11 Қараша, 2011

Тәуелсіздікке тарту

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Үш жүз жыл аңсаған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтуге де санаулы күндер қалды. Осы қасиетімізді қастерлеу ісінде жеке адамнан бастап, ұжымдар да өз үлестерін қосуда. Соның бір дәлеліндей, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекет тарихы институтының ұйытқы болуымен кітап көрмесі болды. Мемлекет тарихы институты Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қолдауымен осыдан 3 жыл бұрын шаңырақ көтерген еді. Атаулы уақыттан бері бұл мекеме 30-ға таяу еңбекті жарыққа шығарыпты. Ал Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 24 кітапты жоспарласа, соның алғашқы 10 томы жарық көріпті. Сол кітап­тардың тұсаукесер рәсімінде жаңа көзқарас пен елдік тұрғыда жазылған рухани құндылықтардың арқауы әңгіме болды. Жарыққа шыққан ғылыми дүниелердің қатарында «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы», «Новейшая история Казахстана: Кризис и распад советской системы. І том», «Новейшая история Казахстана: Выход из кризиса. ІІ том», «Новейшая история Казахстана: Устойчивый Казахстан. ІІІ том.», «Независимый Казахстан и Лидер нации», «Тәуелсіз Қазақстан мәдениеті: жылнама құжаттары», «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері. Оқиғалар хроникасы», тағы басқа еңбектер бар. Бұл кітаптарда Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының кезеңдері, қазіргі қоғамдық саяси, әлеуметтік-экономикалық үрдістер баяндалған. Тұсаукесер рәсімінде Мемлекет тарихи инсти­тутының директоры Б.Аяған, Мәжіліс депутаты К.Бұрханов, тарихшы А.Қашқынбаевтар сөйлеп, тәуелсіз еліміздің тарихына қосылған тың туындылар туралы өз байлам-пайымдарын айтты. Сүлеймен МӘМЕТ.