөктерсе, оның командаласы Бауыржан Абылай­хан ІІІ орынға табан тіреді.

Қыздар арасында Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Лина Кәрімованың бағы жанып, бас жүлдені еншіледі. Оның жерлесі Салтанат Сапарбекова ІІ орынға тиесілі тұғырға көтерілді. Ал ІІІ орынның жүлдесі павлодарлық Роза Райымбековаға бұйырды.

Бағы жанып, мерейі өскен спорт­шыларға Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің дипломдары мен естелік медальдары табыс етіліп, тиістілігіне сәйкес, 500 000, 300 000 және 200 000 теңгеден бәйге сыйақылары берілді. Бұдан тысқары, жеңімпаздарға басты жүлде – арнайы Кубок табысталды. 

Дүниежүзілік және еліміздің Тоғыз­құмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменовтің айтуынша, әлемдегі барлық ұлттың болмысының қалыптасуына әсер ететін, олардың әрқайсысының тек өзіне ғана тән спорт ойындарының түр­лері бар.

– Сондай сипаттағы ұлт­тық ойындар бізде де баршылық. Көкпар, ат бәйгесі, тоғызқұмалақ және басқа­лары солардың қатарында. Олардың бірі батылдыққа баулыса, екіншісі ептілікке үйреткен, ал үшіншісі ақыл-ой бәсекесіне бейімдеген, – дейді Ә.Байменов. 

Тоғызқұмалақ – біздің ұлтымыздың әлемдік өркениетке қосқан бірегей үлесі. Қазіргі таңда осынау зияткерлік ойын түрінен құрлық деңгейіндегі чемпионаттар, халықаралық сайыстар, әлем чемпионаттары өткізілуде. Бұл ойынға қызығушылық таныту үрдісі күн санап артып келеді. Қазақстанда 10 мың адам әр деңгейлі сайыстарға тұрақты түрде қатысып жүрсе, 200 мың адам тоғызқұмалақ үйірмелерінде шеберліктерін шыңдау үстінде. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы