Кеше Парламент Мәжілісінде баспасөз мәслихаты болып, онда депутаттар Нұртай Сабильянов пен Виктор Рогалев бір топ депутаттардың Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың атына жасаған үндеуін жариялады.
Үндеуде сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің себептері айтылған. Бүгінгі күні қоғамда парламенттік сайлауды алдын-ала өткізу қажеттілігі жөніндегі мәселе қызу талқылануда. Қолданыстағы заңнама Парламент Мәжілісі депутаттары Мемлекет басшысының атына Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату туралы үндеу жолдауына мүмкіндік береді. Қоғамдық пікірді ескеріп әрі алдын-ала сайлау өткізуді негіздейтін бірқатар дәйектерді басшылыққа ала отырып, біз төмендегі себептерге байланысты Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын мерзімінен бұрын өткізуді қалаймыз, делінген үндеуде. Одан әрі үндеуді оқыған депутат Н.Сабильянов келтірілген себептерді ежелеп көрсетті.
Біріншіден, деді ол, алдымыздағы жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны болады деп күтілуде. Оның сипаты мен ауқымын болжап білу қиын әрі ол Қазақстан экономикасына да теріс әсерін тигізуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстанда сайлау циклін әлемдік экономикалық дағдарыс басталғанға дейін жедел өткізу маңызды. Ол бүкіл мемлекеттік органдардың, Үкімет пен Парламенттің сайлау өткізуге алаңдамай, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға жаппай жұмылуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, қазіргі әлемді тұрақсыздық жайлап барады. Еуропаның өзінде осы уақытқа дейін тұрақтылығы берік болып келген тұтас мемлекеттер айтарлықтай экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Бізде ұстанған бағыттың дұрыстығының арқасында ғана экономиканың тұрақты даму қарқыны сақталуда және әлеуметтік жаңғыру жүзеге асуда. Сайлау циклдарын жедел өткізу осынау үрдісті сақтауға, жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын жалғастыруға мүмкіндік бере отырып, даму тенденциясының сақталуын одан әрі қамтамасыз ететін болады.
Үшіншіден, Қазақстан 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл ел дамуындағы маңызды белес. Келесі жылы Қазақстан өз дамуының нақты жаңа кезеңіне қадам басады. Сондықтан оны жаңа, жаңартылған Үкіметпен және Парламентпен бастаудың символдық мәні зор.
Төртіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлау қорытындысына қарамастан келесі Мәжіліс кемінде екі саяси партиядан жасақталады. Осыған байланысты көппартиялы Парламентті жасақтауға мүмкіндік беретін демократиялық тетікті көп кешіктірмей іске асырған жөн. Бұл қадам Қазақстанның көппартиялық және саяси плюрализм идеяларына адалдығын білдіреді.
Бесіншіден, келесі жылы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізу мерзімі басталады. Оны үйлестіріп, бір мезгілде өткізген жөн. Бұл әлемдік дағдарыс жағдайында сайлау циклін ұзақ мерзімге созбауға жағдай туғызады. Оған қоса бұл шара сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жұмсалатын бюджет шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
ымды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Парламент алдында осы бағдарламаның іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің үлкен міндеттері тұр. Осыған байланысты жаңа депутаттық корпус жасақтау бұл міндетті орындау үшін маңызды.
Үндеудің қорытындысында депутаттар Елбасына осы айтқандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Парламентті Мәжілісінің төртінші шақырылымы мен мәслихаттарды тарату және Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгілеу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын шығару жөнінде ұсыныс жасайтындарын жария етті. Ал қалған әріптестерін үндеуді қолдауға шақырды. Мемлекет пен халықтың биік мұраттарын еске алып жасалғандықтан бұл шешім сайлаушыларымыз бен халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау табар деген сенімдеміз деп қорытты өздерінің сөздерін депутаттар.
Үндеуге 53 депутат қол қойыпты. Бірақ қалғандарының да қолдайтынына Н.Сабильянов пен В.Рогалев сенімді екендіктерін айтты. Журналистердің сұрақтарына берген жауаптарында олар тек үш-ақ күннің ішінде осынша қол жинағандарын жеткізді. Сонымен бірге қаралып үлгермеген заң жобалары тиісті заңға сәйкес Сенаттың қарауына өтетіндігі, бұл ұсыныс қолдау тапқан жағдайда сайлау өткенше Сенат Мәжілістің функцияларын орындайтындығы белгілі болды.
Жақсыбай САМРАТ.