06 Ақпан, 2010

ҚИЫНДЫҚТАН “ЖОЛ КАРТАСЫ” ҚҰТҚАРДЫ

1212 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінің тұрғын­да­рын орталық көше бойындағы жылу жүйесі мен су құбыр­лары­ның талай жылдан бері жөндеу көрмей келгені қинайтын. Әбден тозығы жеткен құбырлар ілдал­далап әйтеуір жамап-жасқаумен пайдаға жарап жүрді. Қалай жөн­деп, іске қосар екенбіз деп жергілікті әкім-қаралардың да басы қатты. Жөндеу көрмеген құ­быр­лар қыс ортасы қақаған аязда жарылып, әуре-сарсаңға салатын. Өндірісті кентте 2200 пәтерден тұратын 60-қа жуық көп қабатты тұрғын үй бар. Ол пәтерлерге жылу да, су да ауадай қажет екені белгілі. Арыз-шағымдардың дені осы үйлерде тұратын, өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшылардан түсетін. Аудан бюджетінің де ескі жылу жүйесін қайта қопарып жөндеп шығуға ұзақ жылдар бойы шамасы жетпеді. Жылудың Екібастұз қаласынан және жергілікті кен байыту комбинатынан жеткізілетінін де айта кеткен жөн. Ол жақтан келетін желінің ұзындығы 40 шақырымдай, оның өзіне де күрделі жөндеу қажет болған еді. “Егемен Қазақстанның” Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай Майқайың кентінің әкімі Орда Ермекбаевқа: – Сіз бұған не дейсіз? – Біздің Майқайың кентін талай жылғы мұндай қиындық­тан Елбасы бастамасымен жү­зе­ге асқан “Жол картасы” мем­ле­кеттік бағдарламасы алып шық­ты. Кенттегі жылу жүйесінің апатты жағдайы сонау 90-жыл­дардан бері айтылып келді. Жылда қиын жағдайға тап болу­шы едік. Бүгінде тұрғындар үшін қуанышты күн де келіп жетті. Облыс орталығындағы Бейбіт Рамазанов басқаратын “Строй-ПВ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 67 миллион теңгеге ескі құбырлардың үш шақырымын ауыстырып берді. Жалпы, осы бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға кент бойынша 114 миллион тең­ге бөлінді. Соған сәйкес мектеп, емхана және тұрғын үйлердің жылу жүйелерін, су құбырларын жөндеп алдық. Үй жылынды. Су келіп тұр. Көзіміз ашылды. Кент тұр­ғындары, мектеп, емхана ұжым­дары бұрынғыдай енді қыс көзі қыраудан қорықпайтын бол­ды. Су да, жылу да бар. Жер­гілік­ті жұмыссыз тұрғын­дар да жұ­мыспен қамтамасыз еті­ліп, айына 40-50 мың тең­геден ақша тапты. Учаскелік емхана ғимараты да облыстық денсаулық сақтау бас­қармасынан 13 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу­ден өтті. Мәселен, кент шетін­дегі Гагарин, Кенжебаев, Гоголь атындағы шеткері көшелерге биыл алғаш рет құбыр арқылы үйді-үйге су жеткізілді. Енді кент ішіне түгелдей су құбыр­лары тартыла­ды. Үйге келіп үлгерген ауыз су­дың бағасы қым­бат емес – текше метріне 50 теңге. “Жол картасы” бағ­дарламасы арқылы ендігі жылдары кент ішіндегі барлық жолдар да жөнделетін болады. Павлодар облысы. “ӘП-ӘДЕМІ ӘН ЕДІ...” Биылдан бастап еліміздегі денсау­лық сақтау жүйесін заман талабына сай үйлестіру мақсатында “Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі” енгізіліп отыр. Бұл Син­гапур мем­лекетінің іс-тәжірибесі негізінде жасалған жұмыс көрінеді. Басты мақсат – дәрігерлердің арасын­дағы жемқорлықты болдыр­мау, салаға