Нұрсұлтан Назарбаев танымал футболшы әрі спорт қайраткері Тимур Сегізбаевтың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
Жеделхатта Қазақстан футболын дамытуға және балалар мен жастар арасында спорттық өмір салтын насихаттау ісіне Т.Сегізбаевтың сіңірген еңбегі айрықша атап өтілген.
«Ол жаттықтырушы әрі Қазақстан футбол қауымдастығы басшыларының бірі ретінде елімізде спорттың осы түрінің дамуына елеулі үлес қосты», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Т.Сегізбаевтың есімі халық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.