Арыс қаласы. Монтайтас ауылы. Кітапқұмарларға таныс ауыл. Көрнекті жазушы Дулат Исабековтің ат жалын тартып азамат болған жері. Заманында асыл тұқымды меринос қойын өсіруден Қазақстанда кеуде қатарда жүрген, Одаққа мәлім болған ауыл.
Біз мінген көлік асфальт жолдан ажырап, ауылға емес қырға бағыт түзеді. Ауыл етекте қалды. Сай түбінде қараңдаған ұсақ мал жайылып жүр. Солай ойлағанбыз. Олай емес екен. Қайқаңнан соң алдымыздан қалың күркетауық ұшырасты. Ұзын мойындарын қылқаң-қылқаң еткізіп, тамақ астынан қырылдаған үн шығарып қояды. Тағы да есіңізге түскен шығар. Дулат Исабеков. “Есепшот, домино және түйетауық”. Күркетауық, түйетауық – екеуі бір құс. Ғажап әңгіме, қайта айналып оқысаң да жалықтырмайтын хикая. Күлесің. Көзіңнен жас шығарады. Мұндай ауыл өмірін қазақтар, оның ішінде Дулат аға сияқты ақтаңгер жазушылар ғана жаза алады.
Сол күркетауық. Он емес. Жүз емес. Мың емес. Екі мың. Қоңыр күз. Ауыл маңында көкөріш жоқ. Тұттай жалаңаш. Сөйтсек, бұл күркетауықтардың жайлаудан түскен кезі екен. Иесі – Тастөреев Есен қарсы ұшырасты. Заты кәсіпкер болғанымен тіркелген фирмасы, мөрі бар шаруа қожалығы жоқ. Жеке меншік. Жеке меншік болғаннан кейін өзге шаруашылықтар секілді жері де жоқ. Аудан әкімі Қанат Сыдықов жер мәселесі шешілгенше әкімдікке қарасты жерді жайлауға рұқсат берген екен. Күркетауық өсірумен мектепте жүргенде айналысқан Есеннің бұл кәсіпті тұрақты нәсіп еткеніне үш-ақ жыл болған. Қырықтағы жігіттің қажырына разы боласың. Әйтпесе, бір қыста ақжонданып семіріп, аязға төсін төсеп қарсы қарап отыратын осы құсыңыздың балапандарынан әлсізі жоқ шығар. Қазақстанға мұхит асып келген күркетауық көктемде 16-21-ге дейін жұмыртқалайды делінеді. Содан соң күрік болады. Қызығы сол, алғашқы жұмыртқалаған жерінен жұмыртқасын алып қойсаңыз да жазбай сол жерге қайтып келеді екен. Жабайы кезден қалған табиғи инстинкт болар. Күрік болғанға дейін жұмыртқалары салқындау жерде сақталады. Содан соң аналық күркетауықтар жаппай жұмыртқа басады, жиырма жеті күнде ашады. Балапандары нәкат, әлжау. Салқынды да, ыстықты да көтере алмайды. Күнде жеті-сегіз рет тамақ беріледі. Жейтіні – сүзбеге шыланған, майдаланған жүгері дәндері. Балық майы, дәрумендер беріледі. Суға қосатын витаминдер бар.
Осының бәрін сақтамағандар балапандарын қырып алады. Бір айға дейін қарасаңыз, әрі қарай күркетауығыңыз атып алмасаңыз өле қоймайды. Құстар қынадай қырылатын кейбір дерттерге өте шыдамды. Ауырғандарына вакцина егіледі.
