Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Шымкентте 588,8 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды

452 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Шымкент қаласында жалпы аумағы 588,8 гектар жер телімі мен 785 жылжымайтын мүлік орналасқан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Шымкентте 588,8 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы үшін «Еуразия» базары маңындағы жерлер мемлекетке кері қайтарылатындығын айтады. Сонымен қатар, саябақтар мен гүлзарлар құрылысы үшін Көмешбұлақ тұрғын алабынан, жол құрылысын салу үшін «Тұран» шағын ауданынан жер учаскелерін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қонаев даңғылы мен Өтегенов көшесі, Оңтүстік айналма жолы мен Бәйтерек көшесі, Алматы айналма тас жолы бойындағы жер телімдері де мемлекеттің қажеттілігіне алынбақ.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев: «Ең бастысы, әкімдік қызметкерлері жергілікті тұрғындармен өзара тығыз байланыста жұмыс істей білгені жөн. Яғни, меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге болатынын да ескертуі тиіс. Тұрғындар өз меншігін асыра жоғары бағалап, мәселені ушықтыра түспеуі керек. Біле білгенге, Астана, Алматы қалаларымен салыстырғанда Шымкенттегі жер телімдерінің бағасы әлдеқайда төмен. Сөйте тұра, мемлекет мұқтаждығы үшін біздер меншік иелеріне аталған қалалармен бір деңгейдегі бағаны ұсынамыз», деді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»