бөлінген миллиардтаған қаржыны тиімді қадағалау, емдеу мекемелері мен дәрігерлер арасындағы бәсеке­лестікті дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, тағы басқа тиімді­ліктерге қол жеткізу. Бұрын квота алу мәселесі біраз қиындықтар туғы­зып келсе, ендігі жерде бұл өз орайы­мен шешіліп отырады. Бір сөзбен айтқан­да, қарапайым адам медициналық қызметті тиімді пайда­лануға қол жет­кізбек. Тек қана мем­лекеттік меке­мелер емес, жеке секторлар да бұл іске тікелей қатыса алады. Шұғыл жағдайларда шақы­рыл­ған жедел жәр­дем науқастарды кезекші клини­каларға жеткізеді. Ал оларға кететін шығынды министрлік төлейді. Осыған қарағанда, мұның бәрі адам денсаулығына кеткен нақты шығынға төленетін ақыны анықтау болып отырғаны белгілі. Ал қандай емханаға барып емделу мәселесін тұрғындар өздері шешеді. Азаматтығың болса, тіркелген жерің талап етілмейді. Бұл көшіп жүрген жұрт үшін өте тиімді. Жүйенің талабы бойынша, өткен айдың ішінде әркім өзі таңдаған емханасына тіркелуі тиіс еді. Бірақ осы еркіндіктің орындалуы қазір әр алуан пікірге арқау болып отыр. Соның ең бастысы, тұрғындар жақсы деген үлкен клиникалық емханаларға ұмтылуы дер едік. Дегенмен, сол емхана үміткерлердің бәріне бірдей қызмет көрсете ала ма? Құрал-жабдықтар, мамандар жеткілік­ті ме? Бұған қоса, жақсы деп алыс­тағы емханаларға тіркелген азаматтар бөлімше дәрігерлерін үйіне шақырған кезде дер кезінде қаланың о шеті мен бұ шетіне жаяу-жалпы жүрсе, дер кезінде жете ала ма? Қазір осындай мәселелер медицина қызметкерлерін де, халықты да қатты толғандыру үстінде. Және бір айтарымыз, еліміз­дің барлық аймақтарындағы жұрт Алматы мен Астанадағы іргелі орта­лықтарда ем қабылдауға ұмтылары анық. Бірақ олардың барып-келуі қалай ұйымдастырылады? Егер жүйе желісінде жұрттың әрі-бері сабы­луына жол бермейтін аймақтық ем­ханалар ұйымдастыру жағы қарас­тырылса, жөн болар еді. Тағы бір ай­тарымыз, бұл жүйе қияндағы ауыл­дар­да қалай іске асып жатыр? Шыны керек, әлемдік деңгейдегі озық тәжірибеге жүгіну алдындағы дайындық барлық өңірде жүрмегені қазір көріне бастады. Жұртшылықтың көбі күні бүгінге дейін жүйе туралы хабарсыз екендерін, тіркелу-тіркелмеу мәселесін әлі анықтамағанын аңғар­тып отыр. Ал тіркелу биылғы ақпан­ның 1-іне дейін ғана дедік. Ал одан арғы жағдай қалай өрістейді? Дер кезінде тізімге кірмеген азаматтар тағы да әуре-сарсаңға түсіп жүрмей ме? Қалай десек те халықтың денсаулығын жақсарту жөніндегі әдемі идея күні ертең атам қазақтан қалған аталы сөз “Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының” кебін киіп жүрмей ме? Бұлай деуімізге себеп, осы уақытқа дейін қанша реформа жүргізілді. Соның нәтижесі не берді, ол ескертілді ме? Ертең реформа үшін болып қалмай ма? Сондықтан да бұл жүйенің аясын тек қана қалаларда ғана әңгіме арқауына айналдыра бермей, бүкіл ел көлемінде қалай атқарып жатыр, әсіресе ауыл тыс қалып қойған жоқ па дегенге мән берсек, жақсы бастама өміршең болмақ. Иә, бәсеке халықтың әр іске көзі жетіп, түгел қатысқанда орын­далатынын естен шығармасақ екен.