Парламент • 08 Желтоқсан, 2017

Сенатта конституциялық заңдарға түзетулер қаралды

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Сенатта конституциялық заңдарға түзетулер қаралды

Заң жобасымен сот жүйесі, мемлекеттік рәміздерді орналастыру, Конституциялық Кеңес, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мәселелері бойынша конституциялық заңдардың жекелеген ережелері нақтыланады.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға Конституциялық Кеңестің төрағасы мен мүшелерінің ант беру тәртібін Президент белгілейтіні туралы түзету енгізіледі.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда Тұңғыш Президенттің мәртебесі нақтыланады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сот төрелігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға тікелей байланысты лауазымдарды алмастыру тәртібін белгілеуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Конституциядан «Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар» ұғымының алынып тасталуына байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібін белгілеу жөніндегі түзетулер ұсынылып отыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңда сақтандыру және банкі қызметінің дамуына, қаржы технологиясының, электрондық коммерция мен инновациялық жобалардың жетілдірілуіне байланысты Орталықтың міндеті ұлғаятын болады.

Отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, әкімшілік-құқық бұзушылық заңнамасын ізгілендіруге, бизнеске қысымды азайтуға, жекелеген процестік ережелерді жүйелеуге, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды алып тастауға бағытталған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске:

  • әкімшілік құқық бұзушылықтың жекелеген құрамдары бойынша әкімшілік айыппұлдар мөлшерін төмендетуді;
  • ескерту институтын қолдануды ұлғайтуды;
  • жеке тұлғаға салынатын айыппұлдардың ең жоғары шегін бес жүз айлық есептік көрсеткіштен екіжүзге дейін азайтуды;
  • қысқартылған өндірісті қолдану саласын ұлғайтуды;
  • қызметтің жекелеген түрлерін тоқтатуға негіз болған тәртіп бұзушылық жөнделген кезде берілген рұқсаттың (немесе оның жекелеген қосымшаларының) күшін мерзімінен бұрын қайта жаңғыртуды;
  • жекелеген қызметті немесе әрекетті жүзеге асыруға берілген рұқсат беру құжаттарының күшін жоюды немесе тоқтатуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Кішігірім, мардымсыз тәртіп бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату тетіктері енгізіледі. Одан басқа, әкімшілік тәртіп бұзған адамды әкімшілік жазасының бірі ретінде жиырма төрт сағатқа дейін қамауға алу жөніндегі әкімшілік ұстау мерзімін белгілейтін толықтыру енгізіледі.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

 

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының Баспасөз қызметі