Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

Пе­тропавлдағы ашық есік күнінде бірқатар әлеуметтік мәселелер қолма-қол шешілді

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен алғаш рет ұйымдастырылған «Ашық есік күні» қабылдауына 115 адам келіп, олардың 35-і аймақ басшысына жеке өтініштерін жеткізді. 

Пе­тропавлдағы ашық есік күнінде бірқатар әлеуметтік мәселелер қолма-қол шешілді

«100 нақты қадам» Ұлт жос­парында кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың жолдары нақты атап көрсетілген. Олар­дың ішін­де «Ашық үкіметті» енгізу, мем­­лекеттік органдар басшы­ла­рының халық алдында есеп берулерін тәжірибеге енгізу, аза­мат­тардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін ке­ңейтуге басым­дық берілген. Пе­тропавл қаласы мен барлық аудан­дарда ұйымдастырылған «Ашық есік күні» өз деңгейінде өтіп, толғақты проблемалар мен шетін мәселелер бірлесіп тал­қыланды. Облыс тұрғындары тарапынан жер телімдерін алу, са­па­лы ауыз су жеткізу, ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жайы көбірек қозғалды.

Әкімнің қабылдауына келген­дердің бірі Уәлихан Ибраев мү­­ге­­дектер үшін жыл­жыма­лы­ монша ойлап тапқанын, жоба ЭКСПО-2017 маман­дан­ды­рылған халықаралық көрме шеңберінде өткен бай­қауда жо­ғары бағаланғанын, енді қар­жы­лық қолдау қажеттігін жет­кіз­ді. Аймақ басшысы Құмар Ақса­қалов жеке кәсібін ашқысы келген оған көмек көрсетілетінін, қол­дау жасалатынын айтып, озық идея авторын қуантып тастады. Алевтина Онищенконың айтпағы құры­лыс жұмыстарындағы бей-бере­кетсіздік екен. Көпшіліктің демалыс орнына, балалардың ойын алаңына айналған шағын бақ аумағы жеке кәсіп­кердің ие­лігіне өтіп кеткен. Өңір жетек­шісі мәселенің анық-қанығына көз жет­кізу үшін тұр­ғындармен арнайы кезде­сетінін қадап айтты.

Арыз айта келгендердің бі­рі Бо­­лат Еспановты баспана жа­йы­ ­алаңдатады екен. Ол «Бе­ре­ке» шағын ауданында жер үй сал­­ғанын, ол аумаққа мектеп құ­рылысы жүргізілетіндіктен оны бұзу жөнінде қалалық әкім­­дік шешімі шыққанына шағым­данды. «Бензострой» аумағында көп қабатты үйлер, басқа да мәдени, әлеуметтік ны­сандар тұрғызылып, әсем қала­шық бой көтеріп келеді. Ал сіз­дің мәселеңізге келсек, еш алаңдамауға болады. Сырылған үйлердің иелеріне өтемақы төле­неді немесе пәтер беріледі, деді Құмар Іргебайұлы.

– Халық пен билікті жақын­дастыратын жүзбе-жүз кездесулер жұмыстың тиім­ділігін арттырып, тікелей байланысты қамтамасыз етеді. Қозғалған мәселелердің бірде-біреуі аяқсыз қалмайды. Бір­қатары қолма-қол шешімін тапты. Әкімшілік кедергілер мен бю­рократтық көріністерді мүмкіндігінше азайтатын мұна­дай қоғамдық қабылдау тоқсан сайын өткізілетін болады, – деді Қ.Ақсақалов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