Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық

10044 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көк Туы көкте желбіреп, Әнұраны әлемді шарлай әуелеп, Елтаңбасы елдіктің айшықты белгісіне айналған Қазақстанның Тәуелсіздігі осыдан 26 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланғаны белгілі. 

Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық

Осы тарихи мәні зор оқиға егемен еліміздің жұлдызын жарқыратып, абыройын асырды, мерейімізді тасытты. Ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздікті жариялаған Президент Н.Назарбаев бастаған ел-жұртымыз Мәңгілік ел болудың басты алғышарттарын түзіп, жасампаздық жолына, дамудың даңғылына түсті.

Ата Заңымыздың қабылдануы, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесінің пайда болуы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, шекарамыздың шегенделуі, экономикамыздың дамуы, төл теңгеміздің қолданысқа енгізілуі, шетте жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуы, дініміз бен тіліміздің тынысы ашылып, рухани құндылықтарымыздың қайта жандануы халқымыздың келешекке деген сенімін оятып, үлкен серпіліс тудырды. Мұның барлығы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның іргелі ел, айбынды мемлекет болып қалыптасқанын ұқтырады.

Сонымен бірге ел орталығының Арқаға көшіріліп, жаңа Астананың өз сәнімен бой түзеуі, оның қысқа уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастық жүгінетін саяси беделді алаңға айналып, еліміздің басты бренді ретінде танылуы барша қазақстандықтардың мақтаныш сезімін оятып, мәртебесін асырды.
Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген салиқалы саясаттың арқасында Қазақстан бейбітшілікті сақтаудың, ішкі бірлікті нығайтудың жарқын үлгісін, әлем елдерімен сыйластыққа негізделген айшықты қатынастардың дара жолын қалыптастырды. Осы орайда Елбасының бастамалары негізінде Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті нығайту саласында көшбасшы ел ретінде танылып, бейбітшіліктен өзге тілегі жоқ әлем жұртшылығының алғысына бөленгенін айрықша атап өткеніміз орынды. Сондай-ақ еліміздің бітімгерлік бағытындағы бастамаларын, саяси жанжалдар мен қарулы қақтығыстар өршіген өңірлердегі ахуалды реттеудегі рөлін, ықтимал кикілжіңдердің алдын алудағы батыл әрі сауатты іс-қимылдарын халықаралық қоғамдастық мойындап, өздерінің жоғары бағасын беруде. Қазақстанның сыртқы саясаттағы жемісті іс-әрекеттері еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайлануына басты алғышарт болғанын да айта кеткеніміз жөн. 

Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктері халықаралық беделді ұйым­дардың шеңберіндегі іс-қимылдарынан анық көрінеді. Еліміздің БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО, ҰҚШҰ тәрізді халықаралық және аймақтық ұйымдардың белсенді қатысушысы ретінде олардың жұмысына өз бастамаларымен серпін беріп келе жатқаны ауыз толтырып айтатын жайт. Бұлардың соңғы үшеуі Қазақстанның бастамасымен және қатысуымен құрылғаны белгілі. 

Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, осы жылы оның саммиті Астанада табысты өткізілгені баршаға аян. 2011-2012 жылдары еліміздің ИЫҰ-ға төрағалық еткені де тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Біздің еліміздің ТМД-ға алғашқы болып ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада жоғары деңгейде ұйымдастырғанын да тәуелсіздік жылдарындағы табыстарымыздың ең бастыларының бірі десек қателеспейміз.

Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын еліміздің әлем картасында лайықты бел­гіленбегені мәлім. Яғни әлемге белгі­сіз, жабық болып келген Қазақстан тәуел­сіздік жылдарында өзінің сыртқы саясат­тағы қадамдарымен ғана емес, эконо­ми­калық табыстарымен де кеңінен танылды. 

Бұл орайда Қазақстанның бәсекеге қабілеті жоғары, дамыған 50 елдің қатарына қосылғанын мақтанышпен айтуымыз керек. Осындай дамыған мемлекеттердің сапынан көрінуімізге ел экономикасының ұдайы өсу үстінде болғаны, кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілгені, сыртқы және ішкі инвесторлар үшін тиімді жағдайлар жасалғаны, ел дәулетін еселеуге аса қажет адами капиталды дамыту ісінің жолға қойылғаны мүмкіндік берді. Сонымен қатар коммуникация, өндіріс орындарының дамуы, автомобиль жолдары мен темір жолдардың көптеп салынуы, ауыл шаруашылығы сынды басқа да тиімді салаларға баса назар аударылуы экономикамыздың өркендеуіне серпін берді. Мұның барлығы «Нұрлы жол» бағдарламасы сынды мемлекеттік ауқымды жобаларды тиімді іске асырудың арқасында мүмкін болды. Бүгінге дейін еліміздің экономикасына 260 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Бұл әлемдік деңгейдегі бизнес-қауымдастықтың Қазақстанға зор сеніммен қарайтынын айғақтайды. 

Жоғарыда келтірілген барлық мысалдар айналып келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздықты қысқартуға, ел тұрғындарына қажетті әлеуметтік заманауи нысандардың көптеп салынуына, жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатар лайықты шаралардың қабылдануына кеңінен жол ашты. Әсіресе ауылдарды қолдауға арналған арнайы бағдарламаның жүзеге асырылуы оң нәтижесін көрсетті. 

Бүгінгі Қазақстанның барлық жетістіктері ел ынтымағының, түрлі этностардың ауызбіршілікте болуының нәтижесі екені анық. Ел бірлігін нығайту мемлекеттің саяси басымдықтарының бірі болғандықтан, бұл бағытта қолға алынған шаралар өзінің ауқымдылығымен ерекшеленуде. Осы орайда Елбасы бастамасымен, жұртшылықтың қолдауымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Еліміздегі барлық этностардың басын біріктіріп отырған бұл инс­ти­тут­тың қызметіне бүгінде әлемнің көп­теген мемлекеттері қызығушылық біл­діруде.

Еліміздің мәдени-рухани өміріне қатысты іске асырылған шаруаларды айтпай кетуге болмайды. Осы арада «Мәдени мұра» жобасы аясында атқарылған шараларды, Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығының тойлануын, соңғы кездері қоғамымызда ерек­ше серпіліс тудырған «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасынан туындайтын міндет­тердің күн тәртібіне шығарылуын және тағы басқа да ауқымды жұмыстарды атап көрсеткен абзал. 

Тәуелсіздік жылдарында атқарылған, көңілге айрықша әсер ететін игілікті істің бірі ретінде Елбасының шеттегі қандастарымызды атамекенге риясыз пейілмен шақырғанын айтуға болады. Нәтижесінде бүгінге дейін шартараптан миллионнан астам қандасымыз өз атажұртына оралды. Бұл көш әлі де жалғасын тауып келеді. 

Егемен еліміз жастарды қолдау ісінде кең ауқымды шаралар қабылдады. Басқасын айтпағанда, бір ғана «Бо­ла­шақ» бағдарламасы арқылы ел жас­тарының әлемнің ең белді оқу орындарында оқуына жағдай жасалып, оларға қаржылай лайықты көмек көрсетілді. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша білім алған жастардың саны 12 мыңнан асып отыр. Олар интеллектуалды қоғам орнатудың жолын таңдаған жастардың қатарын толықтыра түсуде. 
Елімізде мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қам­та­масыз ету, индустрияландыру және эко­номикалық өсімге қол жеткізу, біртектілік пен бірлік қағидаттарына қатысты міндеттерді жүзеге асыру қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген бағыттар тиімді түрде қолға алынып, оның игілігін халық көріп отыр. Ұлт жоспары халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Бүкіл мемлекеттік қыз­мет­терді тұрғындарға электронды фор­матта ұсыну қолға алынуда. Бұл қазір­дің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Аталған бағыттағы шаралар «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы шең­берінде одан әрі дамытыла бермек.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздікке тәу еткен халқымыз өз Отаны – Қазақ­стан­ның өркендеу кезеңіне куә болуда. Ендеше 2050 жылға дейін әлемнің ең да­мыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен Отанымыздың қарышты қадамына сәттілік тілегеннен өзге ниеті жоқ халқымыздың аспаны ашық, тірлігі баянды, мерейі үстем болғай!

«Егемен Қазақстан»