Тарих • 14 Желтоқсан, 2017

Ордабасы – Тәуелсіздікпен тамырлас тарихи орын

1879 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкенттен Түркістанға барар жолда немесе батыстан оңтүстікке келер бетте алыстан менмұндалап тұратын осынау төбенің ел тарихында алар орны ерекше. Жасыратыны жоқ, кеңестік дәуірде елеусіздеу қалған да болатын. Яғни Ордабасы Тәуелсіздік жылдары мән-маңызы айшықтала, айқындала, арта түскен, жадыда жаңғырған тарихи орын. Қазақ хандығы дәуiрiнде аса маңызды мемлекеттiк мәселелер халық өкiлдерiнiң жиындарында шешiлiп отырғаны мәлім. 

Ордабасы – Тәуелсіздікпен тамырлас тарихи орын

Олардың бiзге жеткен ең жарқын үлгiлерiнiң бiрi – 1726 жылғы Орда­ба­сы биiгiндегi қазақтың үш жүзiнiң өкiлдерiнiң бас қосуы. Бұл аса жоғары дәрежедегi өкiлдi жиын болған-тын. Жиында қазақтар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен бiрлiктiң асқан үлгiсiн көрсетiп, бас сардарын сайлап алып, жоңғар басқыншыларынан жерiмiздi азат етудiң негiзi қаланғаны мәлім. Бұл бұған дейiн де бас қосып келген – Дала Парламентiнiң ерекше бiр көрiнiсi еді. 

Иә, осы бір тарихи мәні зор Орда­ба­сы жерінде 1993 жылы үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Пре­зиденттерімен бірге 150 мың адам­нан құралған 20 елдің делегация­сы қатысқан басқосу нағыз  бірлікке үн­деген маңызды, тарихи оқиға болды. Айта кетерлігі, алдағы жылы бұл датаға 25 жыл толады. Аталмыш жиында Елбасы Н.Назарбаев «Береке басы – бірлік» деген баяндама жасады. Баяндамада ел болуды көксеген ұлы арман-мақсат, мүдделер айтылды. Баспасөздер сол күндері жиында айтылған «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген Әбіш Кекілбаевтың,  «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деп өз ойын тұжырымдаған Мархабат Байғұттың сөздерін жария етіп жатты. Ассамблея құру туралы идеясын да 1993 жылы Елбасы Ордабасыда айтты. Сол идеялар бүгінде жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп келеді. Сондай-ақ Ата заңымыздың 15 жылдық мерейтой­ында Мемлекет басшысы хал­­қымыздың бас қосып, Дала Пар­ла­ментін жасаған  киелі орындарды да тілге тиек етіп, еңселі елдіктің іргесін бе­кіт­кен жерлерді ұмытпау қажеттігін айтты. «Конституция – біздің арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары! Ол – елдігіміздің алтын ар­қауы, толағай табыстарымыздың бас­тау қайнары! Қастерлі тарихымыз­да түр­лі ел билеу жосықтары болған. Ата­лы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлы­тауда, Мәртөбе мен Күл­төбе­де ке­лелі кеңес құрған. Заңды бас­шы­лық­қа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», деді Елбасы Н. Назарбаев.

Еңселі елдіктің іргесін бекіткен жер бүгінде қайта жаңғырып, абаттана түспек. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасыға арнайы барып, тиісті сала жетекшілерімен жаңа жо­баның нобайын талқылады. Ұсы­ныс­тарды тыңдап, өз ойын ортаға салды. «Ордабасы тауы – халық келіп ру­ха­ни тынығатын, рух жинайтын, ойын тазартатын орын болуы керек. Са­лынуға тиісті ескерткіш  те еңселі болуы қажет. Сонымен қатар ашық аспан астындағы амфитеатр болуы тиіс. Келуші туристерге де жағдай жасап, арнайы естелік сыйлықтар сататын дүкендердің ашылғаны жөн. Болашақта халықтың мұнда кең даланы тамашалап, таза ауамен тыныстап, демалып қайтқаны дұрыс болар еді. Халқымыздың жаратылысында кең дала ерекше маңызға ие екендігін білесіздер. Сондықтан да осындай да­ла­ға және биіктікке шыққанда жанымыз айрықша жігерленіп, руxтанып ке­теді. Бұл ұлтымыздың ерекшелеу бол­мысын қайта түлету үшін қасиетті Ор­дабасы тауын осындай руx алатын орынға айналдырғанымыз абзал», 
деді Жансейіт Қансейітұлы.  Сон­дай-ақ өңір басшысы 1 мың гектар ау­мақты алып жатқан қастерлі жердің кіреберісіне жол мен демалыс орындары, дәмханалар салынатынын атап өтті. Өткеннен мағлұмат беретін музей салу да жоспарда бар. Ел үшін маңызы зор тарихи сәттерді еске түсі­ре­тін архитектуралық мүсіндер орна­тыл­мақ­шы.  Яғни Ордабасы тауы өңір­де­гі ірі туристік әрі рухани орынға ай­на­лады. Бұл игі істердің барлығы Ел­басы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағ­дар: ру­хани жаңғыру» мақаласында ай­тыл­ған міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылатын болады.

Айта кетелік,  Мемлекет басшы­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласына орай өңір­лік комиссия құрылып, «Қазақ­с­-
тан­ның киелі жерлері», «Қазіргі за­манғы Қазақстандық мәдениет жа­һан­­дық әлемде»  іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Нәтижесінде өңірлік карта жобасы дайындалып, «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына  облысымыздан 104 нысан ұсынылды.  Қазіргі таңда республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 23 нысан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жер­гілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген. Облыс­тық мәдениет басқармасының мәлі­ме­тіне жүгінсек, Шымкент қаласын­да­ғы жергілікті маңызы бар Қаратөбе қала­шығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге, археологиялық қаз­ба жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге, Оба патшалық қорымына ар­хеологиялық қазба жұмыстарын жүр­гізуге  24 млн теңге, Қазығұрт тау­ын тарихи-мәдени орталыққа ай­нал­дыруға 1 млрд 513 млн теңге, Ор­дабасы тауына 1 млрд 200 млн тең­ге қар­жы қарастыру жоспарланып отыр. Бұ­дан бөлек, алдағы жылы Сай­рам ау­данындағы  «Ханқорған» қала­шы­ғына археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жүргізуге 31 млн, 436 мың тең­ге бөлінбек. Биылғы жылға Шы­м­кенттегі  ескі қала орнының аума­ғын­да археологиялық  парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру үшін  жобалық-сметалық құжаттама дайындауға және археологиялық жұ­мыстар жүргізуге қалалық бюджет­тен  100 млн теңге бөлініп, тиісті жұ­мыс­­тар атқарылуда. Сондай-ақ биыл жер­гілікті бюджет есебінен 38 млн 500 мың теңгеге, – ал кәсіпкерлердің есе­­бінен 219 млн 84 мың теңгеге об­лыс­тағы сәулет ескерткіштеріне жөн­деу жұмыстары, абаттандыру, көгал­дан­дыру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»