Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2017

Құрық порты – транскас­пий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні

1201 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құрық ауылындағы паром кешені мен оны темір жол ма­гистралімен байланыстыратын «Боржақты-Ерсай» темір жол желісінің құры­лысы – осы өңірдің дамуына серпін берген, тұрғындардың үміті мен сенімін нығайтып, көңілге қуаныш ұялатқан нысандар.  

 

Құрық порты – транскас­пий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні

Үкімет қаулысымен бекі­тілген «Нұр­лы жол» инфра­құрылымды да­мытудың 2015-2019 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын бас­шы­лыққа алған жобада темір жол секторы мен логистиканы дамыту, сондай-ақ теңіз сауда флоты саласындағы та­би­ғатты қорғаудың озық тех­нологиялық шешімдерін қол­дана отырып, өте қысқа мер­зімде үлкен көлемде транзиттік және отандық жүктерді жылдам тасымалдауды қам­тамасыз ететін бәсекеге қабілетті паром флотын құру көзделген болатын. 2015 жылдың сәуір айында жобалық қуаты жылына 4,1 млн тонна жүк тасымалдауға негізделген, ал құны 30,6 млрд теңгені құрайтын Құрық па­ромдық кешені бірінші фа­засының құрылысы басталып кетті. Алдын ала үйлестірілген жоспарға сай, одан бір жыл бұрын басталған «Боржақты-Ерсай» темір жол желісінің құрылысы да осы жылы аяқ­талды. 

Жүк ағынын тұрақты қам­тамасыз ету үшін темір жол инфрақұрылымын дамыту қажеттігі белгілі. Жаңа «Бор­жақты-Ерсай» темір жол желісі ал­ғаш­қы бес жылдың ішінде жылына 8 млн тоннадан астам жүк тасымалын қамтамасыз етеді деп бол­жан­ған, себебі ол Құрық порты ауданындағы кеме жасау және кеме жөндеу зауыты, металл конструкцияларының зауыты сияқ­ты дамып келе жатқан өн­ді­рістерге көлік­тік қызмет көр­сетеді.

Құрық портындағы паром­дық кешен құрылысының бі­рінші кезеңінің тұсауы 2016 жылғы желтоқсанда Мем­лекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өт­кен тікелей телекөпірде ке­сіл­ген-ді. Теле­көпірде Ел­басы Құрық портының елі­міз­­дің жүктерін Кавказ бен Еуро­паға шығаруға мүмкіндік беретінін, ұзақ күт­кен жоба мемлекетіміздің дамуы үшін аса қажетті екенін айтып өткен бола­тын. Көп ұзамай Құрық портында паромға жүк вагондарын тиеу басталып, алғашқы жүк көлігі Бакуге аттанды. Жал­пы, паромға шамамен 52 вагон жүктеуге болады. Ва­гондар көпірден өтіп, лифт ар­қылы тиеледі. Барлығы 3 қабаттан тұратын паромның бір қа­батының сыйымдылығы – 14 вагон. Нәти­жесінде Каспий теңізінде порттар арқ­ылы жүктерді қайта тиеудің жалпы көлемі 2020 жылға қарай шамамен 25 млн тоннаны құрайтын болады, оның ішінде Құрық паромдық кешені 4 млн тоннаға дейін жүкті қайта тиеуді қам­тамасыз етпек. 

Паромдық кешеннің екінші кезеңі автомобиль кешенін жүзеге асыру болатын. Екінші кезең Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­­ты­­суымен өткен биылғы жалпы­ұлт­­тық телекөпірде іске қо­сыл­ды. Жобаның құны 97,7 млрд теңгені құрап, порттың қуа­ты жылына 7 млн тоннаға жет­ті. Қазіргі таңда Құрық пор­ты арқылы экспорттық және транзиттік жүктерді Транс­каспий дәлізімен әлемдік на­рық­қа шығару жоспарланып отыр. 

Каспий теңізі арқылы па­ром­­дық қыз­метті жүзеге асыру­ – экономикалық дамудың қозғаушы күштерінің бірі десек, теңіздегі Құрық порты – транскас­пий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні болып табылады. 2017 жылы Құрық портында 1 млн 350 мың тоннадан астам жүк тиелсе, жаңадан автокөлік паромының іске қосылуы порттағы жүк көлемін 2 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Құрық паром кешені темір жол мен авто­­көлік жолы арқылы келген жүкті жер­ге түсірместен, бір­ден кемеге тиеуге барынша қолайлы жағдай жасалған, заманауи теңіз инфрақұрылымы.
Құрық көп салалы паром кеше­ні­нен экспорттық бағдарға алғашқы қазақстандық және транзиттік жүк­терді жіберу де көп күттірген жоқ. Тә­уел­­сіздік мерекесі қарсаңында ке­дендік ресімдеуден өткізілген ал­ғаш­қы жүк тиелген 29 авто­көлік, бес автокөлік пен бір­ же­ңіл машина паромға тиел­ді. Тасымалданатын жүк құра­мында Қазақстанда және Ор­та­лық Азияда өсірілген ауыл­шаруашылық өнімдері мен құрылыс материалдары және басқа да тауарлар бар. 

– Компания Мемлекет бас­шы­сының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­да­уын­дағы тапсырмаларды орын­­дауын жалғастыруда. Жа­­ңа экспорттық-им­­порттық бағдар Кавказ, Түркия және Оңтүстік Еуропаға және кері қа­рай ба­ғыт­талады, – дейді «Қа­зақстан те­мір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыр­жан Орынбасаров.     

Еліміздің көліктік-транзит­тік әлеуе­тін дамытуды жүзеге асырып жатқан Жаңа Жібек жолының маңызды тізбегі болып саналатын паром ке­шені Иран, Әзербайжан секіл­ді көрші мемлекеттермен ха­лық тұтынатын тауарлар, жаб­дықтар, құрылыс материалдары және өзге де қажетті жүк­тердің тауар айна­лымын ұл­ғайтуға мүмкіндік береді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы