Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта Еуропалық одақ экономикасы (еуропалық өлшем бойынша) жоғары өсімге қол жеткізіп, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан толассыз ағылған мигранттар тасқынынан сәл тыныстап, жедел күш жия бастады. Еуропалық Орталық банк төрағасы Марио Драгидің пікірінше, еуроаймақ экономикасының өсімі соңғы 20 жыл ішіндегі ең жоғары дәрежеге жетіп, үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында америкалық экономикалық өсім көрсеткіштерінен асып түскен көрінеді. Еуропалық одақ жетекшілерінің көңіліне қанат бітіріп отырған тағы бір жетістік, Германия сияқты ірі экономикалардың өсімімен бірге, дағдарыстан тұралаған Италия экономикасы сияқты орташа деңгейдегі экономикалардың да жоғары өсім көрсеткіштеріне қол жеткізуі болып отыр.
Әсіресе, Шығыс Еуропа елдеріндегі экономикалық өсімнің жоғары қарқыны сарапшыларды таңдандыруда. Мәселен, үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Румыния елінің экономикасы 8,8 пайыз өсімге қол жеткізді. Бұл еуропалық өлшем бойынша рекордтық көрсеткіш болып табылады. Польша және Чехия елдерінің экономикасы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып, үшінші тоқсанды 5 пайыздан жоғары өсіммен аяқтады. Шығыс Еуропа елдеріндегі экономикалық өсімнің жоғары деңгейі төртінші тоқсанда да қарқынынан жаңылар емес. Жалпы, еуроаймақ экономикасының өсімі үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша 2,5 пайыздан асып түсті.
Осы ретте Еуропалық одақ дегеніміз не екеніне қысқаша тоқталып өткен артық болмас. Кәрі құрылықтың дамыған мемлекеттері осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын ЕО-ның іргетасын қалады. Алдымен бұл одақ алты мемлекеттің (Белгия, Германия, Италия, Люксембург, Нидерланд және Франция) басын біріктірсе, бүгінде бұл интеграциялық құрылымға кәрі құрылықтың 28 мемлекеті мүше болып табылады. Құрамына кіретін мемлекеттердің экономикалық даму деңгейінің әртүрлі болуына қарамастан, ЕО 500 миллионнан астам адамды біріктіретін әлемдегі ең бай экономикалық одақ болып табылады. Оның біріккен ІЖӨ көлемі 15 триллион АҚШ долларынан астам қаржыны құрайды. Бұл әлемнің ең ірі экономикасы – АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің көлеміне пара-пар. Экономикалық одақ 1992 жылы Маастрихт шарты бойынша заңды түрде бекітілген. Соған сәйкес ортақ рынок және ортақ валюта жұмыс істейді. ЕО-ға мүше елдердің іс жүзінде экономикалық тәуелсіздігі шектелген. Еуропалық одақтың экономикалық саясатын бір орталықтан Брюссель жүргізіп отырады.
Еуропалық одақ құрамындағы Шығыс Еуропа елдері экономикасының соңғы кезеңдегі жоғары қарқынмен дамуы Брюссельді бір жағынан қуантса, екінші жағынан ерекше алаңдатып отыр. Оның ең басты себебі, соңғы уақытта Шығыс Еуропа елдеріне Қытайдың экономикалық ықпалы күшейіп барады. Брюссель 16+1 форматындағы платформаны Қытай тарапы біріккен Еуропаның берік ережелерін әлсірету үшін пайдаланып кете ме деген сенімсіздік танытады. Брюссельдің бұл күдігі негізсіз де емес. Қытайдың экономикалық әлеуеті мен шетелдердің инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыруға деген құлшынысы жылдан-жылға артып келеді. Ал Шығыс Еуропаның кедей елдері үшін экономикалық даму кезеңі қарқындап тұрған кезде Қытай инвестициясы ауадай қажет. 16+1 форматына кіретін Венгрия, Болгария, Румыния, Польша, Босния және Герцеговина, Сербия, Хорватия, Словения, Словакия, Албания, Македония, Черногория, Чехия, Литва, Латвия және Эстония мемлекеттері ҚХР-мен тығыз экономикалық байланыс жасағаннан ұтпаса, ұтылмайтынына сенімді. Тіпті олар Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ерекше құлшыныс танытуда. Мәселен, Венгрия соңғы уақытта Аспанасты елімен байланысқан экономикалық ынтымақтастыққа – «Шығысқа ашылған терезе» деп баға берсе, Сербия – «Аспанасты елімен шынайы достық жемісі», ал Польша бұл экономикалық қарым-қатынасты «шексіз мүмкіндік» деп бағалауда.
