Жаңадан салынған автокөлік жолдары мен темір жол магистральдары, олардың логистикалары, теңіз жолдары мен порт терминалдары, әлемнің әр шалғайына ашылып жатқан әуе жолдары, барлығы бірін бірі толықтыра, байыта келе Қазақстан экономикасының уақыт өткен сайын нығая түскен жаңа жотасына айналды. Нақ осы сала, бірқатар сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның әлем елдерінің арасынан алатын жаңа орнын белгілейтін болады. Қазақстан бірте-бірте Шығыс пен Батыстың арасын экономикалық тұрғыдан жалғайтын алтын көпір ел ретінде әлемдік қауымдастық алдында бой көрсетпек. Жаһандық және аймақтық деңгейде болып жатқан үлкен өзгерістер, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің белсенді сипатқа ие бола түсуі, алып көршіміз Қытайдың әлемнің жаңа экономикалық орталығының бірі ретінде қалыптасуы, оның «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы халықаралық қауымдастық тарапынан жаңа ғасырдың ең ірі жобаларының бірі ретінде қарастырылуы – Қазақстанның оң жамбасына дөп келіп тұр.
Жалпы, елімізде инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының қабылданып, оны жүзеге асыруға ерекше екпін берілуін Қазақстан экономикасының жаңа көкжиектерін айқындау мақсатында алыстан ойластырылған саясаттың жемісі деп түсінеміз. Өйткені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауында ХV ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халық аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін, соңғы ғасырларда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз, әлемдік нарыққа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен ежелгі Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және теміржолдарының сұлбалары айқындала бастады», деп атап көрсеткен болатын.
Сөйтіп тәуелсіздік еліміздің ішкі мүмкіндіктерін ашуға, оның әлемдік экономикалық жүйеге қосылуына, бұрынғыдай Кеңес Одағының құрамындағы шеткері бір өңір емес, Еуропа мен Азияны байланыстырушы кіндік ел болуына қызмет етуде. Бұл жағдай ел халқын үлкен өзгерістерге бастап, кенжелеп дамуымыздағы көп ғасырлық мешеуліктің көбесін сөкті. Демек орналасқан географиялық орнына байланысты Қазақстанның қазіргі жедел дамуының бір сыры – салынып жатқан инфрақұрылымдарда, яғни экономикалық ағзамызға қан жеткізіп, оны сыртпен байланыстыруға сенімді жол ашатын тәуелсіздік магистральдарында тұр деп есептейміз.
Енді осы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға келейік. Сөз болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында республикалық маңыздағы автокөлік жолдарын салуға баса көңіл бөлінген. Еліміздегі жалпы пайдаланудағы 96,3 мың шақырым жолдың 23,9 мың шақырымын республикалық маңыздағы жолдар, қалғанын жергілікті маңыздағы жолдар құрайды.
2010 жылдан бері республикалық маңыздағы жолдардың 5 мың шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғырды. Соның нәтижесінде аталған жолдардың 85 пайызының сапасы қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді. Мұның сыртында, елімізде Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолының салынғандығы белгілі.
Енді 2017-2020 жылдар аралығында 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылатын болады. Осы мақсатта әзірленген 23 жобаның жалпы құны 1,7 трлн теңге тұрады. Бұл қаржының 356,2 млрд теңгесі биылғы жылдың жұмыстары үшін бөлінген еді. 1 қарашадағы мәлімет бойынша қаржының 223,6 млрд теңгесі игерілді. Игерілген қаржының тең жартысы Ұлттық қордан алынғандығын айта кеткен жөн.
Сөйтіп Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы, Орал – Каменка бағытындағы жолдарды жаңғырту жұмыстары қызу жалғасын тапты. Нәтижесінде жыл соңына дейін жолдардың 602 шақырымы пайдалануға беріліп, қозғалыс ашылатын болады.
Сондай-ақ биылғы жылдан бастап республикалық бюджет пен халықаралық қаржы институттарынан бөлінген займдар есебінен бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында Бейнеу – Ақжігіт, Шортанды – Зеренді, Таскескен – Бақты, Қандыағаш – Мақат, Күрті – Бурылбайтал, Меркі – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Жетібай – Жаңаөзен, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Қостанай – Денисовка, Астананы оңтүстік-батысынан айналып өту жолдары бар. Бұл жұмыстарға 100 мыңға дейін адам тартылғанын ескерсек, жұмыспен қамтуға да ықпал еткені түсінікті.