Есеннің күркетауық жаятын жері жоғын айттық. Ел іші емес пе, арпа, бидай, жүгері еккен жігіттер өнімін жинап алғаннан кейін атызын Есеннің тауықтарын бағуына береді. Күркетауық ұсақ мал секілді жүрдек. Қосыңды тігіп артынан еріп жүрсең болғаны. Есен қазір айтақырлау жерде отыр. Жиырма тонна бидай сатып алған. Үш мезгіл тамақ береді. Қалғанында тауықтар өз қажетін шөп тамырларынан тауып жүр. Құс жазда жақсы жемделсе қыста қатты семіреді. Жеңсік асы шегіртке көрінеді. Алайда, биыл шегіртке аз. Осындайда еске түседі. Сарыағаштың Бозай, Жамбыл ауылдарын ана бір жылы шегіртке басқан. Дүр етіп көтерілгенде күн көзін жауып қалады. Маңайдың бәрін отап, ауыл шаруашылығына залал келтіретін болған соң республикалық штаб құрылып, миллиондаған шегірткеге аспаннан да, жерден де қатты соққы берілген. Соның өзінде біразы Төле би, Түлкібас аудандарына дейін өтіп кетіп, ел улыған-шулыған болып еді.
Монтайтас ауылының әкімі Тоқберген Байекеев айтады. Қытайда мұндайда дәрі шашып, төңіректі бүлдіріп әуреге түсіп жатпайды екен. Күн қызғанда шегірткенің ошағы білінген жерге күркетауық сияқты құстарды асырап отырған фермалармен келісіп, әрқайсына жер бөліп береді. Сонда шегірткені жоюға арналған шығын фермерлердің қалтасында қалады. Осылайша, екі жақ та пайдаға шығады. Расында, Есеннің екі мыңдай күркетауығын сондай жерге жауып жіберсеңіз майдан шайлап қалады екен-ау.
Қой баққан пайдалы ма, күркетауық баққан пайдалы ма? Сол жерде есептеп көрдік. Қой бір-ақ рет қоздайды. Ал, күркетауық кем дегенде 10 балапан шығарады. Орта есептен бір данасын үш мыңнан есептесеңіз 30 мың теңге.
Делдалдарыңыз қарап жүрмейді екен. Күннің қақаған ызғарында қалтасын томпайтып, мойны қылқиып Есенге келер екен. Көтерме бағамен 2,5-3 мың теңгеге дейін жүздеп сатып алады. Ал, қара базарда құны 5 мың теңге. Артық жем шығармадым, ұттым деп Есен ойлайды. Күн көзіне қақталып күркетауық соңында жүрмей-ақ қалтасын қампайтқанына делдал да мәз.
Шаруашылықты ірілендіру үшін не керек? Соны сұрағанбыз. Есен суы бар жерім болса дейді. Жоңышқа екпек. Содан соң бір мезгілде 500 балапан ашатын инкубатор стансасын сатып алуға ойы кетіп жүр.
Осы мәселелер жөнінде аудан әкімі Қанат Сыдықовпен сөйлестік. Арыста бір тал көгеріп, бір мал басы артық болса өзінің байлығындай қуанатын әкім екеуін де шешудің тетігін ойластырып жатқанын айтты. Жер бар. Ал, “Максимум” сияқты қаржы орталығынан несие алу үшін Тастөреевке жеке шаруашылық ашу керек. Мамандар көмектесіп жатыр. Сонда Есеннің 2 мың кұркетауығы 10 мыңға жетеді. Ел балапанын сатып алып көбейтеді. Бәріне де кәсіп, отбасына нәпақа.
Монтайтаста Дулат көкеміздің әңгімелерінің шырайын кіргізетін түйетауық – күркетауық елге несібе әкеледі.
“АҚ ШАПАН” КИГЕН АҚ ҚОШҚАР
Жүннің бағалысы – биязы. Әйтпесе, қазақы қойдың жүні бұйым болудан қалғаны қашан. Көп шопандар бағасынан артық ақшаға қырықтырып алып, қорасының бір бұрышына жинап қояды. Обалсынып. Кезінде құны алтыннан кем болмағанын ойлар-ау шамасы. Арғыны ойлаған ел қойды асылдандыру ісіне кірісіп кетті. Соның бірі біз арнайы іздеп барған “Сәбит-А” шаруа қожалығының басшысы Тәмпиев Рүстембек Жанәділұлы. Кешегі зоотехник, бүгінгі кәсіпкер, алып денесін ұршықша үйірген Рүстембек көкеміз жақында ғана Алматы облысынан әрқайсысын 75 мың теңгеден сатып алған 1,5 жасар қошқарларын көрсетті.
