«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының қатысуымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде ұлттық тасымалдаушының қызметі, 2008-2011 жылдардағы өндірістік-қаржылық көрсеткіштер және 2012 жылға арналған тарифті бекіту жөніндегі тапсырыс бойынша тұтынушылар мен мүдделі мекемелер алдында қоғамдық тыңдау өткізілді.
Осында айтылғандай, темір жолдың табиғи монополиялық қызмет түріне магистралдық желінің қызметі, кірме жолдар, электр және жылу қуаттарын бөлу және тарату қызметтері кіреді. Сонымен бірге ол 2012 жылғы желтоқсанның 1-інен бастап темір жолдағы магистралдық желінің қызметін 10 пайызға, жалпы, темір жол тарифін 15 пайызға көтеру жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті.
2012 жылға арналған бағдарламада жолдың жоғарғы қабатын жаңғырту, құрылыс, инфрақұрылымды жаңғырту мен қайта жарақтандыру, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін көтеру, Достық стансасын одан әрі дамыту сынды өзге де шаралар қарастырылады.
Компания магистралдық желінің тарифін көтеру арқылы 600 шақырым жолды жөндеу, 2699 жүк вагондарын, 134 локомотив алу, Қостанай – Железорудный темір жол телімінің 46 шақырымын электрлендіруге мүмкіндік алмақ.
«Қазақстан темір жолы» АҚ 2008-2011 жылдары тарифті өсіру және қаржы тарту арқылы 2050 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіп, 12109 жүк вагоны, 134 локомотив сатып алған. 47 локомотив қайта жаңғыртылған. Магистралдық желі нысандары жаңғыртылып, Достық стансасы дамытылған.
2012 жылы компания қызмет көрсету аясын кеңейте түспек. Оның ішінде жүк айналымы 2012 жылы 221 145 миллион тонна шақырым метрге жеткізіліп, 2011 жылғы көрсеткіштен 2,5 пайызға жоғары болады деп күтілуде.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.