Қазақстан • 08 Желтоқсан, 2017

Қытаймен парламентаралық байланыстар өрістеді

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов Бейжіңде Халық Өкілдері Бүкілқытай Жиналысы Тұрақты Комитеті Төрағасының орынбасары Чжан Пинмен кездесті, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі. 

Қытаймен парламентаралық байланыстар өрістеді

Жүздесу барысында тараптар екі мемлекеттің экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытудың жай-күйі мен келешегіне назар аударды.

Қазақстан парламенттік делегациясының басшысы Қытай компартиясы ХІХ съезінің табысты өтуімен құттықтай келіп, экономика мен халықаралық аренадағы ҚХР-дың зор жетістіктеріне тоқталды. Сенат Төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сенімді үнқатысуы арқасында қалыптасқан Қазақстан мен Қытайдың өзара қатынастарының өте жоғары деңгейін атап өтті. «Біз Қытайды стратегиялық әріптестік тұрғысында байланыс орнатқан таяу көрші әрі сенімді дос ретінде қарастырамыз. Дипломатиялық қатынастар орнағаннан бергі 25 жылда біздің елдеріміз арасында сындарлы тату көршілік пен өзара түсіністіктің өнегелік үлгісі қалыптасты», - деді С.Громов.

Тараптар екіжақты және көпжақты сипаттағы парламентаралық өзара іс-қимылды үдету мәселелерін талқылай келіп, мемлекетаралық байланыстарды дамыту және нығайтудағы парламентаралық өлшемнің маңыздылығына тоқталды.

Тараптар сондай-ақ біздің еліміздің «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының үйлестіру жоспарын іске асыру тұрғысында ынтымақтастықтың келешегіне қатысты пікір алмасты. С.Громовтың айтуынша, Қытайдың жедел дамуы мен оның жаһандық бастамалары жалпы әлемдік даму мен өркендеуге одан әрі ықпал ететін болады. Сенатор қазіргі замандағы ғылыми-өнеркәсіптік технология саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын ҚХР-мен инновациялық ынтымақтастықты дамытуға Қазақстанның мүдделі екенін атап өтті және біздің еліміздегі Үшінші жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында қытайлық компанияларды елімізге шақырды.

Әңгіме барысында тараптардың туризм, білім беру және мәдениет салалары бойынша өзара байланыстарды дамыту қарқынын одан әрі күшейтуге ұмтылысы нақтыланды.

С.Громов халықаралық трансұлттық компанияларының басшылары қатысқан дөңгелек үстелдің 10-шы отырысына қатысты.