Медицина • 15 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес 

1014 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген аталы сөз бар. Ұлы күреспен келген тәуел­сіздік біз үшін қашан да қым­бат. Тәуелсіздік – азаттықты аңса­ған адам үшін қасиетті ұғым, қастер­лі сөз. Еркіндіктің қадірін бодан­дықта болған адам біледі емес пе? 

Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес 

Азат ойлы бүгінгі ұрпаққа тәуелсіз­дікті тойлаумен қатар оның болашағын ойлау жауап­кер­шілігі жүктеліп отыр. Тәуел­сіздігімізді баянды ете түсу үшін әрбір азаматқа саналы жауап­кершілік, парасаттылық, озық білім керек. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай, көзі ашық азаматтар жаңаша ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс. 

Қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», деген.

Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырлары­мыз ел-жұртқа пайда кел­тіретін білім іздесе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәде­ниетімізді көкейіне тоқып алса – тәуелсіздікке қосқан үлес осы болмақ.

Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», деп үш қай­тара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кеме­ліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқы­мыс­тылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез екенін ай­тып, парасатты пікірлерін жариялауда. 

Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжіри­бені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. 

Тәуелсіз елдің азаматтары үшін ауадай қажет мінездердің бірі – татулық пен бауырмашылдық. Алла тағала қасиетті Құранда: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған. 
«Тозған қазды топтанған қарға алады» демекші, бірлігіміз болмаса, болашағымыз бұлыңғыр. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Өмірдің берекесі де бірлікте.

Тәуелсіздік ынтымаққа ұйыс­қан елде ғана баянды болады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», деген нақыл сөздің ас­тарында мол мағына жатыр. Ынтымағы бар елдің ырысы мен берекесі де мол.

Бүгінгі мұсылман үмбеті, еліміздің кез келген азаматы қандай жағдай болмасын ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қоюы қажет. Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес. 

Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламдағы төрт мәзһабтың ішінде халқымыздың табиғатына, ұлт­тық болмысына, салт-дәстүріне ең жақын дәстүрлі діни жолымыз – имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстануға үндейді. Исламда бір мәзһабта болудың хикметі көп. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды. 

Алла тағала жаны жайсаң, дархан жұртымызды бірлігінен айырмасын.

Серікбай қажы ОРАЗ, 
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти