Ұлыбританиядағы белді банктердің бірі Barclays бұдан былай ресейлік Kaspersky антивирустық бағдарламаны қолданбайтынын хабарлады. Банк таратқан мәліметке сүйенсек, мұндай шешімге келуге антивирустық бағдарлама шпиондық әрекет жасады деп күдіктену себеп болған екен.
BBC арнасының мәліметіне сүйенсек, Ұлыбританиядағы кибер-қорғаныс өкілдері ресейлік компанияның өнімдерін қолданбауға шақырған. Осыған байланысты банк өзінің 290 мыңға жуық тұтынушыларына Касперский антивирустық бағдарламасынан бас тартатыны жөнінде ақпарат жіберіпті. Әйтсе де, Barclays ең әуелі үлкен бизнес иелерін антивирусты қолданбауға шақырып отыр. Банк таратқан ақпаратта қарапайым қолданушылардың алаңдауына негіз жоқ екені айтылған.
Кейінгі кезде Касперский компаниясы америкалық медиа тарапынан шпиондық жасады деп айыпталған болатын. Осыған байланысты Ұлыбритания үкіметі құрылымдық департаменттерге антивирустық бағдарламаның ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертіп, одан бас тартуды ұсынған.
Касперский компаниясы айыптаулардың бәрін жоққа шығарып отыр. BBC арнасына берген сұхбатында компания басшысы Евгений Касперский ешкімге шпиондық жасамағанын, Ресей билігінің өздеріне сөзі жүрмейтінін жеткізген. Оның айтуынша, Кремль тарапы деректер сұрататын болса, компания одан бас тартып, шетелге көшіп кетеді.
Касперскийдің әлемде 400 миллионнан астам тұтынушысы бар. Бұған дейін де америкалықтар компанияны шпиондық жасады деп күдіктенген-ді. Сол кезде де антивирусты жасаушылар тағылған айыптың негізсіздігін мәлімдеген болатын.
Қаржы нарығы дағдарысқа ұшырауы мүмкін
Әлем елдері 2007-2008 жылдардағы экономикалық дағдарыстың салдарынан толық құтылған жоқ. Әйтсе де, сарапшылар жаңа экономикалық дағдарыстың шартарапты шарпуы мүмкін екендігін алға тартып отыр.
The Bank for International Settlements-тің (BIS) деректеріне сүйенген The Guardian газеті қазіргі таңда жаһандық экономиканың жағдайы 2007-2008 жылдардағы қаржылық дағдарыстың алдындағы кезеңге өте ұқсас екенін айтады. Басылымның хабарлауынша, АҚШ федеральдық резерві мен Bank of England-тің мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында пайыздық мөлшерді көтеруі сәтсіз аяқталған. Нәтижесінде қарыздың көлемі ұлғайып барады. The Guardian басылымы мұның соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін екенін жеткізген.
BIS банкінің басшысы Клаудио Борионың пікірінше, орталық банктер пайыздық мөлшерді қайта қарап, қарыздың өсуін баяулатуға маңыз беру керек. Өйткені ұзақ мерзімге аз пайызбен көп ақша алу әлі тоқтаған жоқ. Оның үстіне, жергілікті және шетелдік валютамен қарыз алу да жоғары деңгейде. The Guardian газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, банктердің бір жыл ішінде берген қаржысы мен түскен пайдасы бір-біріне сай келмей тұр.
К.Борио қазіргі кездегі қаржы нарығы үлкен дауыл алдындағы тыныштық жағдайында тұрғандығын жоққа шығармайды. Мұндай пікірді Ұлыбританиядағы танымал қордың бірі Woodford Investment Management компаниясының негізін салушы Нэйл Вудфорд та ұстанады. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы дағдарыстың кесірінен миллиондаған адам зиян шегуі мүмкін.
«Қазіргі таңда біз тарихтағы ең үлкен қаржы саясатының сынақтан өтіп жатқанына куә болып отырмыз. Инвесторлар тәуекелді ұмытқандықтан, құнды қағаз нарығы инфляцияға ұшырауының ықтималдығы жоғары», дейді Н.Вудфорд.
Сарапшылардың қауіптенуі бекер емес. Бүгінде қаржы және банк жүйесі бұрынғыға қарағанда бір ізге түскендіктен, берілетін қарыз мөлшері де айтарлықтай өскен. Мұның тиімді жағы болғанымен, жаһандық қарыздың көбеюі қаржы нарығын әлсіретеді.
Ең ірі әскери дайындық
Америкалық және Оңтүстіккореялық әуе күштері бұрын-соңды болмаған ең үлкен жаттығу жиынын бастап кетті. Негізі екі ел бірлесе жасайтын жаттығу жыл сайын желтоқсанда басталып, ақпанға дейін жалғасады. Time журналы бұл жолғы жиынның кең көлемде өтуі Солтүстік Кореяның таяуда тағы бір баллистикалық зымыранды сынақтан өткізуімен байланысты екенін хабарлады.
«Сергек соққы» деп аталатын жаттығу жиынына АҚШ-тың маңдайалды F-22 Raptor әскери ұшағының алтауы тартылған. Сонымен қатар радарға түспейтін F-35 ұшағы да тәжірибеден өтпек. Жалпы, жиынға 230-дан астам ұшақ қатысады.
«Әуе және теңіз күштерінен құралған америкалық 12 мың сарбаз Оңтүстік Кореяның әскеріне қосылды. Ұшақтар АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен сегіз полигонында сынақтан өтпек. Жаттығу Корея түбегіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғауға, әуе күштерінің дайындығы мен қабілетін анықтауға арналған», дейді Time журналы.
Көрші елде болып жатқан әскери жаттығу Солтүстік Кореяның қитығына тиген сыңайлы. КХДР тарапы жиынды арандатушылыққа балап отыр. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Пхеньян билігі Америка президенті Дональд Трамп пен «Сергек соққы» аймақтағы жағдайды ушықтырғанын мәлімдеген.
Шолуды дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»