Бұл ретте Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан «Әлемдік экономиканың қозғаушы күші Батыстан Шығысқа, Атлантикадан Тынық мұхиты аймағына ауып барады. Батыста бұл құбылысты байқамауға тырысады, бірақ ол ағаттық. Бұл менің ғана пікірім емес, бұл – факт», деп атап көрсетті. «Қытай үшін Шығыс Еуропаның 16 мемлекеті сауда-саттық әріптестер ғана емес, сонымен бірге Еуропалық одаққа апаратын алтын көпір», – дейді CSIS орталығы азиялық жобасының директоры Джонатан Хиллман.
Қалай болғанда да, Қытай Шығыс Еуропа елдеріне инвестиция салуға барынша құлшыныс танытып отыр. Ал 16+1 форматындағы елдер үшін Қытай инвестициясы инфрақұрылымдық жобаларды жандандырып, экономикалық өсімге қол жеткізудің бірден-бір тиімді көзіне айналды. Вашингтондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының (CSIS) мәліметі бойынша, 2012 жылдан бері Еуропаның осы 16 мемлекетіне салынған ҚХР инвестициясы 15 миллиард доллардан асқан екен. Алдағы уақытта Сербия инфрақұрылымдық жобалар үшін Қытайдан – 1,9 миллиард, Венгрия – 1,5 миллиард, Чехия 3 миллиард инвестиция тартқалы отыр.
Экономикаға салынған шетелдік инвестициялар Шығыс Еуропа елдерінің қаржылық жағдайын жақсартып, банктерінің табыспен жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Bloomberg агенттігінің мәлімдеуінше, Шығыс Еуропаның банк секторы биылғы жылды өте жоғары табыспен қорытындыламақ. Мәселен, үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айының қорытындысы бойынша, Польша банктерінің жалпы таза табысы 8 пайыз өссе, Венгрияның ОТР банкі осы мерзім ішінде табысын 20 пайызға арттырды. Шығыс Еуропа елдері банктерінің табысты жұмыс істеуі тұрғындардың банктегі депозиттерін көбейтуге мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде халықтың тұтынушылық сұранысын арттырып, ішкі рыноктың қарқынды дамуына қозғау салды.
Еуропалық одақ мемлекеттері экономикадағы қазіргі қарқынды өсімді елдің әлеуметтік саласының онсыз да жоғары әлеуетін арттыруға бағыттамақ. Нақ осы мәселе Гетеборг қаласында өткен Еуропалық одақ елдерінің саммитінде жан-жақты тілге тиек етілді. Сарапшылардың бірауызды пікірі бойынша, Еуропадағы экономикалық табысты даму үрдісі келесі жылы да жалғасын табады.
Еуропалық одақ экономикасының жандануы Қазақстан экономикасы үшін де тиімді болмақ. Себебі ЕО Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болып табылады. Мәселен, «РФЦА рейтингтік агенттігі» АҚ-тың дерегі бойынш, Қазақстан 2005 жылдан 2017 жылға дейін экономикасына 243 миллиард тікелей шетел инвестициясын тартса, оның тең жартысына жуығы Еуропалық одақтың үлесіне тиеді екен. Ендеше бұл ірі экономиканың даму қарқыны артса, еліміздің экономикасына да тың серпін әкелетіні даусыз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»