Кезінде қазақ даласына аш-жалаңаш, қиналып келгендердің бәрін құшақ жая қарсы алып, төрінен орын беріп, өзі төменге жатқан қонақшыл да қайырымды қазақ солармен бүтінін бөліп жеді, жартысын жарып жеді. Одан бері де қанша уақыт өтті, сырбаз қазақ сыпайылықтан аттаған емес. Олай болса, сыйластық деген екі жаққа бірдей емес пе? Олар неге өздеріне қамқор болған кеңпейіл қазаққа, оның тіліне қалқан болмайды. Осы орайда, «ши шығып кетпесінді» сылтауратып, өзгелерді қолдан құбыжық етіп көрсетіп жүрген жоқпыз ба осы деген ой қылтияды. Өйткені, тіл туралы сөз бола қалса, өзгелерден бұрын өзіміз өре түрегелеміз. Алдымен байбалам салып қазақ тіліне қарсы шығамыз. Бұлар туған тілдің тағдырына бас қатырмайтындар. Олар осында туды, өсіп-өнді, оқыды, білім алды, жоғары лауазымға ие болды. Енді келіп ел мен жерге, туған халқына тағзым етіп, адал еңбек сіңірудің орнына, мемлекеттік қызметте отырып, мемлекеттік тілді аяқ асты етеді, шет мемлекеттің тілін ту ғып көтереді. Бұл енді ешқандай ұғымға сыймайды.
Парламентте, билік тізгінінде, басқа да лауазымды қызметтерде ой-санасы жоғары, парасаты терең, білімді де, білікті ұлтжанды азаматтар аз емес. Енді алдағы уақытта ұлт болашағына немқұрайлы қарайтын рухсыздардан батыл түрде арылып, олардың қатарына ұлттық қасиеттерді бойына дарытқан, қазақы тәрбиесі, ұлт деп соққан жүрегі бар ойлы да отты, іскер жастарды көптеп тартса жөн болар еді.
Жалпы, біле білсек қазақпын деген қаны бар әрбір азамат тілім тәуелсіздігімнің тірегі, тілім – болашағым, тілім мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт. Бұл, әсіресе, билік басындағылар мен халық қалаулылары қатаң ұстанар қағидаға айналуы қажет. Себебі, олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі үнемі көптің көз алдында. Көзқарасы қалыптасып үлгірмеген еліктегіш жастар соларға қарап бойын тіктеп, ойын түзейді. Ал ол мырзалар бәз-баяғы қалпы, мінберге шығады да орысша желдіртіп ала жөнеледі. Сонда олардан үйренер үлгі, алар өнеге осы болғаны ма? Осылай қашанғы жалғаса бермек? Турасын айтар болсақ, өзгеге емес ең алдыменен билік тізгінін ұстаған, лауазымды қызметте жүрген өзіміздің көптеген қандас бауырларға сілкініс қажет. Сана сілкінісі. Құлдық санадан арылатын кез әлдеқашан жетті. Еркін елге айналғанымызға жиырма жылдың жүзі болды. Енді кімнен қорқып, неден бұғамыз? Жалтақтау мен жалпақтаудың да шегі бар емес пе?
Қоғамға қызмет ету бар да, ұлт болашағына қызмет ету бар. Бұл екеуі ажырағысыз ұғымдар. Білгір маман, іскер басшы болумен қатар ұлтжанды азамат болу парыз. Қазақпын деген қаны бар әр жүректе ұлтжандылық алауы үздіксіз лапылдап тұрғанда ғана тіліміздің де еліміздің де бағы жанбақ.
Бүгінде жігіт ағасы жасқа келген тілге шорқақ қандастарымыз өздерінің осындай мүшкіл халіне алдыңғы аға буынды, яки өз ата-аналарын кінәлайды. Дұрыс деп есептеймін. Ана әлдиін тыңдап, бесік жырына балқымаған сәби, бала сезімін ертегі шуағына шомылдырып, бұла сезімін батырлар жырына суармаған, ерлік пен елдікті сезініп, бойында туған халқына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі қатар өрбімеген бала ес жиып есейгенде елім деп емірене қоюы екіталай. Ел тізгінін ұстаған лауазымды шенеуніктер арасында осы іспеттес бауырларымыздың қатары басым боп тұрғаны жасырын емес. Мемлекеттік билік тізгініндегі өз тілін білмейтін “мықтылар” тілдің қадіріне жетіп, оған жанашырлық жасайды, ұлт болашағына қызмет етеді дегенге сену қиын. Елін елжірей сүйіп, халқына қалтқысыз қызмет етер ұлтжандылық сезімі қасиетті тіліміз арқылы ғана бойға тарап, қанға сіңбек. Сондықтан да, қай деңгейде болмасын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке тағайындарда өзгелерді қоя тұрып, әсіресе, өз қандастарымыздың мемлекеттік тілді жетік білуін қатаң түрде талап еткен жөн. Сайлау кезінде ел мен тілден биік емеспін деп, Президенттің өзі мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, сынақтан өтіп жатқанда неге басшысынан бастап үкімет мүшелері түгел, яки барлық министрлер, депутаттыққа кандидаттар, әкімдер мен басқа да лауазымды қызметке үміткерлер түгел сол сынақтан өтпейді? Осылай етер болсақ мемлекеттік тіл мәртебесі өзінен-өзі өсіп шыға келер ме еді, бәлкім. Әлде ол мырзалар ел мен тілден биік тұр ма?
