Көп ұзамай театр мені Қарағанды қаласына іссапармен аттандырды. Ақтасқа осы жоба идеясын М.Әуезов театрына әкелген профессор Нұрлан Дулатбеков мырза алып келді. Мені Ахико атайға «сіз туралы пьеса жазады, драматург» деп таныстырды.
Жадымнан өшпей қалған бір нәрсе – Ахико ақсақал мен Елена әжейдің қатты сасқандары. Кәдімгідей абыржып, не істеп, не қойғандарын білмей кетті. Ол кісілермен Нұрлан ағаның бұрыннан аралас-құралас екенін білемін, бұл абыржудың себебі мен сияқтымын. «Жазушы, драматург» деген сөздің әсері ме...
Үлкен кісілерді мұнша әбігерге түсіргеніме мен де қысылып барамын. Сонымен не менен, не ол кісілерден бір ауыз сөз шықпайтын қызық та ыңғайсыз жағдай орнады. Әйтеуір Нұрлан аға барлығымызды құтқарып, ортаға сауалдар тастады. Әңгіме Қарлаг төңірегінде, ол кісінің Қарлагқа қалай түскені, онда нені бастан кешкені. Ахико ақсақал барлық сұраққа мектеп оқушысы сияқты әлдебір ыждаһатпен, жүрек шымырлатар шыншылдықпен жауап береді. Нұрлан аға сауал қояды. Мен отырмын. Арасында суретке түсіріп қоямын. Ол кісінің өмірбаянын, жалпы жағдайды алдын ала Интернеттен оқып алғанмын, қолымда кей даталарды, оқиғаларды олай емес, былай болған деп түзетіп қоюға жететін ақпарат бар.
1945 жылы Қызыл әскер Оңтүстік Сахалинге дейін барды. Ол кезде Ахико жас курсант болатын. 1948 жылы тұтқынға түсіп, 10 жылға сотталады. Оны өзге жапондармен бірге жүк кемесі арқылы Владивостокқа әкелген. Ол кейін Петропавлға, сосын Жезқазғанға, ақыр аяғы Қарлагқа келген. Ахико тек 1989 жылы ғана ақталып шығады. Оны туған еліндегі туыстары мен жақындары тек жарты ғасыр өткен соң ғана көрген. «Әкесі елге қайтып орал» деп хат жазып жіберіпті. Оның отбасы болды. Бәрін тастап кеткісі келмеді» дейді Тецуроның жары Елена Ахико. Қазақстандық жапон Жапонияға тоғыз рет барған. Бірақ, түбегейлі қалып қоймай Қазақстанға оралып отырған.
«Сахалинде күн суық. Әскерилерден қалған күртешені тауып киіп, жағалауда тентіреп жүргенімде совет әскерлері ұстап алып, абақтыға қамады. Бірден «жапон тыңшысысың» деді. Мен олай емес екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ көп ұзамай шындықты айтқаннан гөрі жапон тыңшысы болғанның анағұрлым қауіпсіз екенін ұқтым. Осылай тергеушілерге қарсыласқанды тоқтаттым. Мойындадым. Олар маған қалың папка ашып, бума-бума қағаз арнады. Мен бәрімен келістім... Қарлагқа түскенде он жеті жаста едім. Тажал машина жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген, мүгедек кемпір-шалға дейін шімірікпей жұтатын. Қарлагтың қапасында 50 мыңнан аса жапон отырды, еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім» дейді ол кейінірек актер Дулыға Ақмолда сомдаған образда. Бірақ бұл жайында әзір ешқайсымыз білмейміз.
«Жапония – менің отаным. Бірақ қайта барып тұрғанда үйрене алмадым. Адамдар өте жұмысбасты. Бір-бірімен біз сияқты жақын араласпайды, барлығы асығыс. Ақтастағыдай есіктің алдына шығып шемішке шағып, әңгіме-дүкен құру деген атымен жоқ. Елена тіл түсінбейді, мен түсінгенмен, бәрібір тосырқадым, содан кейін болмайды екен бұл деп, Ақтасқа қайта оралдық».
«Үйді сатпағанымызды айтсаңшы. Балаларға тапсырып кеткенбіз. Сатуға қимаған едік, сезгендей екенбіз». «Жоқ, құдай қақты, әйтпесе қайтып келген соң қайтер едік». «Жағдайымыз жақсы, екеуміз де зейнетақы аламыз. Бәрі жеткілікті, рахмет». «Қазақстандай жер жоқ әлемде».
Елена әжей де кезінде Украинадан ауып келген. Бірінші әйелі Катя Еділ бойын жағалаған немістердің отбасынан шыққан. Ол да Қазақстанға депортацияланған жандардың бірі. Елена әжей Қарлаг жайына келгенде балапанын қорғаған торғайдай шырылдап, Ахико-санның маңына жолатпауға тырысады екен. «Неғыласыңдар, көңілі бұзылады, ауырып қалады, сұрамаңдар» дейді. Сапар мақсаты – ол кісінің өз аузынан лагерь тауқыметін есту болғандықтан, ол тақырыпты айналып өту және мүмкін емес.
Ақыры Ахико ақсақал жылап қалды. Әңгіме ауанын жайлап өзімізге аудардық. Алматы қалай, ауа райы қалай, азық-түлік қанша тұрады деген сияқты сауалдарға енді мен жауап беріп отырмын.
...Маған ол кісінің өзін көру қызық болды, саусақтарын көру, шашына қарау. Жалпы қандай энергия шашады, сол қызық. Мектепте оқымаған, лагерьден шыққаннан кейін қара жұмысқа араласады, құрылысшы, шахтер болып еңбек еткен. Үйленген, бірінші әйелі Катяны екі баласымен алған, Ахикодан және екі бала дүниеге келген. Бүгінде 11 немере, 4 шөбересі бар. Қазіргі әжей мен Катя қайтыс болғаннан кейін бас қосқан.
Қарапайым. Қарапайымдықтың да шегі, деңгейі бар. Ахико-санның қарапайымдылығын тек ағашқа теңеуге болатын сияқты. Қара ағаш сияқты. Және сондай берік.
Қаһарман. Он жеті жасында қаңғырып айдалада қалған, барлық жақын-жуығынан айырылып не тілін, не мәдениетін түсінбейтін елдің лагерінен бір-ақ шыққан, сол тозақтан өткен, енді сексеннің алтауына келіп, қария болып отыр. Сол бөтен елдің төрінде, балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі. Кемпірі қасында. Зейнетақы алады. Өмірге риза, тіршілігіне адал. Мен ол кісіні феномен деп бағаладым.
Пьесаны жазу барысында осы баға – бастаушы рөл ойнады...
Нұрлан Дулатбеков аға біраз отырғаннан кейін өз шаруаларымен кетіп қалды, ал мен Ахико ақсақалдың үйінде тағы біраз бола тұрайын деп, қалдым. Екі қариямен оңаша қалғаннан кейін аздап батылдық пайда бола бастады. Ал ол кісілер әлі қобалжулы. Әлі мен ол кісілердің көздеріне Алматыдан келген драматург болып тұрмын. Әжей «кофе ішесің бе? Бізде Германиядан арнайы жіберілген кофе бар. Ахико екеуміз ішпейміз, балалар бірақ бәрібір салады» деді. Мен ішемін дедім. Балалар деп отырғаны – Ахико ақсақалдың бірінші жары Катяның ұлы мен қызы екен. Олар Германияға біржолата қоныс аударыпты. Дегенмен ай сайын Ахико ақсақал мен Елена әжейге сауқат салып тұрады екен. Шай, кофе, конфеттер... «Кофе ішпейміз, салма» дегенді тыңдамайды, өздері кофеқұмар, содан елдің бәрін солай көреді», дейді Елена әжей. Ұзақ іздеп, тапты ақыры. Енді турка жоқ, екеулеп жатып, кішкентай темір тәрелкеге қайнаттық. Ішіп отырмын. Олар маған сүйсіне қарайды. Мен болсам жанталасып, пьесаны жазу барысында қажет болуы мүмкін детальдарды жинаймын. Ахико ақсақалдың қозғалысы, көзқарасы, басын қалай бұрады. Кез келген деталь керек. Көздері... Қадалғанда өңменіңнен өтеді. Қандай жағдайға куә болмады, қандай қасірет шекпеді десеңізші...
Қарлаг жайлы сұрауға дәтім бармайды. Басқа не айтасың? Әрі қарай отыра берудің реті жоқ. Амалсыз, қайтар жолдың амалын сұрадым. Олар түсіндірді. Содан кейін маған сенбей тұрғандай көз тастаған Елена әжей калошын киіп, такси тұратын орынға шығарып салды. Ахико ақсақал да шықпақ еді, Елена әжей екеуміз екі жақтап үйде қалуын өтіндік. Жер тайғақ, күн суық. 2016 жылдың ақпаны. Ол кісі қалды. Бұл тірліктің бәрінен әлдебір ыстық қамқорлық сезіледі. Қимай қоштастым.
