Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2017

Ақтөбе аймағында мектепке қайраткер Ұзақбай Құлымбетовтің есімі берілді

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отызыншы жылдардың ойраны халқымыздың қаймағы дерліктей бетке ұстар азаматтарын баудай түсірді емес пе?! Солардың бірі осы кезеңде Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметін атқарған Ұзақбай Құлымбетов еді.

Ақтөбе аймағында мектепке қайраткер Ұзақбай Құлымбетовтің есімі берілді

Оған троцкист-бухариншіл және ұлтшыл деген жала жабылып, он тоғыз халық комиссарының көш басында 1938 жылдың 21 наурызында атылған. Ол 1958 жылдың 22 сәуірінде КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталған. 

Өткен аптада қысқа ғұмырын өз елінің дамуы мен жетілуіне сарп еткен дара тұлғаға Ақтөбе қаласында ескерткіш орнатылды. Бұған дейін облыс орталығында жаңадан салынған мектепке осы өңірде дүниеге келген мемлекет және қоғам қайраткерінің есімі берілген болатын. Құлымбетовке сәні мен сәулеті келіскен осы мектеп ғимаратының алдынан ескерткіш қойылды. Оның ашылу рәсімі кезінде сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қоғамдық қордың жетекшісі Сәби Аңсатов және тарихи тұлғаның қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаевалар Құлымбетовтің еліне жасаған еңбегі мен қайраткерлік тұлғасы жөнінде сөз сабақтады. 

Егер осы айтылған ой-пікірлердің мәні мен мазмұнына сәлі тереңдей түсер болсақ, 1925-1937 жылдар аралығында КазЦИК-тің құрамында аса жауапты қызметтерді атқарған Ұзақбай Желдірбайұлы орталықтың адымды аштырмайтын тар қыспағында жүріп-ақ республиканың өндірісі мен ауыл шаруашылығы және ағарту саласы мен мәдениетіне қатысты мәселелерге бел шеше кіріскен. Оны кеңестік дәуірдің талабына лайықтап дамыту жөнінде байыпты бағдарламалар әзірлеген. 

Өз халқының мүддесін бірінші кезекке қоя білген асыл азамат республикада халық шаруашылығының тұңғыш бесжылдық жоспары қабылдануына да бастамашы бола біліпті. Сондай-ақ ол ел аумағында ашылып жатқан Риддер және Қарсақбай секілді өндіріс орындарына ұлт жастарын тарту ниетімен сол зауыттардың жанынан екі айлық курстың ашылуына да қозғау салған. 

Отызыншы жылдары Қазақстанда Түрксіб темір жол құрылысы қарқын алғаны мәлім. Бұл игілікті істің бас­тауында РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов тұрғанымен, аталған істің басы-қасында тікелей жүрген, оған тікелей жетекшілік жасаған Ұ.Құлымбетов екенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. 

Өз халқының мақсат-мүддесін бірінші кезекке қоя білген Ұзақбай Құлымбетовтей тұлғалардың қызметінен алар тағлым мол. Осындай сабақтастықтың үзілмеуін көздей отырып, оны бүгінгі тәуелсіз ел ұрпақтарының бойына орнықтыра алсақ, бұдан ешкім де ұтылмас еді. Ақтөбе аймағында мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің есімін иеленген жаңа мектеп пен оның алдына қойылған еңселі ескерткіш осындай ойға қалдырады. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