Бұл қошқарлар ата жағынан германдық көрінеді. Өзіміздегі мериносқа ұрықтандырған. Етті, жүнді. Көп жұрт құйрығында майы жоқ, семіз емес шығар деп ойлайды, дер Рекең, Рүстембек. Мал бағып жүрміз, білеміз. Будандастырылған мериностың саулығы – 65, қошқары 75 кило тартады. Еті тығыз. Майды қабырғасына жинайды. Ал, өз саулықтарымыз 45-50 кило ғана тартады.
Нәсілі германдық осы қошқарлардың үлкені 150 мың теңге тұрады екен. Мына үшеуін Рүстембек көкеміз тартып алғандай болып әкеліпті. Академик Әбдірахман Омбаев басқаратын Оңтүстік - Батыс мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтындағы профессор Есқара Мұқамеджанмен селекция жасау ісінде бірлесе жұмыс жасап келеді.
Рекеңнің қырда үш қашары бар. Сондағы 700 бас қисары қойын сатып, асыл тұқымды мериносқа өтіп жатыр. Мерионосқа маманданған шаруашылықтың бірі Қазығұрт ауданында бар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы екі шаруашылықты асылдандыру жолын жеңілдетуге 50 млн. теңге субсидия бөлу мәселесін көтерген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков те қолдап отыр. Жылына 10 млн. теңге бөлінген жағдайда қос шаруашылық тез түлеп, өзгелерді өз қатарларына тартуына ықпал етеді.
Жаңа тұқымның жүнінің тығыздығы 74-і құрайды. Ал, нашарының тығыздығы 58 бірлік болар екен. Бір қызығы, сапалы жүнді алуға қытайлықтар ерекше ықыласты дейді. “Сіздер екі рет қырқып, жүнді бүлдіресіздер. Қырқым уақытында өзіміз келіп қырқамыз” депті. Жүні бүлінбесін деп кенептен тігілген шапан әкеліп берген. Сауыры ғана жалаңаш. Шағанбек деген Қытайдан келген іскер азамат та бірлескен кәсіпорын құруға екі алақанын ысқылап отыр.
“Сәбит-А” шаруашылығы да жерге зәру. Ауыл әкімі Тоқберген Бәйкеев кезінде жер алып, тірлік жасамаған жұрттың есебі алынып, жері кері қайтарылатындығын айтты. Сонда жер мәселесі шешілмек. Шаруашылықтың су құбыры биікте. Содан етектегі қашарларға мұнара қою арқылы су шығаруға болады. Жем-шөп дайындалып жатыр. Қарашаның аяғында қой қашырылады. Көктемде – сақман. Бұрын адам жетпегендіктен оқушыларды да жабушы еді. Сақманға қатысуға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ауыл шаруашылығы факультетінің студенттері тартылмақ. Ректорат ықыласты. Екі жаққа да пайдалы. Шаруашылықтың қолы ұзарады, ал болашақ мал мамандары практикалық білім, нақты бағдар алады. Монтайтастан көңіл тоғайып қайтты. Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықовпен әңгімелестік. Қалада 22752 бас ірі қара, қой-ешкі 22752 бас, жылқы 6520 бас, түйе 1174 бас, құс 81160 басқа жетіпті. Өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен 8 шаруашылық айналысады. Қазақы қылшық жүнді қойдан бөлек қазақтың жабы тұқымдас жылқы шаруашылығы қанатын жайып келеді. Ірі қараны бордақылаумен айналысатын кәсіпкерлер қатары молайған. Ауыл – қазақтың жүрегі, алтын ұясы. Ауыл оңалса мемлекеттің көтеретін жүгі жеңілдейді.
Үкімет ауылды ұмытпайды, көмегі үлкен. Диқандар мен шаруалар осыны түсінеді. Жеңіл несие алып, шаруашылығын ірілендіргісі келетіндердің қатары көп.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы.
Суреттерді түсірген автор.