Тап осындай талап көпшілікпен күнделікті қоян-қолтық жұмыс жасайтын, ең бастысы азаматтардың құқығын қорғайтын сот және құқық қорғау органдарының басшыларына да қойылуы керек. Сонымен қатар, бұл саланың басшыларына өз кезегінде қарамағындағылардың мемлекеттік тілді мүлтіксіз меңгеруін қатаң түрде қадағалауын ерекше міндеттеу қажет. Себебі, біздің елімізде мемлекеттік тілді білмейтіндердің емес, оны жетік меңгергендердің құқығы көп бұзылатыны үйреншікті құбылысқа айналған. Және ондай үрдіс құқық қорғаушылардың өздерінің тарапынан да жиі кездесетіні ешкімге жасырын емес.
Байқап қарасақ, «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» екеніне ден қойған өзге ұлт өкілдері қазірдің өзінде-ақ мемлекеттік тілді меңгеруге құлшына кірісіп кеткен секілді. Балаларын, немерелерін қазақша балабақшаға беріп, қазақ мектептерінде оқытып, солар арқылы өздері де ауызекі сөзге икемделіп қалғандары жөнінде мақтанышпен айтып жатқан оларға ризашылықпен қарайсың. Керісінше, балаларын орыс мектептерінде оқытып бәз-баяғы қалыптарынан міз бақпаған қандастарымызға қарап қаның қайнайды. Мәселен, мерзімді баспасөз беттерінің бірінен, Алматыдағы бір мектептің бірінші орыс сыныбына барған 74 баланың 65-і қазақ баласы дегенді оқыдық. Рас болса, сұмдық қой мынау. Бұл Тәуелсіздігімізге жиырма жыл толып отырған биылғы жылдың үлесіне тиесілі жәйт. Бұған не айтарсың енді? Күлесің бе, жылайсың ба? Бұл бір ғана мысал.
Десек те мұндай жайдың әр жерде-ақ орын алып отырғаны күмән туғызбайды. Бұған қоса, қалалық жердегі қазақ мектептеріндегі оқушылардың басым көпшілігі мектеп дәлізінде, көшеде, қоғамдық көлікте, қысқасы сыныптан тыс жердің бәрінде тек орысша зуылдататыны да жасырын емес. Бұған кімді кінәларсың? Жеткіншектер санасына отансүйгіштік рухын жеткізе алмаған ұстаздарды ма, жоқ әлде ұрпақ көкірегінде намыс отын маздата алмаған ата-ананы ма?
Зиялы қауымның бәрі демейін, көбі балаларын кезінде орысша оқытты. Жарайды, ол уақыт талабы, заман солай болды дегенге көнейік. Орыс тілін білмесең қарға адым аттауың мұң болды. Ол тілді білуге, үйренуге мәжбүр болдық, ал, ана тілді ұмытуға не мәжбүрледі? Ешкім де, ешқашан сен өз тіліңді ұмыт деген талап қойған жоқ қой. Орысша оқытып та қазақша тәрбиелеуге болатын. Ең болмағанда баланың туған тілін қоса алып жүруін қадағалауға болмас па еді? Осыны неге ескермедік? Неге ол бала өзінің рухани тамырынан ажыраған жарымжан болуы тиіс еді? Осыны неге ойланбадық? Ұлт болашағын неге ойламадық?
Ана тілін ықыластана үйреніп, тіпті мемлекеттік тілде баяндауға құлшыныс танытып жатқан жекелеген шенеуніктердің ұмтылысы, әрине, қуанарлық жағдай. Ал өз тілін жетік біле тұра, өзге тілде сайрай жөнелетін шіркіндерге қарап отырып қайран қаласың. Орысша сөйлемесе кісілігіне мін, лауазымына нұқсан келетіндей. Ондайлар өзге тілде сөйлесе өзін зор сезініп, ана тілінде сөйлеуге қорланатын секілді. Керісінше, өз тіліңде көсіліп бір сөйлей алмағаннан асқан қорлық, тіпті сорлылық жоқ та шығар, сірә?!
Егемендік алған жиырма жылдан бері өз тілімізге еркін ауыса алмай жатуымыздың ендігі бір басты себебі, орыс тілінің заңсыз түрде «ресми тілге» айналуында деп білемін. Ата Заңымыз Конституцияның 7-ші бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсеткен.
Демек, ресми тіл деген тіл жоқ, ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген ұғым ғана бар. Өкінішке қарай, мұның бәрі заң жүзінде ғана, ал, қолданыста бәрі басқаша.
