Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Алматыда «Астана-Ардағым» сыйлығы табысталды

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда ел астанасының 20 жылдығына орай елордамыздың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Астана – Ардағым» сыйлығымен марапатталды.

Алматыда «Астана-Ардағым» сыйлығы табысталды

Республика сарайына жиналған зиялы қауым өкілдері мен шаһар жұртшылығы Астанамыздың асқақтауы жолында айбынды еңбек еткен тұлғаларға айрықша ілтипат көрсетті.

Осыдан тура жиырма жыл бұрын дәл осы желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Тәуелсіз еліміздің жаңа астанасын арқа төріндегі Ақмолаға көшіруге шешім қабылданған болатын. Араға аз уақыт салып жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді.  Бұл идея тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін ең бір күрделі кезең тоқсаныншы жылдары туындаған тәуекелді қадам  болғанымен, бұл шешімнің өміршеңдігін уақыт дәлелдеді. Бүгінде сән-салтанаты жарасқан айбынды Астана  Тәуелсіздіктің төл перзентіне,  бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналды. Жас Астананың жан-жақты дамыған жасампаз қалаға айналуына жарқын қадам жасағандардың ішінде алтын тәжін Алатаудан арқа төріне ақжолтайлап аттандырған Алматылықтардың ерен еңбегі мен арман тілегі жатыр. Бұл жөнінде шаһар басшысы бүгінгі марапаттау рәсімінде кеңінен айтты.

– Алматылық – ғылым, білім, өнер, спорт қайраткерлері, әрине, мемлекеттік қызметкерлер алғашқылардың бірі  болып Астананың іргесін қалады және барша қазақстандықтармен бірге жас астананың қалыптасуына зор үлес қосты. Біз сол үшін үнемі мақтанамыз! Астананы  көшіру Еуразия жүрегінде  жаңа әрі заманауи қаланың пайда болуына ықпал етті, Алматыға жаңа өмірлік леп  әкелді. Бүгінгі күні Астана -  қалыптасқан саяси орталық, жаңғыру символы және өзге өңірлерге үлгі. Елбасының аса зор халықаралық беделінің  арқасында мұнда  ЕҚЫҰ-ның,  Ислам  ынтымақтастығы ұйымдарының саммиттері, Азияда өзара ынтымақтастық және сенім шаралары бойынша Кеңес, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съездері өтті. Астанада халықаралық ЭКСПО- 2017  көрмесінің өтуі елеулі  әлемдік оқиға болды. Ғасырлар түйіскенде Қазақстан астанасын көшірген әрі  қаланы «қолдан жасаған» алғашқы мемлекетке айналды. Президент айтқандай, «өте ауыр 1990-шы жылдары Астана бізді қанаттандырды, үміт отын жақты және үлкен қиындықтарды жеңе білуге үйретті» – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.  

«Астана – Ардағым» сыйлығы білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары бойынша берілді. Үміткерлерді іріктеу конкурстық комиссияның сайтында ашық дауыс беру нәтижесі арқылы анықталған болатын.

Астананың  ғылым саласында дамуына қосқан үлесі үшін  – Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай, Астананың спорт саласында дамуына қосқан үлесі үшін  - Туризм мен спорттың  бұрынғы министрі Темірхан Досмұхамбетов, Астананың денсаулық сақтау саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Алматыдағы №1 перзентхананың бас дәрігері Наурызбай Рақышев, Астананың  білім  саласында дамуына  қосқан үлесі үшін  - ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков, Астананың  құрылыс саласында дамуына қосқан үлесі үшін  -  «Базис-А» құрылыс  копорациясының басшысы Александр Белович пен инженер-құрылысшы Осман Шаханов, Астананың  сәулет  саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Қазақстанның сәулетшілер Одағының президенті Ақмырза Рүстембеков,  Астананың  инновация саласында дамуына қосқан үлесі үшін  - дәрігер, инфекционист Қарлығаш Әбдиева,

Астананың  өнер  саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Көркемөнер академиясының президенті Амандос Ақанаев, мүсінші Болат Досжанов және дизайнер Құралай Нұрқаділова, Астананың  әдебиет  саласында дамуына қосқан үлесі үшін – жазушы және журналист Рамазан Думан мен ақын Маралтай Райымбек, Астананың  ақпарат  саласында дамуына қосқан үлесі үшін -  «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, фотограф Максим  Золотухин және 31-ші арнаның бас продюсері Нұржан Мұхамеджанова, Астананың  кинематография  саласында дамуына қосқан үлесі үшін - режиссер Ермек Шынарбаев және актер  Әділ Ахметов, Астананың  музыка  саласында дамуына қосқан үлесі үшін - композитор Марат Омаров және  әнші  Нағима Есқалиевалар «Астана-Ардағым» сыйлығымен марапатталды.

Келер жыл елордамыз үшін мерейлі жыл. Осыған орай Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шаралар-концерттер, фестивальдер, көрмелер өтеді деп жоспарлануда.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