Тәуелсіздік сарайында Көлік және коммуникация министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан көлік күндері ашылды. Осы шара аясында көлік және коммуникация саласына арналған халықаралық көрме ұйымдастырылып, «ТРАНС-ЕВРАЗИЯ-2011» VІІІ халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үрдістер және ұлттық көлік жүйелері мен трансқұрлықтық көлік дәліздерінің даму келешегін талқылаған аталмыш халықаралық конференцияға отандық және шетелдік көлік ведомстволарының басшылары, Достастық мемлекеттерінің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшыларымен, елуге тарта мемлекеттің қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев салтанатты түрде ашып, қатысушылар мен қонақтарды Қазақстан Көлік күндерінің жалпы бағдарламасымен таныстырып шықты. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Бағдарламаға сәйкес конференцияның пленарлық отырысында Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Қазақстан Республикасының транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Көлік ведомствосының басшысы барлық Еуразия құрлығының интеграциясы туралы идеяны Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанын атап өтіп, сенімді және тиімді көліктік желілер мен көлікті дамытуда өңірлік экономикалық ынтымақтастық пен тұрақтылықты тереңдету, сондай-ақ еуразиялық өңірдегі сауданы дамыту үшін маңызы зор екендігіне баса назар аудартты.
Бұдан өзге Беларусь Республикасының Көлік және коммуникация министрі И.Щербо, Латвия Республикасы Қатынас министрі А.Ронис, Болгария Республикасының Көлік, ақпараттық технология және коммуникация министрі И.Московски, Ресей Федерациясы Көлік министрінің орынбасары Н.Асаул, Польша Республикасы Инфрақұрылым министрінің орынбасары М.Янковский, Әзербайжан Республикасы Көлік министрінің орынбасры М.Панахов, Литва Көлік вице-министрі А.Штрас, Венгрия Республикасының Көлік ісі жөніндегі мемлекеттік хатшысы З.Шваба баяндама жасады. Сөз сөйлеушілер Қазақстанның 20 жылдық тәуелсіздігінде экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуда әсерлі жетістіктерге қол жеткізгендігін атап өтті.
Қанат ЕСКЕНДІР.