Қазақстан • 08 Желтоқсан, 2017

Құлан жәдігерлерінің қасиеті неде?

1173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының бес бірдей тарихи нысаны үш жыл бұрын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұрасы қатарына кіргенін еске салғым келеді. Олардың қатарында – Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені бар.

Құлан жәдігерлерінің қасиеті неде?

Шу мен Талас өзендерінің бойында орналасқан Жамбыл жері – тарихи орындар мен оқиғалардың мекені. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы аумағында, Тараздан 100 шақырым жерде тарихи жерлер баршылық. Олар – жауынгер-жерлестер мен есімі белгісіз сарбазға, Абсент атына арналған ескерткіштер, темір дәуіріне қарасты қорған қабірлері, VІІ-ХІІ ғасырларға тиесілі діни құрылыстар, керуен-сарай, Өрнек қалашығы, жартасқа салынған суреттер. Ал аудан орталығы Құлан ауылы маңында республикалық тарихи және мәдени маңызы бар қалашық Құлан орналасқан. Бұл – ғасырлардың қайталанбас ескерткіштерінің тұтас бір кешені. Дәл осы жерде батыс түрік қаға­ныты билеушілерінің тақтан тай­ды­рылғаны да белгілі, ежелгі Құлан қаласы қытай және араб дерек­терінде VI-VIII ғасырларда аталған.

Құлан Ұлы Жібек жолы кезінде жүк ауыстыратын орын болған. Саудагерлер Жапонияға Корея және Қытай елдерінен Орталық Азияға, Ежелгі Руське және Византия жерлеріне жібек, зергерлік бұйымдар мен бояу тасыған. ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы қалашықтарды зерттеген кеңес археологтары қала сыртында орналасқан билеушінің резиденциясын, бай-шенділер мекендеген үйлерді, шарап жасайтын орындарды тапқан. Аталған аймақта түрлі дін және мәдениет өкілдерінің тұрғандығы расталды. Ал былтыр жүргізілген қазба жұмыстары қалашықтың VI ғасырға тиесілі екенін анықтады. Нысана топографиясында шахристанның, қамал мен рабаттың қайда орналасқаны анықталуда.

Алматылық археологтар алғаш болып қамалдың орталық ғимаратын тауып, билеуші сарайының орталық аймағына жетті. Қазба барысында қызықты артефакт – керамика, түргеш кезеңіне тиесілі тиындар, зергерлік бұйымдар, қола қазан, астық пен шарап сақтауға арналған құмыралар, еңбек құралдары, қол диірмені және басқалар табылды.

Ең таңғаларлық олжа – күйдірілген саздан жасалған, тәж кигізілген төрт адамның басы. Олардың арасында түр-тұлғасы еуропоидтық және түркі халықтарына тиесілілері де бар. Жәдігерлер шамамен IX ғасырға тиесілі деп болжануда. Композиция біздің заманымыздың алғашқы ғасырларындағы Орталық Азияға тән династиялық портрет іспетті. Мамандардың пікірінше, Құлан ауылынан табылған жәдігерлерге ұқсас болатындай дүниелер тұтас Қазақстан аумағында жоқ.

Қадиша ОРАЗОВА,
Ақтоған орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі

Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Көгершін ауылы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20