Ахико сөзі жапоншада «адал өмір сүруге барынша бейім жан» деген мағына береді екен. «Ақтастағы Ахико» спектаклінің прототипі Тецуро үшін бұл есім тағдырға айналды. Ол өзінің отаны Қазақстанға адал. Оның саясатына, ұстанымына адал.
«Біз бақытты жандармыз! Себебі пейілі кең, құшағы ыстық Қазақстандай еліміз бар. Ол бізді кеудесіне жатсынбай басты. Тіршілігіміздің әлсіз шырағы сөнер шақта, пана болды. Сан мыңдаған рухты аманат етіп қабылдап, көбесін бұзбай, қатарын сиретпей отан аналарына қайтарды. Мен болсам, өзіңе қайтып оралдым, Қазақстаным. Өз отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан. Төсі – шалқақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат қазақ елі – енді менің елім; ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен – Қазақстан – енді менің отаным. Еркіндік нышаны боз жусанның жұпарымен осылайша қайтадан, бұл жолы біржолата қауыштым» дейді ол спектакльде.
Бұл – аздап көркемделген, бірақ Ахико Тецуроның бүгінгі күні айтып жүрген өз сөзі. Адамзаттың қазақ деген перзентінің ұлттық коды қандай дегенде, сол бір қысылтаяң заман еске оралады. 33-жылдың аштығы мен Ұлы Отан соғысының ызғары, ол аз десеңіз, жаппай қуғын-сүргінді бастан кешіп, қатары миллиондап сиреген ұлт басына күн түсіп келген бірде-бір адам баласын сыртқа тепкен жоқ. Бұл табиғи болмыс-бітім, мейірмандық па әлде қария ұлыстың даналығы, көрегендігі ме? Сол кең пейіл – тарих қойнауында қалған жоқ, ол әлі де әрқайсымыздың қанымызда. Бүгінгі мамыражай тіршілігіміздің өзі соның бір өтеуі болар.
...Осылай Ахико ақсақалмен кездесу аяқталды. Алдыда вокзал, Астана, Алматы. Жазу үстелі.
Нәтижені өздеріңіз білесіздер:
• Елбасымыз 2016 жылдың 8 қарашасында Жапония Парламентінде сөйлеген сөзінде Ахиконың тағдыры туралы айтты. «Хокайдо тұрғыны 15 жасар Ахико Тецуро әскери тұтқындармен бірге КСРО-ның халық жауы ретінде ешқандай кінәсі болмаса да он жылға жазаға тартылады. Басқа жапондық әскери тұтқындармен бірге жазасын өтеп, Қазақстан жерінде он жылын өткізіп, абақтыдан 24 жасар жігіт болып шығады… 50 жыл өткен соң Ахико тарихи отанына оралып, туған-туыстарымен кездесті. Туыстары қанша үгіттесе де көнбей, отаным деп санайтын Қазақстанға қайтып оралды» деді Қазақстан Президенті.
• 2016 жылдың 22, 23 қазан күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ақтастағы Ахико» драмасының премьерасы өтті. Бұл театрдың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған тартуы еді. Спектакльдің сахнаға шығып, көрерменмен қауышуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы зор ықпал жасап, жан-жақты қолдау көрсетті. Министрдің айрықша көңіл бөлуінің нәтижесінде спектакль жоғары дәрежеде сахналанды.
• 2016 жылдың 25 қарашасында қойылым Қарағанды қаласындағы Станиславский атындағы театрда көрсетілді. 86 жастағы Ахико Тецуро әйелі Еленамен бірге өзі туралы спектакльді тамашалады.
• 2016 жылы 29 қарашада «Ақтастағы Ахико» Бейбітшілік және келісім сарайында Астана жұртының назарына ұсынылды.
• Енді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Токиоға «Ақтастағы Ахико» спектаклін алып бара жатыр. Сапар биыл 18-26 желтоқсан аралығында жүзеге аспақ. Театрдың шығармашылық құрамымен бірге Ахико Тэцуро ақсақал да тарихи отанына барып қайтпақ.
Мадина ОМАРОВА,
жазушы, драматург