Темір жол саласына келсек, Алматы – Шу бағытында ұзындығы 112,3 шақырым болатын жаңа жол салынуда. Оның құны 38,4 млрд теңге тұрады. Бұл жолдың 53 шақырымы былтыр іске қосылса, 59 шақырымы биыл пайдалануға берілуі тиіс. Үстіміздегі жылдың 10 айында негізгі жұмыстарының барлығы жүзеге асты. Жол толықтай іске қосылған кезде онымен қозғалатын пойыздар саны қазіргі 17-ден 68-ге, бір тәулікте тасымалданатын жүк көлемі 66 мың тоннадан 265 мың тоннаға, жолаушылар саны 36 мыңнан 45 мыңға артады. Жолға кететін уақыт 1,5 есе қысқарады.
Каспий теңізі арқылы жөнелтілетін жүк көлемін арттыру мақсатында Құрық теңіз портын дамыту ісі жалғасуда. Осының нәтижесінде бүгінгі күні Құрық портына салынған жаңа темір жолдың паром терминалында 1 миллион тоннадан астам жүк өңделді. Жыл соңына дейін 1,2 миллион тонна жүк өңдеу мүмкіндігі бар. Бұл портқа автокөлік жолы да тартылды. Осы шаралардың нәтижесінде порттың жылдық қуаты 7 миллион тоннаға дейін жететін болады. Ал 2020 жылы Қазақстан теңіз порттарының жылдық жалпы қуаттылығы 27 миллион тоннаға жеткізіледі.
Биылғы жылы Астанада жаңа темір жол вокзалының салынып пайдалануға берілгендігі белгілі. Сондай-ақ осындағы халықаралық әуежай кеңейтіліп, жаңа терминал салынды. Тәуелсіздік жылдары темір жол саласында Қазақстанның тындырған тағы бір үлкен шаруасы – «Түрікменстан – Қазақстан – Иран» халықаралық темір жол жобасын жүзеге асыруға белсене қатысып, Парсы шығанағына шығу мүмкіндігіне ие болғандығы.
Қазақстан азаматтық авиация саласы да бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді. Франкфурт, Лондон, Вена, Париж, Сеул, Абу-Даби, Дубай, Пекин, Ыстанбұл, Үрімші, Сиань, Бангкок, Шарджа, Минск, Мәскеу, Новосібір, Екатеринбург, Омбы, Санкт-Петербург, Том, Баку, Ташкент, Киев, Бішкек, Тбилиси және тағы басқа қалаларымен, жалпы әлемнің 26 елімен әуе қатынасын орнықтырды. Бүгінгі күні Қазақстан ТМД елдеріне – 50 бағыт, Еуропа елдеріне – 9 бағыт, Оңтүстік – Шығыс Азия елдеріне – 14 бағыт, Таяу Шығыс елдеріне 15 бағыт бойынша әуе тасымалын жүзеге асырады.
Қорыта айтқанда, елімізді инфрақұрылымдық дамыту бағытында осы атқарылып жатқан жұмыстардың болашақ үшін маңызы өте зор. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, транзиттік тасымалдан түсетін кіріс 2016 жылы 267 млрд теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 1,3 трлн теңгеге жетпек. Сонда таяудағы үш-төрт жылдың өзінде ғана 5 есе өседі деген сөз. Мұның сыртында, Boston Consulting Group сарапшылары 2020 жылы транзиттік тасымалдың өсімінен еліміздің ІЖӨ-ге қосымша 5,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде табыс кіретінін айтып отыр.
Бүгінде Қытайдан Еуропаға жөнелтілген жүк Қазақстан арқылы шамамен 12-15 күнде жеткізіледі. Ал оның Оңтүстік теңіз жолымен 45-60 күнде, Солтүстік теңіз жолымен 33-35 күнде және Транссібір магистралі бойынша 18-20 күнде жеткізілетіндігін ескерсек, Қазақстанның бәсекеге қабілетті құрлық маршрутын қалыптастырғанын байқауға болады. Соның нәтижесінде 2016 жылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытында контейнерлік тасымалдардың көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе өссе, 2017 жылдың 5 айында бұл бағыттағы тасымал 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да 2,2 есеге өсіпті. 2017 жылғы 5 айда біздің еліміздің аумағынан Қытай – Еуропа – Қытай бағытында 681 контейнерлік жүк пойызы өткен екен, бұл да 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Осы айтылған деректер Қазақстанымыздың Батыс пен Шығыстың арасындағы алтын көпір елге айнала бастағанын дәлелдейді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»