Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2017

«Нұр Отан» партиясының хатшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді

Сыр өңіріне сапары барысында Ғабидолла Рахметоллаұлы қала­ның сол жағалауында салынып жатқан құрылыс нысан­дары­ның жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Бұдан соң об­лыс­тық Мекемелер үйінде Елба­сы, «Нұр Отан» партиясының Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы бағытында жиын өткізді. Мәжіліске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің мем­лекеттік инспекторы Нұрлан Ті­лешеев, мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары және партия активі қатысты.

Жиынды «Нұр Отан» пар­тия­сының Қызылорда облыстық фи­лиалының төрағасы, аймақ бас­шысы Қырымбек Көшербаев жүр­гізіп отырды. Филиал төр­ағасы партияның сайлауалды тұ­ғыр­намасында көзделген міндеттер мен межелерді, мемлекеттік бағдар­ламалардың орындалуына «Нұр Отан» тарапынан қадағалау жайында сөз қозғады. Осыған сәйкес, өңірдегі атқарылған жұмыстардың жөн-жобасымен таныстыру үшін бірқатар басқарма басшылары мен аудандар әкімдеріне сөз берілді.

Облыста білім беру саласын қар­жыландыру жыл сайын артып келеді. «Өткен оқу жылында 13 мектеп­тің құрылысы жүр­гізі­ліп, пайда­лануға берілді. Ал биыл Арал, Қазалы, Қармақ­шы ау­дан­дар­­ын­­дағы 11 апаттық жағдай­да­ғы мек­­тептің құрылысы облыс­тық бюд­­жеттен, Жаңақорғанда 300 орын­­дық 2 мектеп «Нұрлы жол» бағ­­дар­ламасы бойынша қайта салын­ды», – деді облыстық Білім басқар­мас­ының басшысы Бақытжан Сай­лыбаев. 
Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Ақма­рал Әлназарова аймақтағы «Ден­сау­лық» бағдарламасы бойын­ша атқарылған жұмыстарға тоқталып, оның нәтижелерімен таныстырып, медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі жайында сөз қозғады.

Сондай-ақ Ақма­рал Шәріп­байқызы бірқатар проб­ле­малар­ға да тоқталды. «Медицина сала­сындағы мемлекеттік қызмет­шілерге, соның ішінде дәрігерлерге медициналық тәжірибеге тыйым салынған. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің біліктілігіне, уақыт өте келе кәсіби дағдыларын жо­ғалтуына алып келеді», – деді ол.
Мәжілісте Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абзал Мұхимов, Қар­мақшы ауданының әкімі Сұлтан Ма­қашов та баяндама жасады. Жиын соңында партия хатшы­сы Ғабидолла Әбдірахымов Қызыл­орда облысындағы оң өзгерістерге тоқ­талып, алдағы уақытта да қар­қынды жұмыс істей беруге тілек­тестігін білдірді.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА