Ел игілігіне берілген жаңа кәсіпорынның бірі - Маңғыстау ауылындағы ұн шығаратын цех. Комбинат тәулігіне 120 тонна жоғарғы және бірінші сұрыпты ұн, 30 тонна кебек өндіреді. Мұнда 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жаңа нысанның ашылуы - ауданда шағын және бизнестің дамуы қарқын алғандығын көрсетеді. Себебі, бұрын осындай кешен облыс бойынша тек Бейнеу ауданында болса, өндіріс орны енді Мұнайлы ауданында ашылып отыр. Осылайша, жергілікті өнімдер облыстың ішкі сұранысын қанағаттандыруда. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» - деп айтқанындай, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан халыққа қалтқысыз қызметтер көрсетілуде. Мұның бәрі елдің бірлігі мен ынтымағының арқасы деп білеміз. Өздеріңіз куә болып отырған ұн-жарма комбинатының 6000 тоннаны құрайтын астық қоймасы Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерекесі аясында ашылған болса, негізгі бөлігі ұн – жарма өндірістік кешенін бүгін іске қостық»,-деді.
Сондай-ақ, ауданда «Ынтымақ» мал базары және мал сою пункті ел игілігіне берілді. 30 млн. теңгеге салынған шаруашылық 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда 42 қора бар. Әрбір қорада 10 ірі қара мен 32 ұсақ малды союға арналған орын қойылған. Шаруа иесі 3 жылға «Атамекен» шағын қаржы ұйымы» арқылы 4 пайызбен 11,5 млн. теңге несие алғанын айтады.
Тәуелсіздік қарсаңында Мұнайлы ауданында «Керуен» ауыз су өңдеу цехы іске қосылды. Кәсіпорын 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тәулігіне 2500 дана бөтелкеленген ауыз су шығаруға мүмкіндігі бар. Жалпы аумағы 800 шаршы метр болатын нысан 105 млн. теңгеге салынған. Кәсіпорын иесі 85 млн.тг «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ алса, 20 млн.тг жеке қаражатынан жұмсаған.
Сондай-ақ, Мұнайлы ауданында экзотикалық құстар өсірумен айналысатын ферма бар. Шаруашылық иесі ет-жұмыртқа өнімдерін шығарып, сирек кездесетін түйеқұс, қаз, үйрек, күркетауық, қырғауыл, бөдене, мысыр тауығы (цесарка) және тауыс (павлин) бағады. Мұнда жалпы саны 4350-дей қанатты бар. 6 га аумақты алатын нысанға 123 миллион теңге қаражат жұмсалған. Фермада 20 адам жұмыс істейді. Аймақ басшысы аталған кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, шаруа иесінің кәсібіне сәттілік тіледі.
Мұнайлы ауданы – 10 жылдың ішінде әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуы жедел қарқын алған мекен. Мұнда халық саны 150 мыңға жетті. Сондықтан жыл сайын білім беру ұйымдарының тапшылығы туындауда. Аудандағы 42 мектепке дейінгі ұйымдарда 6493 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш 83 пайызды құрап отыр. Сондықтан аймақ басшысы Ералы Тоғжанов балабақша санын 100 пайызға жеткізуді мақсат еткен. Осыған орай, мереке қарсаңында 2 тәрбие ошағы есігін айқара ашты. Соның бірі - Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған 75 орындық «Мөлдір» балабақшасы. Жергілікті кәсіпкердің қаражатына салынған балабақша 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауданда есігін айқара ашқан балабақшаның бірі - 63 орындық «Алтын бесік» жекеменшік балабақшасы. Кәсіпкер бөбекжай құрылысына 70 миллион теңге жұмсапты. Мекеме 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Аймақ басшысы болашақта жекеменшік балабақшалар үлесі арта түсетіндігін жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы