– Римма, сұрағымызды жуырда ғана аяқталған Азия чемпионатынан бастасақ. Сарықұрлық біріншілігіне қанша уақыт дайындалдыңыздар?
– Азия чемпионатына жоғары деңгейде бару үшін өте ұзақ уақыт әрі тынымсыз дайындалдық. Әуелі Қытайда сол елдің боксшыларымен бірге оқу-жаттығу жиынына қатысып, спаррингтік кездесулер өткіздік. Себебі Азиядағы біздің басты қарсыластарымыз осы Қытай боксшылары. Ал жалпы физикалық дайындығымызды Алматыдағы AIBA бокс академиясында шыңдадық. Чемпионатқа соңғы дайындығымызды Астанада пысықтап, Вьетнамға сапар шектік. Құрама боксшылары Вьетнамға өте жоғары дайындықпен барды деп айта аламын.
– Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуіңізде оңтүстіккореялық қарсыласыңыздан тең дәрежеде өткен кездесуде жеңіліп қалдыңыз. Төрешілер сізге қиянат жасады деп ойламайсыз ба?
– Жалпы, бокста мынадай сөз бар. Егер төреші рингте сенің қолыңды көтермесе, онда сен жеңілгеніңді мойындауың керек. Сондықтан төрешілер туралы ештеңе айта алмаймын. Спорт осынысымен қызық. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Ал мен осы кездесуден кейін жіберген қателіктеріммен жұмыс істеу, келесі бәсекелерде жеңіске жету үшін дайындығымды екі есе арттыру керек екенін түсіндім.
– Кездесуден соң сізге ұлттық құрама бапкерлері не айтты?
– Әрине, бұл жеңіліс мен үшін де, жаттықтырушылар үшін де оңайға соқпады. Азия чемпионатына тек алтын медаль алып, еліміздің Әнұранын шырқатамын деп барып едім. Дегенмен, бапкерлерім жекпе-жек көңілдерінен шыққандарын, еңсемді түсірмей, алдағы уақытта көп жаттығу керектігін айтты.
– Жалпы, спорттың бұл түріне қалай келдіңіз? Бокспен шұғылдану қыздарға қиын емес пе?
– Бокс маған бала кезімнен ұнайтын. Әкем екеуміз теледидардан үнемі кәсіпқой бокстың жекпе-жектерін тамашалайтынбыз. Сөйтіп менің боксқа деген қызығушылығым артып, бокс үйірмесіне жазылуға ниеттендім. Алайда ауылымызда тек волейбол секциясы ғана бар еді. Қалаға келгенге дейін волейбол спортымен айналыстым. Кейіннен, колледжге оқуға түсіп, бокс залына жазылдым. Міне, сол уақыттан бері боксты жаныма серік етіп келемін. Меніңше, бокс спорты қыздарға қиын емес сияқты (күліп).
– Сіздің пікіріңізше, елімізде қыздар боксының деңгейі қай дәрежеде?
– Қазақстанда қыздар боксының деңгейі өте жоғары. Ерлер дәрежесіне жетпесек те, соған жетеғабыл деп есептеймін. Өйткені қазіргі ұлттық құрамада жүрген боксшы қыздардың арасында халықаралық дәрежедегі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберлері өте көп. Сондай-ақ бірнеше дүркін әлем және Азия чемпиондары, Олимпия ойындарының жүлдегерлері де бар. Қазіргі таңда бокстан Қазақстан қыздар құрамасы әлемнің кез келген құрамасына лайықты қарсылық көрсететінін және олар да біздің боксшылармен санасатынын сеніммен айта аламын.
– Келесі жылы қандай ірі додаларға дайындалып жатырсыз?
– Азия чемпионатынан соң ұлттық құрама бапкерлері жаңа жылға дейін демалыс берген болатын. Бірақ күнделікті жаттығу залына барып жүрмін. Ал қаңтар айында толық жаттығуға кірісіп, ел біріншілігіне дайындалатын боламыз. Қазақстан чемпионатынан кейін 2018 жылғы Азия ойындарына және әлем біріншілігіне кімдер баратыны анықталады. Бұйырса, ел чемпионатында топ жарып, халықаралық жарыстарға қатысып қана қоймай, еліме жүлде әкелгім келеді.
– Карьераңыздағы ең жарқын жеңісіңіз қайсы?
– Азия чемпионатынан кейін жеке бапкерім Берік Маржықпаевпен бірге Ресейдің Белоярск қаласында мұнайлы елдер арасында өткен әлем кубогына қатысып, топ жардым. Осы жеңісім арқылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Карьерамдағы ең жарқын жеңісім деп, осы жетістігімді айтар едім. Бұл жеңісті ешқашан ұмытпаймын. Мұнайлы елдер арасындағы жарыста бұрын Қазақстаннан Марина Вольнова ғана жеңген болатын. Енді, мен де мұнайлы өлкенің чемпионы болдым. Азия чемпионатындағы сәтсіздігімнен кейін жеке бапкерім Берік Маржықбаев мені бірден осы жарысқа дайындады. Ол кісі тек бапкерім емес, ақылшым әрі жанашырым. Осы орайда мені осындай дәрежеге жеткізген Берік Боранбайұлына өз алғысымды айтамын.
– Қазіргі таңда ерлермен қатар қыздар да дендеп кәсіпқой боксқа ауысып жатыр. Сізде кәсіпқой боксқа ауысу ниеті жоқ па?
– Шынында да, қыздар арасындағы кәсіпқой бокс та қарқынды дамып келеді. Дегенмен, кәсіпқой боксқа ауысу туралы әлі ойланып көрмеппін. Менің қазіргі басты арманым – Олимпиада чемпионы атану. Токио Олимпиадасына барып, елімізге алтын медаль әкелгім келеді.
Әңгімелескен
Әли ҚҰДИЯРҰЛЫ