Мысал үшін, Тіл туралы Заңның 9-шы бабына сүйенсек, мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін. Ал бізде бәрі керісінше, заң да, басқа құжаттар да орыс тілінде әзірленіп, содан соң барып қажет деп тапқан жағдайда, мүмкіндігінше қазақ тіліне аударылады.
Бұл заңды өрескел және жаппай, жабыла бұзуға жатпай ма? Заңды тұлға не жекелеген азамат заң бұзып жатса заң нормасына сай жауапқа тартылуы тиіс. Ал біз мемлекеттік тіл туралы заң талаптары тапталып жатса да үнсізбіз. Оған кім кінәлі? Заңның орындалуын заң арқылы талап ете алмаған өзіміздің жігерсіздігіміз, бейжай енжарлығымыз кінәлі. Ұлттық рухтың әлсіреуі, ұлттық намыстың жоқтығы кінәлі.
Айтайық, Үкімет заң жобасын қазақ тілінде жазып, Парламенттің мәртебелі депутаттары Конституцияға құрмет көрсетіп, өздері қабылдаған “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңды сыйлап заңдарды мемлекеттік тілде қабылдайық десе, кім қой дер еді? Үкіметтің де, Парламенттің де алқалы жиындары мемлекеттік тілде өтіп жатса оған кім кедергі болып жатыр? Қайта бұл бастама басқаларға, бар салаға жол ашпай ма? Қысқасы, тілге тосқауыл төменде емес, жоғарыда, жоғарғы жақтағыларда жатқаны басы ашық ақиқат.
Олай болатыны, балабақшада қазақша тәрбиеленіп, қазақ тілінде мектеп бітірген, жоғары оқу орнында қазақша оқып жүрген жастар, қазақ тілін аяқасты етіп, орысша сайрап отырған оларға қарап, «қазақ тілі маған қажет пе осы» деген күмәнді ойға қалуы бек мүмкін. Ойға қалып қана қоймай, «іздегенге сұраған», тез арада орыс тіліне ауа салады және ол тілмен енді қайтып ажырамастай болып біржола қауышады. Өйткені, ол жастардың да ертең сол «құрметті ағалары» секілді министр не әкім болудан, депутат боп сайланудан үміті бар. Ол үшін оларды қалай жазғырасың? Осы қылығымызбен өскелең ұрпақтың өз тілін тәрк етіп, өзге тілге икемделуіне өзіміз себепкер болып отырған жоқпыз ба?
Қазақ тілінің қанатынан қайырылған құстай еркін самғай алмауына орыс та, өзге ұлт өкілдері де кінәлі емес. Кінәлілер қазақ тілін менсінгісі келмейтін, оған мұрын шүйіре қарайтын бірқатар қандастарымыз. Балаларын қазақша оқытпақ тұрмақ, Тәуелсіздіктің жиырма жылында жиырма сөз үйренбеген, үйренуге құлық танытпаған өз қазақтарымыз. Олар туған тіліне уызында жарымаған бозөкпе ұрпағының болшағына алаңдаумен бірге бүгінгі жылы орнынан айырылып қалудан қорқып қана қасарыса қарсыласып жатқаны жалпақ жұртқа жақсы мәлім.
Қарақан басының қамымен ел мүддесін аяқасты етіп, өз мүддесі үшін қасиетті тіліміздің өз тұғырына алаңсыз орнығуына ашық қарсылық көрсетіп жатқандар осы қылықтарының туған анасын өзекке тепкенмен бірдей екенін біле тұра осы әрекетке барып жатқандарына жағаңды ұстағаннан басқа айтарға сөз таппайсың. Қасиетті тіліміз бабадан балаға мұра боп қалған баға жетпес байлығымыз емес пе?
Сондықтан да бабалар аманатына адал болу – рухани асыл қазынамызды шашпай-төкпей, құдретті қазақ тілінің құтын қашырмай толық қадыр-қасиетімен кейінгіге аман-есен жеткізу бүгінгілердің перзенттік борышы. Оны абыроймен атқару бәрімізге бірдей парыз екенін естен шығармайық. «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол ұлтымыздың анасы» деп өте дәл айтты емес пе Елбасы? Ендеше, ана тілін ардақтау әрбір азаматтың абыройлы борышы екені ешқандай дау туғызбаса керек. Ал осы даусыз жағдай жекелеген шенеуніктер тарапынан шешімін таппай отырғаны қынжылтады. Осы тұста, неге сол жоғарыдағы шұбар тілді шенділер мен шекпенділер Елбасының сөзін өнеге, ісін үлгі тұтпайды екен деп күйінесің. Елбасының «қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек» деген қағидасын неге қазық етіп ұстанбаймыз?
Президент биылғы Жолдауында – «біздің міндетіміз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деген нақты мәселе көтерді. Иншалла, дәл осылай іске асуына тілекшіміз.
Досжан ӘМІРОВ, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы.