Индустрияландыру картасы аясында Маңғыстау облысы әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес, Шетпе ауылына қуаттылығы сағатына – 20 000 м3 газ жеткізетін «Окарем – Бейнеу» магистралды газ құбырынан Шетпе ауылына дейін 90 шақырым қашықтықтан тартылған газ құбыры іске қосылды. Жобаның құны 5,7 млрд теңгені құрайды.
- Сіздерді тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Қаншама қиын кезеңдер басымыздан өтті. 90 жылдары қалай болып еді?. Қазақстан тәуелсіздігін нығайта білді. Ірі жобаларды жүзеге асырып, әлемдік аренада өз орны бар мемлекетке айналды. Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің шекарасы нық бекіді. Тұрақтылық болған жерде әлеуметтік сұрақ та, экономикалық сұрақ та шешіледі деп ойлаймын. Мына үлкен жобаның жүзеге асырылуы да тәуелсіздіктің жемісі. Маңғыстау ауданы толықтай газбен қамтылды. Енді тағы да облыстың 5 ауданында және Жаңаөзен қаласында жалпы ұзындығы 1370 шақырымды құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыруға 800 адам жұмысқа тартылды. Нысан пайдалануға берілген соң 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, - деді Автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГРС) орнату жұмысының салтанатты ашылуына қатысқан аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.
Мереке қарсаңында ауыл тұрғындарына тарту ретінде есік ашқан тағы бір нысан Шетпе селосындағы 50 орындық «Дархан» балабақшасы. Жергілікті кәсіпкердің өз қаражатымен салынған бөбекжай құрылысына 40 млн. теңге жұмсалыпты.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанның индустриялды және әлеуметтік жаңғыруының негізгі құралы» - деп Елбасымыз атап өткендей, қай кезде де шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Шағын және орта бизнесті белсенді қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, аудан тарихында алғаш рет Шетпе ауылынан бұқтырылған ет консервісін шығаратын цех зауыты ашылды. Кәсіпорын тәулігіне 700 -1000 дана мал етінен бұқтырылған консерві дайындайды. Шаруа иесі «Атамекен» ҰКП арқылы 10 млн теңге шағын несие алып және өз қаражаты арқылы цехты ашып отыр.
- Бұл цех тек облыс емес, еліміздің басқа аумақтарын да сапалы өнімімен қамтамасыз ететіндігіне сенім мол. Айына 10 мың дана консерві шығарып, 15-20 адамды жұмыспен қамтитын бұл цехтың болашағы зор болары сөзсіз. Ендеше кәсіпорынның жұмысына табыс тілеп, бұдан да басқа өнімдер шығаруына, өңір экономикасының дамуына үлес қосатын кәсіпкерлік нысаны болуына тілектеспін, - деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсімнен кейін Ералы Тоғжанов ауыл ақсақалдарымен кездесіп, облыстың әлеуметтік дамуын сөз етті. Аймақта жүзеге асырылған маңызды стратегиялық жобаларды талқылап, экономикалық көрсеткіштерді айтып берді. Ал, ақсақалдар қауымы өз ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы