Алдымен Бас прокурор Жақып Асановтың таныстыруымен кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Бұл заң жобасының айрықша ерекшелігі сол, ол құқық қорғау органдарының қызметін күшейтуді емес, керісінше, осы органның кейбір қысастықтарынан азаматтардың құқы мен бостандығын қорғайтындығын Бас прокурор алдымен атап өтті. Қылмыстық-процестік кодекс (ҚПК) құқық қорғау органдарына күдіктінің қылмысын ашу үшін оны аңду, тінту, жасырын тыңдау, жүріс-тұрысына шектеу қою және т.б. өкілеттіктер берген. Осындай қызметтерді атқару барысында органдар өз өкілеттіктерін асыра пайдалануы мүмкін. ҚПК қылмыспен күресуді және екінші жағынан осы күресте адамдар құқының бұзылмауын көздейтіні белгілі. Ал ұсынылып отырған мына заң жобасы адамдардың құқын қорғау бағытын жетілдіріп, біздің елімізде осы бағдарды тұңғыш рет ұстанып отыр. Ол Елбасының тікелей тапсырмасының негізінде жасалды, деп бастады Бас прокурор өзінің сөзін.
Екінші жағынан заң жобасы қылмыстық процеске экономикалық тұрғыдан үнемділік жасайтын нормалар енгізетіні айтылды. Сонымен қатар бұл жоба құқық қорғау органдарын күшейтпейді, жаңа өкілеттік бермейді, керісінше, оларға жаңа міндеттер жүктейді деп атап өтті баяндамашы. Одан әрі заң жобасындағы нақты нормаларға тоқталған ол құқық қорғау органдарының бұрын күдіктіні 72 сағатқа дейін ұстауға рұқсат беретін нормасы өзгеріп, кейбір қылмыстар үшін 48 сағатқа түсірілгенін айтты. Ал күдікті 18 жасқа толмаған болса, оны ұстау мерзімі тіпті 24 сағатқа дейін түсіріледі екен. Бұл нормалар тергеушінің тиімді жұмыс істеп, прокурорға күдіктінің қылмысын тез дәйектеуі үшін енгізіліп отырғаны жеткізілді. Прокурор оның дәлелдерін дұрыс деп тапса, сотқа өзі барып, күдіктіні одан әрі ұстауға рұқсат алады. Осының бәрі 48 сағатта жасалады, деді Бас прокурор.
Егер осы істер 48 сағатта жасалып үлгермесе, уақытша ұстау оқшаулағышының (УҰО) бастығы күдіктіні шығарып жіберуі керек екен. Сонымен бірге күдіктіні қамау үшін тергеушінің үстірт жасалған анықтамасы негіз бола алмайды. Мәселен, заң жобасы бойынша экономикалық қылмыс жасады деп күдіктенген азаматты уақытша қамауға рұқсат беру үшін аудиторлық тексерістің нәтижесі сияқты құжаттар талап етіледі.
Сонымен бірге заң жобасында «дәлел алмасу» деген жаңа институт енгізілген. Оның мәнісі сол, сотқа дейін қорғаушы және айыптаушы тараптар бір-біріне өздерінің барлық дәлелдерін ашып, толық көрсетеді. Бұл сот процесінің жұмысын жеңілдететіні сөзсіз. Сондай-ақ негізгі айып дәлелденбесе, бұрын айыптаушы жақ қосымша бір дәлелдер келтіріп, екінші қылмыс бойынша айыптайтын. Енді айыптаушының ондай құқы шектеліп, күдіктінің тек негізгі айыбы ғана қаралады екен.
Сондай-ақ Бас прокурор қылмыстық істерді жүргізу ісі қағаз толтыру түрінен цифрлы форматқа ауыстырылып жатқанын жеткізді. Қағаз түрінде жазылған кейбір материалдардың жоғалып кететінін де айта келіп Бас прокурор қазір Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 6 облыста цифрлы форматқа көшіру бойынша қанатқақты бағдарлама жүргізіліп жатқанын айтты. Мұндайда бәрі ашық болады, деді ол.
Баяндамашының сөзінен кейін сенаторлар Р.Түсіпбеков, С. Еңсегенов және тағы басқалар сұрақтар қойды. Бұдан кейін шағын талқылау болып, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бірақ Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Кимнің ұсынысымен заң жобасы осы күні шағын үзілістен кейін екінші оқылымда да қаралып, заң қабылданды.
