Қазақстан • 18 Желтоқсан, 2017

Солтүстік Қазақстанда «Армандар орындалады» қайырымдылық акциясы басталды

509 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Армандар орындалады» қайырымдылық акциясы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік жағынан қолдауды көздейді.

Солтүстік Қазақстанда «Армандар орындалады» қайырымдылық акциясы басталды

Фото: bustle.com

Қайырымдылық шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар, жеке адамдар қызу үн қосты. Көздері жаутаңдаған балалардың қалаған сыйлықтарын алып береміз деген таудай уәделерін орындауға қазірдің өзінде белсене кірісіп кеткен.

«Балғындар– біздің болашағымыз. Әрбір азамат мүмкіндігінше мұқтаждарға қол ұшын бергені жөн. Одан ешкім кедейленіп қалмайды. «Жетім көрсең  жебей жүр» деген тәмсілді ата-бабаларымыз бізге өсиет етіп қалдырған», дейді  еврей мәдени орталығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Рашбиль Евдаев.

Қайырымдылық акциясын алғашқылардың қатарында «Интерго» компаниясы да  қуаттады. 10 жылдық тарихы бар серіктестік осы тектес шараларға  үнемі қатысып келеді.  Былтыр Соколов арнайы мектеп-интернатының оқушыларына спорт жабдықтары мен түрлі сыйлықтар тарту етіпті. Биыл осы үрдісті жалғастырмақшы.

Облыстық жастар ресурстық орталығы 60 ұйымға хат жолдаған. Олардың арасында қайырымдылық акциясына қатысуға ниет білдіргендер аз емес.

«Сыйлықтар мен тарту-таралғыларды Петропавл сәбилер үйі мен Соколов арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне тапсырамыз. «Армандар орындалады» қайырымдылық акциясы жаңа жылға дейін жалғасады», дейді  жастар ресурсы орталығының  бас маманы Роксана Орынбасарова.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы