11 Қараша, 2011

Тұманды Альбионда топ жарсақ жарар еді

381 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жақында Семей қаласында Қа­зақстанның еңбек сіңірген жат­­тықтырушысы Болат Тұрлы­­­­қа­­нов мемориалының аясында грек-рим күресінен ҚР кубогы болып өтті. Бұл дүбірлі жарыс осымен 17-ші рет өтіп отыр. Лондон Олим­пиа­дасы алдын­да­ғы маңызды жа­рысты Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов ашып: Халқы­мыз­дың даңқты ба­луаны Дәулет Тұр­лықановты тәр­биелеп, баптаған Болат ағаны еске алуға арналған ел кубогы жарысы жыл сайын тартысты өтеді. Бұл жолы да кілең сен тұр, мен атайын дейтін саңлақтар жи­налып отыр. Жа­рыс­қа қатысып отырған 149 балуан­ның бәрі мық­­­ты. Ендеше сіздерге сәттілік тілеймін. Лон­дон Олим­пиа­дасы иек астын­да, қазақ елінің көк байрағын асқақтата бері­ңіз­дер – деді. – Ерке Ертістің бойындағы қос қала Өскемен мен Семейдің экономикасы қатар дамып келеді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен талай игі шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – кешеден бері Семейде «Туған елге – тағзым» акциясы бойынша өтіп жатқан мәдени шара күндері. Екі күн бойы Семейді ән мен күйге бөледік. Ауыл шаруа­шы­лы­ғы жәрмеңкесі өтуде. Ал мынадай дүбірлі жа­рыс­ты тамашалаудан қалай тыс қалайық? Дәулет ініміздің әкесі Болат ағаны жақсы білеміз, кезінде ол кісі де сан рет ел біріншілігінде топ жарған. Ендеше жас ұрпақтың алатын өнегесі де аз емес, – деп ағынан жарылды Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев. Бұдан кейін Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Болатұлы сөз алып, ку­бок­ты сарапқа салушы балуандарға сәттілік тіледі. Грек-рим күресінің балуандары қазір Олимпиада ойындарының үш жолдамасына ие. Ал еркін күрес, қыздар күресі бойынша балуандар тағы алты жолдаманы жеңіп алған. Келер жылы көк­темде Астанада лицензия беретін Азия халық­ара­лық жары­сы өтпек. Сол дүбірлі бәсекеде тағы 9 лицензияны иеленсек, асығымыз алшысынан тү­седі, – деді Дәу­лет Тұрлықанов. Бұдан кейін ол бап­кер А.Қа­сым­жановқа ҚР еңбек сіңірген жат­тықтырушысы ата­ғын табыс етті. Ал Жақ­сылық Үшкем­піров өзі­нің тұңғыш бапкері Ром Ильматовқа ата салтымен шапан жауып, сый-сияпат жасады. Семей қаласының өнерпаздары акробатикадан өнер көрсетіп, ұлттық нақышта би билеп, әннен шашу шашқан соң жарыс басталып кетті. Ойды ой қозғайды. Баку қаласында өткен Әлем біріншілігінде грек-рим күресі балуандары бірнеше медальді иеленді. Алайда 1996 жылы Атланта Олимпиадасынан кейін балуандарымыз алтын алқаны түстерінде ғана көретін болды. Сол жолы тек Ю.Мельниченко алтынға қол жеткізген. Ендеше Лондонда сол кемшіліктің орнын толтыра аламыз ба? Мемлекеттік жаттықтырушы Жаңаберген Қар­мандаевтың айтуынша, бұл жолы кубок жары­сында жастар жарқырап көрінуі тиіс. Ақтөбелік Асхат Құдайбергенов, оңтүстікқазақстандық Марат Кәрішалов, алматылық Алқадыл Өзтиев, аста­на­лық Елдар Қайратов, тағы басқалар бабында кө­рі­неді. Күні ертең олар тұманды Альбионда топ жа­рып жатса, тақияға тар болмас еді. Расында да, ақ­тық сайыста белдескен Марат Кәрішалов пен Жақ­сы­лық Айтбаевтың тактикалық шеберлігі мен әдісі тең болды десек, қателеспейміз. Алайда Марат сәл басымдық танытып, жеңіске жетті. Ал 66 кило сал­мақ­та Елдар Қайратов (Астана) Алматы облы­сы­ның өкілі белгілі балуан Дархан Баяхметовтен бір ұпай ғана басым түсіп, чемпиондық атақты қағып кетті. Дархан қызуқандылық таныт­қанымен соңы­нан са­бырға түсіп, жеңілгенін мойындады. Бұдан кейін өз салмақ дәрежелерінде Е.Қоңыратов, М.Өз­ти­ев, А.Дінмұхамедов тәрізді балуандар жеңімпаз атанды. Командалық есепте бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының балуандары иеленді. Қос­танай және Алматы облыстарының балуандары екінші, үшінші орындарға табан тіреді. Кубок жарысынан байқағанымыз, бір кездері Шығыстың жігіттері топ жаратын. Осы жолы төртінші ор­ын­ға әрең ілікті. Мойындау керек, Асқар Можанов об­лыстық дене тәрбиесі және туризм басқар­ма­сына жетекшілік еткен тұста талай талантты балуандар, тіпті басқа спорт түрлері мамандары мен талантты тарландар күнкөріс қамымен басқа өңірлерге ауысып кетті. Бұл кемшіліктің орнын басқарманың жаңа бастығы Марат Сүлейменов толтырады деген ойдамыз. Оған Мараттың шеберлігі мен біліктілігі жетеді. – Шынында да, көптеген спортшылар басқа жақ­қа түрлі себептермен ауысып кеткен. Айбек Еңсеханов, Досжан Картиков, Әсет Мәмбетов, Ма­рид Муталимов, Дархан Баяхметов секілді жер­лестеріміз басқа облыстардың намысын қор­ғап жүр. Талантты спортшыларды кері қайтарып алып жағдайларын жақсартуға тырысудамыз. Ал біздің Олимпиада үмітіміз үш рет қарғып секіруден әлем чемпионы Ольга Рыпаковадан, ауыр атлетикада Дмитрий Каплиннен, Лондонда алтын алқа кү­те­міз. Басқа саңлақтар да оған үлес қосады деген үміт­теміз, – дейді облыстық дене тәрбиесі және туризм басқармасының бастығы Марат Сүлейменов. Діттеген межеден шықтық деп ойлаймыз. Үміт күткен жастар сенімді ақтады. Нұрмахан Тіналиев Мәскеуде атақты балуандармен бірге Лондон Олим­пиадасына арнайы жаттығуда. Оларды бұл жарысқа қатыстырмадық. Келер жылы көктемде Астанада өтетін халықаралық жарыста тағы 9 лицензияны жеңіп алсақ, ұтарымыз анық, – дейді атақты балуан Дәулет Тұрлықанов. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Семей. –––––––––––– Суретте: марапаттау.