Екінші болып Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiмге қатысты тараптар арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл туралы баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, қосымша баяндаманы сенатор Ерік Сұлтанов жасады. Бұл келісім «Күрті – Бурылбайтал» және «Ұзынағаш – Отар» жолдары аралықтарын қосу және қарыздар қаржысын санаттар арасында қайта бөлуді көздеген. Жоба 271,3 миллион доллар көлеміндегі ХҚҚДБ-нің үнемделген қаржысы мен республикалық бюджеттен 47,9 миллион доллар қосымша қаржыландыру есебінен жүзеге асады. Құжат шағын талқылаудан кейін қабылданды.
Жалпы отырыста үшінші болып Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заңның жобасы қаралды. Ол туралы баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Заң жобасы шағын талқылаудан соң қабылданды.
Одан әрі күн тәртібінде бірінші оқылымда қаралуға тиісті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің (Салық кодексі), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Кодексті қолданысқа енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірден қаралды. Олар туралы негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жасады. Заң жобасы жеке және заңды тұлғаларға қатысты салық заңнамасын оңайлатуды, іскерлік белсенділікті арттыруды, салықтық әкімшілендірулер тетіктерін жетілдіруді көздейді.
Қосымша баяндама жасаған Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев Салық кодексінің әлі де жетілмеген тұстары бар екенін атап өтті. Соның ішінде оның қарапайым салық төлеушіге түсініксіз тұстары көп екендігі айтылды. Құжаттың баптары да тым көп, егер Ресейдің осындай құжатында – 432, Беларусьта – 330, Грузияда – 310 бап болса, біздікінде – 773 бап. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұл пікірлерді қолдайтынын айтып, министрліктің Елбасы алға қойған талаптарды толықтай орындай алмай отырғанын тілге тиек етті.
Осындай сындарды талқылауға қатысқан сенаторлар да айтты. Соның ішінде сенатор Әли Бектаев Салық кодексі жобасының мәтіні өте күрделі, түсінуге қиын, ауыр тілмен жазылған. Әсіресе, қазақ тіліндегі нұсқасында көптеген мәселелер түсініксіз жазылған, деді. «Салық саясатының талаптары арнайы мамандарға ғана емес, қарапайым азаматтарға да түсінікті болуы тиіс деп ойлаймын. Сонымен бірге ол тиісті мемлекеттік органдарда әзірленген заң жобалары Парламентке өте кеш түседі. Тіпті бұл тұрақты халге айналып бара жатыр. Сондықтан уақыттың тарлығына байланысты кейбір заңдар асығыс қабылданады. Елбасының осыдан екі жыл бұрын айтқанына қарамай мына заңдар бізге тек үстіміздегі жылдың 11 қарашасында келіп түсті. Мұндай маңызды құжат регламентке сәйкес 2 ай көлемінде қаралуға тиіс еді», деді. Сонымен бірге ол кейбір көзге ұрып тұрған жетілдірілмеген тұстарды атады. Соның ішінде жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындарын бірден салық төлеуге міндеттейді. Оның өтейтін несиесі, алатын шикізаты, жұмысшыларға төлейтін жалақысы бар. Бірақ бізде ондай шығындарды ешкім ескермейді, деді ол. Бұл пікірлерді талқылауға қатысқан сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те қостады. Осындай сындар айтылса да құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат бірінші оқылымда қаралған соң Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның ұсынысымен шағын үзілістен кейін екінші оқылымда да қаралып, енгізген түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.
Жалпы отырыста жетінші мәселе болып Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелерінің Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке депутаттық сауалға жауапты ауызша беруді талап етуіне сәйкес министрдің сөзі тыңдалды. Алдымен осы комитеттің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев сөйлеп, сауалға қысқаша тоқталып өтті. Ондағы негізгі мәселе – АӨК-ке мемлекет үлкен көлемде қаржылық қолдау білдіріп жатса да тиісті нәтиже неге жоқ дегенге саяды. Соның ішінде берілген субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің тиімді нәтижелер бермегендігі, өндірістің жаңа технологияларға қол жеткізбегендігі, астық шаруашылығы өнімділігінің төмендігі және т.б. дүниелер айтылған. Бұған қатысты А.Мырзахметов қол жеткізілген табыстардың біршамасына шолу жасап өтті.
Отырыс соңынан сенатор Нұржан Нұрсипатовтың Қазақстан Ұлттық ұланы мен ҰҚК Шекара қызметін қаржыландыру туралы және сенатор Мұрат Бақтиярұлының Қостанай облысының Жангелдин ауданы тұрғындарының Ресей зымырандарының қалдықтары құлайтын аумақ үшін Торғай өңірінен жер бөлуге қарсы екені туралы депутаттық сауалдары жария етілді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»