Әлем • 19 Желтоқсан, 2017

Қазақстанның Тәуелсіздік күні Польшада атап өтілді

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тәуелсіздік күнін Польша да атап өтті, деп хабарлады 24.kz.

Қазақстанның Тәуелсіздік күні Польшада атап өтілді

Еліміздің Варшавадағы елшілігі ұйымдастырған салтанатты қабылдауға Парламент депутаттары, президент әкімшілігінің өкілдері мен кәсіпкерлер жиналды. Польшадағы Қазақстан елшісі Марғұлан Баймұхан өз сөзінде еліміздің ширек ғасырдағы жетістігін жіпке тізіп баяндап берді. Өз кезегінде польшалық саясаткерлер Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын айшықтап, екіжақты серіктестіктің жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Осы жылы президент Андрей Дуда мемлекеттік сапармен Қазақстанға келсе, бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польшаға барған еді. Еуропалық мемлекеттердің халықаралық EXPO көрмесіне де белсенді қатысқанын білеміз. Осылайша салтанатты қабылдаудың қонақтары қазақ халқына тілектерін арнады.

– Мен Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жылы лебіз білдіргім келеді. Сондай-ақ өзара серіктестігіміз кезеңімен дамып келе жатқанын айта кетейін. Экономикалық серіктестікте серпіліс бар. Екі жаққа да тиімді жоғары деңгейдегі іссапарлар да болды, – деді Польша премьер-министрі кеңсесінің жауапты хатшысы Анна Мария Андерс.

– Осы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы миллиард еуродан асып түскелі тұр. Ең қызығы, қазақстандық экспорт 70 пайызға, Польша экспорты 60 пайызға артқан. Мұны саяси, экономикалық серіктестіктің жетістігі деуге болады. Сондай-ақ тікелей рейстердің ашылуы, біздің тарапымыздан визаларды жою Польша азаматтарының Қазақстанға, Астанаға туристік ағынын ұлғайтуға жол ашады, – деді Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан.