Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Оралда «Smart Орал» орталығы ашылды

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында ашылған бұл орталықтың әдеттегі халыққа қызмет көрсету орындарынан өзгешелігі көп. Мұнда шағын және орта бизнес өкілдеріне кешенді қызмет көрсететін арнайы кеңсе жұмыс істейді. Бұл жерде кәсіпкерлік нысанын ашу, ісін жүргізуге қатысы бар барлық мекеме «бір терезе» қағидасымен шоғырланған. Яғни жеке кәсіпкер осы орталыққа келіп, бүкіл шаруасын шешіп кетеді.

Оралда «Smart Орал» орталығы ашылды

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарында белгіленген тапсырмаларды орындау жолында жүзеге асып отыр.

«Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс... Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек» деген болатын Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында.

- Елбасының цифрландыру туралы тапсырмасына сәйкес ашылып отырған «Smart Орал» орталығы қызмет көрсету сапасын жетілдіруді көздейді. Мұнда қарапайым халық пен кәсіпкерлерге де қызмет көрсету орталығы, соның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақинвест» ҰК, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да салалардың өкілдері отыратын болады. Сондай-ақ құқықтық қызмет көрсетудің де қолжетімді әрі жедел болуын қамтамасыз ету үшін прокуратура қызметкерлері де көмек көрсетеді. Бір ғана мысал айта кетейін, бұрын кәсіпкер жер теліміне рұқсат қағазын алу үшін 14 мекемеге барып, әрқайсысына 5 күн жұмсайтын болса, алдағы жылдан бастап осы қызметтердің бәрін электронды түрде бес-ақ күннің ішінде ала алады, - деді орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Бұл орталыққа келген тұрғындарға қызмет көрсету 15-20 минуттан аспайды дейді мамандар. Электронды кезек, күту залы қамтамасыз етілген. Көрсетілетін қызмет түрі де көбейіп, 618-ден 641-ге жетіпті.

«Smart Орал» орталығында Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының «Азаматтарды қабылдау орталығы» да бүгіннен бастап жұмыс істей бастады. Мұнда азаматтарды қабылдау, прокуратура органдарының құзіретіне жататын құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, облыс, аудан прокуратурасының басшыларына қабылдауға жазылу, арыз-шағымдарды қарау нәтижесі бойынша мәлімет және жауаптардың көшірмесін беру, прокуратура ғимаратына кіруге рұқсат беру және келушілерді қарсылап алу қызметтері ұсынылады.

Аталмыш орталықта облыс прокуратурасының салалық қызметтерінің кезекші прокурорлары, облыс прокурорының өтініштерді қарау және іс жүргізу бойынша аға көмекшісі, кеңесші-консультанттар және басқа да мамандар қызмет көрсетеді.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы орталығы диреторының орынбасары Марат Нұрғуатовтың айтуынша, кәсіпкерлік пен прокуратура органдарының қатар отыруы кәсіпкерлікті дамытуға оң ықпал етіп, заң бұзушылық пен қателіктің алдын алуы тиіс. Ал Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев 2018 жылы Орал қаласының көпшілік жиналатын орындарында қоғамдық WI-FI іске қосылатынын, болашақта тұрғындар барлық коммуналдық төлемдерді бір нүктеден төлеу мүмкіндігі жасалатынын мәлімдеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»