Сөйтеді де түркі дүниесінің ұлылары да осал болмағанын «Тән – жанның, жан – жаратқанның аманаты» деген Анақарыстың сөзімен дәйектейді.
Біз осыған дейін өзге жұрттардың афоризмдеріне көз жібергенде, бұл неткен ақылдың кені, ой маржаны деп таңдай қағып, тамсанғанымызды да алға тартады. Қазақтың да қадірі асқан айтулылары артына ұшан-теңіз мұра қалдырғанына нақты мысалдармен көңіліңді иландырады. «Афоризм – ойдың материалдық көрінісі. Бір үзік ой, оқыс пікір, оқшау сөз! Ол шағын көлемге кең мағына сыйғызып, ой айтудың ең тиімді әрі әсерлі тәсілі. Бұл ретте оның өзегі – философия, яғни ғылым да, болмысы – көркем әдебиет» дейді де, қазақ афоризмдерінің асыл арнасы сақ-скиф дәуіріндегі ойшылдар сөзінен, көне түркі жазбаларынан арна тартатынын айтады.
«Ерлік жасағанның атасын сұрап ала алмас болар» деп ұлы скиф философы Тоқсары айтпақшы, бұрын көп айтыла қоймаған, ел болған соң кеткен есені қайтару үшін жанкешті еңбек етіп, қазақта да афоризм бар екенін, оның негізін қалайтын ақыл-ой алыптары жетіп-артылатынын Ербол Шаймерденұлы жан-жақты зерделей келіп, «Қазақ афоризмдері» деген керемет антологияны халықтың рухани қазынасына әкеліп қосты. «Жүрек көзін ашар» (Абай) бұл еңбек ұлт руханиятының жауһары десек, артық айтқандық болмайды. Бұрын аз ғана таралыммен шыққан кітап жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру идеясы аясында Астанадағы «Фолиант» баспасынан бес мың данамен жарық көрді. Осы арада мына бір ойды ортаға сала кетелік. Ол «Қазақ афоризмдері» аталатын антологияны өзге жұрттарға жеткізу жайы еді. Қазіргі кезде өзге ел жақсыларының афоризмдерін өзімізге үлгі етсек, ендігі жерде қазақ афоризмдерін олар да біліп жатса, қане. Бұл арқылы ұлтымыздың ақыл-ой иелерін танытып, Гиппократ айтқан өнердің мәңгілік екенін дәйектеп, қандай қарау пенде болса да өзіміздегі барменен оның көзіне ұрар едік. Бұған қоса тағы бір пікір бұл афоризмдерді құрастырушы, мына өмірден озғанына бес жыл болған Ербол Шаймерденұлы екенін әркез есте сақтап, «пайдаланып кетушілерге» жол беріп алмасақ деген ниетімізді де жұрт талқысына сала кетелік.
Кітаптың бірінші бөліміне ойшылдардың дара сөздері, яғни біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап, XXI ғасыр аралығындағы өмір сүрген даналардың дана ойлары топтастырылған. Бағзы заманнан бүгінге дейінгі жаратылысы жақсылар қатарында Тоныкөк, Білге, Күлтегін, Қорқыт, әл-Фараби, Майқы, Асанқайғы, Қазтуған, Әйтеке, Төле, Қазыбек, Сүйінбай, Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Мұхтар, Ғабит, Бауыржан, Шерхан, Қадыр, Олжас, Асқар, Әбіш – бәрі де бар. Екінші бөлім – «Ақылнама» деп аталып, онда мақал-мәтелдердегі, қара өлеңдердегі эпостық жырлардағы, би-шешен сөздеріндегі, жыраулар жырындағы, айтыс айшықтарындағы, ән мәтіндеріндегі жауһарлардан тұрады. Қыруар кітап оқып, одан маржан сүзгендей етіп таңдап алу да Ерболға оңай болмағаны анық. Бұл тұрғыдан келгенде оның еңбегі өлшеусіз екені сөзсіз. Кітап соңында ақыл-ой данышпандары, парасат иелері, пайдаланған әдебиеттер туралы анықтамалар да тайға таңба басқандай етіп беріліп отырған. Бұл да Е.Шаймерденұлының ыждағаттылығын, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді.
«Азамат жолы – ар жолы» депті Бауыржан Момышұлы. Ендеше «Қазақ афоризмдері» атты бұл кітап та Ербол Шаймерденұлының ар жолындағы артына қалдырған азаматтық ісі, өлмес мұра, өшпес із деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»