Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2017

Инфрақұрылымның дамуы: Әлемге тартылған алтын көпір

3832 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақстан шикізат өндірісін дамытуға басымдық берген болатын. Бұл саясат өзін-өзі ақтады. Осы салаларды нығайтудың нәтижесінде еліміз сырттан мол ин­вес­тиция тартты. Уақыт өте келе Ұлттық қор құрылып, онда едәуір қаражат жинақталды. Осылайша, алғашқы кезде эконо­ми­­­ка­ны дамытудың стратегиялық бағытының дұрыс таң­далуы қа­зір­гі күні көп іске жол ашқандығын көріп отырмыз. Сол көп іс­тің ең маңыздыларының бірі  инфрақұрылымның дамуы болып отыр.

Инфрақұрылымның дамуы: Әлемге тартылған алтын көпір

Жаңадан салынған автокөлік жолдары мен темір жол магис­тральдары, олардың логистика­лары, теңіз жолдары мен порт тер­­миналдары, әлемнің әр шал­­ғайына ашылып жатқан әуе жол­дары, барлығы бірін бірі толық­тыра, байыта келе Қазақ­стан эконо­мика­сының уақыт өт­кен сайын нығая түскен жаңа жота­сына айналды. Нақ осы сала, бірқатар сарап­шылардың пікі­рінше, Қазақ­станның әлем ел­дері­нің ара­сы­нан алатын жаңа орнын бел­гілейтін болады. Қазақстан бірте-бірте Шығыс пен Батыстың арасын эконо­ми­калық тұрғыдан жалғай­тын алтын көпір ел ретінде әлем­дік қауымдастық алдында бой көр­сетпек. Жаһандық және аймақ­тық деңгейде болып жатқан үл­ке­н өзгерістер, Еуразиялық эко­но­­микалық одақтың құрылуы, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы қыз­метінің белсенді сипатқа ие бола түсуі, алып көршіміз Қытай­­дың әлемнің жаңа эконо­ми­ка­лық орталығының бірі ретінде қалып­тасуы, оның «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы халық­­аралық қауым­дастық тара­пы­нан жаңа ғасырдың ең ірі жоба­ла­рының бірі ретінде қарастырылуы – Қазақстанның оң жамбасына дөп келіп тұр.

Жалпы, елімізде инфрақұры­лымдық дамудың 2015-2019 жыл­­дарға арналған «Нұрлы жол» бағ­дарламасының қабыл­да­нып, оны жүзеге асыру­ға ерек­­ше екпін берілуін Қазақ­стан экономикасының жаңа көк­жиектерін айқындау мақса­тын­да алыс­тан ойластырылған саясат­тың жемісі деп түсінеміз. Өйт­кені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы «Қазақстан эконо­мика­лық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жол­дауында ХV ғасырдың со­ңына дейін Орталық Азия әлем­дік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халық аумақтар мен ұлт­тарға бөлінген жоқ. Жібек жолы­ның саябыр тартуы Орталық Азияны шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыз­дан кейін, соңғы ғасырларда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік эко­номика үшін қайтадан эконо­микалық маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүм­­­кіндіктерімізді нығай­тып келе­міз, әлемдік нарық­қа баға­лы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикі­за­тын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен ежелгі Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және теміржолдарының сұлбалары айқындала бастады», деп атап көрсеткен болатын.

Сөйтіп тәуелсіздік еліміздің ішкі мүмкіндіктерін ашуға, оның әлемдік экономикалық жүйеге қосылуына, бұрынғыдай Кеңес Одағының құра­мын­дағы шеткері бір өңір емес, Еуропа мен Азияны байланыстырушы кіндік ел бо­луына қызмет етуде. Бұл жағдай ел хал­қын үлкен өзгерістерге бас­тап, кен­желеп дамуымыздағы көп ғасырлық мешеуліктің көбе­сін сөкті. Демек ор­наласқан гео­графиялық орнына бай­ланыс­ты Қазақстанның қазіргі жедел дамуы­ның бір сыры – салынып жат­қан инфрақұрылымдарда, яғни эко­но­микалық ағзамызға қан жеткізіп, оны сыртпен байланыстыруға сенімді жол ашатын тәуелсіздік магис­траль­дарында тұр деп есептейміз.

Енді осы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға келейік. Сөз болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында республикалық маңыздағы автокөлік жолдарын салуға баса көңіл бөлінген. Еліміздегі жалпы пайдаланудағы 96,3 мың шақырым жолдың 23,9 мың шақырымын республикалық маңыздағы жолдар, қалғанын жергілікті маңыздағы жолдар құрайды.

2010 жылдан бері рес­пуб­­лика­лық маңыз­­дағы жол­дардың 5 мың шақы­рымы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаң­ғырды. Соның нәтижесінде аталған жол­­дар­дың 85 пайызының сапасы қа­нағат­танарлық дең­гейге жет­кі­зілді. Мұның сыртында, елімізде Батыс Қытай – Ба­тыс Еуропа жо­­лының салын­ғандығы белгілі.

Енді 2017-2020 жылдар ара­­лы­­ғында 4,4 мың ша­қы­рым жол қайта жаң­ғыр­ты­латын болады. Осы мақсат­та әзірленген 23 жобаның жал­пы құны 1,7 трлн теңге тұ­рады. Бұл қаржы­ның 356,2 млрд теңгесі биылғы жыл­­дың жұмыстары үшін­ бөлінген еді. 1 қара­ша­дағы мәлімет бойынша қар­жының 223,6 млрд тең­гесі игерілді. Игерілген қар­­жы­ның тең жар­тысы Ұлт­тық қор­дан алын­­ған­ды­ғын айта кет­кен жөн.

Сөйтіп Астана – Қараған­ды,­ Орта­лық – Шығыс, Бей­неу­ – ­Ақтау, Орта­лық – Батыс, Қап­шағай – Талдықорған, Пе­­­­­тро­павл – Ресей Федера­ция­­­сы­ның шекарасы, Орал – Каменка бағытын­да­ғы жол­дарды жаңғырту жұ­мыс­­тары қызу жалғасын тап­ты. Нәтижесінде жыл соңына дейін жолдардың 602­ ша­қырымы пайдалануға бе­ріліп, қоз­ғалыс ашылатын бо­лады.

Сондай-ақ биылғы жылдан бастап рес­публикалық бюджет пен халық­аралық қар­жы институттарынан бө­лін­ген займдар есе­бінен бір­қатар жаңа жобаларды жүзеге асы­ру басталды. Олар­­дың қатарында Бей­­неу – Ақжігіт, Шор­танды – Зеренді, Тас­кес­­кен – Бақ­ты, Қандыағаш – Мақат, Күр­ті – Бу­­рылбайтал, Меркі – Бурыл­байтал, Тал­ды­­қор­ған – Өскемен, Жетібай – Жаңа­өзен, Қал­­батау – Май­қап­ша­ғай, Үшарал – Дос­­тық, Ақ­тө­бе – Қандыағаш, Атырау – Астра­­хань, Ұзын­­ағаш – Отар, Қостанай – Дени­­сов­ка, Ас­та­­наны оңтүстік-батысынан айна­­лып өту жол­­дары бар. Бұл жұмыстарға 100 мың­­­ға дейін адам тартылғанын ескерсек, жұ­­­­мыс­­пен қамтуға да ықпал еткені түсінікті.

Темір жол саласына келсек, Алматы – Шу ба­ғытында ұзындығы 112,3 шақырым бола­тын жаңа жол салыну­да. Оның құны 38,4 млрд теңге тұрады. Бұл жолдың 53 ша­қы­рымы былтыр іске қосылса, 59 шақырымы биыл пайдалануға берілуі тиіс. Үсті­міздегі жылдың 10­ айында негізгі жұ­мыс­та­рының барлығы жүзеге асты. Жол толықтай іске қосылған кез­де онымен қоз­­ғалатын по­йыз­дар саны қазіргі 17-ден 68-ге, бір тәу­лікте та­сы­мал­данатын жүк­ кө­лемі 66 мың тоннадан 265 мың тон­наға, жолаушылар саны 36 мыңнан 45 мыңға артады. Жол­ға кететін уақыт 1,5 есе қыс­қарады.

Каспий теңізі арқылы жөнелтілетін жүк көлемін арттыру мақсатында Құ­рық теңіз портын дамыту ісі жал­ғасуда. Осының нәти­жесінде бүгінгі күні Құрық портына салынған жаңа темір жолдың паром терминалында 1 миллион тоннадан астам жүк өңделді. Жыл соңына дейін 1,2 миллион тонна жүк өң­деу мүмкіндігі бар. Бұл порт­қа автокөлік жолы да тартылды. Осы ша­ралардың нәтижесінде порт­тың жыл­дық қуаты 7 миллион тоннаға дейін жететін болады. Ал 2020 жылы Қазақстан теңіз порт­­тарының жылдық жалпы қуаттылығы 27 миллион тон­­­на­ға жеткізіледі.

Биылғы жылы Астанада жаңа темір жол вокзалының салынып пайдалануға беріл­гендігі белгілі. Сондай-ақ осын­­дағы халықаралық әуе­жай кеңейтіліп, жаңа тер­ми­нал салынды. Тәуелсіздік жыл­­да­ры темір жол саласында Қазақстанның тын­дырған тағы бір үлкен шаруасы – «Түрік­менстан – Қазақстан – Иран» халық­ара­лық темір жол жобасын жүзеге асы­руға белсене қа­тысып, Парсы шы­ға­на­ғына шығу мүмкін­дігіне ие болғандығы.
Қазақстан азаматтық авиа­­­ция саласы да бұрын-соң­­­ды болмаған көрсет­кіш­терге қол жеткізді. Франк­фурт, Лондон, Вена, Па­риж, Сеул, Абу-Даби, Ду­бай, Пекин, Ыстанбұл, Үрім­­ші, Сиань, Бангкок, Шард­жа, Минск, Мәс­­кеу, Ново­сібір, Екатеринбург, Омбы, Санкт-Петербург, Том, Баку, Ташкент, Киев, Біш­кек, Тбилиси және тағы басқа қа­ла­ларымен, жалпы әлемнің 26 елі­мен әуе қа­тынасын орнықтырды. Бүгін­гі күні Қазақ­стан ТМД елдеріне – 50 бағыт, Еуропа елдері­не – 9 бағыт, Оң­түстік – Шығыс Азия елдері­не – 14 ба­ғыт, Таяу Шығыс елдеріне 15 бағыт бо­йын­ша әуе тасымалын жүзеге асырады.

Қорыта айтқанда, елімізді инф­ра­құрылымдық дамыту бағытында осы атқарылып жатқан жұмыстар­дың бола­шақ үшін маңызы өте зор. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, тран­зиттік тасымалдан түсетін кіріс 2016 жылы 267 млрд теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 1,3 трлн теңгеге жетпек. Сонда таяудағы үш-төрт жылдың өзінде ға­на 5 есе өседі деген сөз. Мұ­­­ның сыртында, Boston Consulting Group сарапшыла­ры 2020 жылы транзиттік тасы­мал­дың өсімінен еліміз­дің ІЖӨ-ге қосымша 5,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде табыс кіретінін айтып отыр.

Бүгінде Қытайдан Еу­ро­­­паға жөнел­тілген жүк Қазақ­­стан арқылы шамамен 12-15 күнде жеткізіледі. Ал оның Оң­түс­тік теңіз жолымен 45-60 күнде, Сол­т­үстік теңіз жолымен 33-35 күнде және Транссібір магистралі бойынша 18-20 күнде жет­кізілетіндігін ескерсек, Қа­зақстанның бәсекеге қа­бі­­летті құрлық маршру­тын қалыптастырғанын бай­қауға болады. Соның нә­тижесінде 2016 жылы Қытай – Еуропа – Қытай ба­ғы­тында контейнерлік та­сымалдардың көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе өссе, 2017 жылдың 5 айында бұл бағыттағы тасымал 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да 2,2 есеге өсіпті. 2017 жылғы 5 айда біздің еліміздің аумағынан Қытай – Еуропа – Қытай бағытында 681 контейнерлік жүк пойызы өткен екен, бұл да 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Осы айтылған деректер Қазақстанымыздың Батыс пен Шығыстың арасындағы алтын көпір елге айнала бастағанын дәлелдейді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»