Асудағы жол көктайғақ. Не құм, не тұз себілмеген. Айнадай боп, жалтырап жатыр. Қаусаған ескі машинаның тауға қарай қалай өрлеп келе жатқанына қайран қаласың.
Кеудесі садақша иіліп, рөлге жабыса түскен Рәш көкемнің басына дәл қазір қасымда бір тірі жан отыр екен-ау деген ой кіріп те шықпайды. Бар зейіні жолда. Өлсем де, тірілсем де мына асудан қалайда өтуім керек деп өзіне өзі серт берген секілді.
Жұқалтаң жүзі күреңітіп, әншейінде жыпылықтай беретін шүңірек көзі бір нүктеге қадалған күйі тесіле қалған.
Жаздыгүні бастықтың кеңседен шығуын күтіп, ып-ыстық кабинада быршып терлеп, ақсары жүзі қып-қызыл боп, әлдеқайдан ызыңдап ұшып келген көк шыбынды балағаттап, бая-шая болып отыратын ұшқалақ Рәш бұл емес сияқты. Қазір мүлде басқа адам.
Алдыңғы жақтан «КамАЗ» көрінді. Тау басынан бір өңкиген дәу адам тайғанақтап, әзер түсіп келе жатқандай демімізді ішімізге тартып, апыр-ай, мына мұндар бізді абайсызда жаншып кетпесе нетті деп, тынысымыз тарыла бастады.
Жо-жоқ. Біздің Рәш та, әлгі «КамАЗ»-дың рөлінде отырған бейтаныс шопыр да мықты екен. Әне-міне сүзісіп қала жаздап, бір-бірін бүйірден нұқып кете жаздап барып, әупіріммен өте шықты-ау, әйтеуір.
Міне, осыдан соң асудың үстіне көтерілген шығармыз-ақ деп ем, сөйтсем... сұп-суық, сұп-сұр жылан секілді жылтыраған көктайғақтың құйрығы шұбатылып, көз ұшына дейін созыла береді екен.
Түу, не деген ұзақ, қатерлі жол.
Ал мынау Рәш болса, сол баяғы үн-түнсіз, тым-тырыс күйінде кірпігін де қақпай, алға қарап, қадалып отыр.
Осы сәтте менің көкейімде: «Егер ол өз бойындағы осы бір тұншығып жатқан тылсым күшті күнделікті тіршілікте аянбай пайдаланса, апыр-ай, мына өмірдің сан алуан сынақтарынан қиналмай өтіп, бас айналардай биіктерге көтерілер еді-ау!» деген ой жылт ете қалды.
Көктайғақ жолдың мына бір тұсы құзға тым жақын екен. Қылкөпір секілді қалтылдап, жанымызды мұрнымыздың ұшына тақап тұр. Тынысым тарылып, көзімді тарс жұма қойдым.
Уһ!..
Бұдан да өттік-ау, әйтеуір. Енді міне, биікке қарасаң да, төменге көз салсаң да үрейің ұшатындай бір қызық деңгейдеміз. Бар үміт ортада қалған секілді.
Бұл өзі, біздің тап бүгінгі тіршілігімізге ұқсайтын жайт емес пе осы, а?.. Кім біледі... Біздің де биікке шыққымыз келеді. Бірақ, құлап кетеміз бе деген қаупіміз тағы бар...
Міне, асудың үстіне де жеттік. Рәштің қабағы тез жазылып, самайынан сорғалаған айғыз-айғыз терді алақанымен бір сылып тастады да: «Өй, әкең... өліп қала жаздадық қой!» деп ыржиып күлді.
Сол сәтте жаңағы азап та, сынақ та, ерлік те ұмытылып, ақша қар жамылған алып кеңістікке сіңіп, ғайып болды.
Ол да, мен де үйреншікті тіршілігімізге қайта оралып, шыркөбелек айналып бара жаттық.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»