Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қағидасын берік ұстанатын Шымкент қаласындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі әрбір жылды тәрбие тақырыбына арнап, түрлі іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Атап айтсақ, колледжде 2014 жылды «Мәдениет жылы» деп жариялап, соның шеңберінде көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды. Тарихты тереңнен тану, өткенімізді зерделеп, ұрпақтың санасына сіңіру қашанда маңызын жоймаған мәселе. «Өз тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр» тақырыбында Елбасы бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту идеясына сай, 2015 жыл колледжде «Тарих жылы» болып жарияланды. Бұл жылы да тақырыпқа сай маңызды шаралар, аймақтық конференция, шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Жастарға эстетикалық, әсемдік, рухани құндылықтарды ақын-жазушылардың шығармалары арқылы тәрбие бере отырып, елдікті, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге, туған елін, тілін, әдебиеті мен мәдениетін сүюге, оларды кітап оқуға, көркемсөз өнеріне баулу мақсатында және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 2016 жыл колледжде «Кітап жылы» болып жарияланды. Алғашқы іс-шара М.Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын ұжымдық талқылаудан бастау алды. «Кітап жылында» Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орайластырып, колледж ұжымының үйлестіруімен 25 мәдени іс-шара өтті.
Ал, биылғы жылдағы іс-шаралар рухани жаңғырумен тікелей байланыстырылып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Ұлттық жадыны жаңғырту рухани құлдықтан арылуға бастайды. Бұл бағытта Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді латын графикасына көшіруді Жарлықпен бекітуі Тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Бұл қазақ тілінің әлемдік өркениет кеңістігіне шығуына, жаңа геосаяси жағдайдағы оның қолданылу аясын кеңейтуге және ғылыми-техникалық прогресте жетістіктерге жетуге үлкен мүмкіндіктер беретініне сенімдіміз.
Президент: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», деп рухани жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктерін атап көрсетті. Елбасының рухани жаңғыруға, білім-ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік, ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл ретте Тұңғыш Президентіміз тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағытын белгілеп берді. Олардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат.
Қанатбек ДОСАЛИЕВ,
Жоғары жаңа технологиялар
колледжінің директоры
Оңтүстік Қазақстан облысы