Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2017

Түлкібаста 100 орындық балабақша ашылды

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи өсім, яғни бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. Яғни, балабақша, мектеп көптеп салынуы тиіс.

Түлкібаста 100 орындық балабақша ашылды

Мектепке дейінгі мекемелерге сұраныс аудандарда да баршылық. Дегенмен, соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған балабақшалар есебінен де тұрғындар сұранысын қамтамасыз ету мәселесі шешімін табуда.

Мәселен, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін Түлкібас ауданында 37 балабақша ашылған. Қазіргі таңда аудандағы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытуымен қамту 92,6 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша салынатын балабақшаларды көбейтіп, көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде.

Түлкібас ауданына іс-сапармен барған  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ақбиік ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде салынған 100 орындық балабақшаның ашылуына қатысты. Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Жаңа ашылған мекемеде ауылдың 31 тұрғыны жұмыспен қамтылған. «Ропроэкт» ЖШС мердігер мекемесі құрылысын жүргізген нысанның жалпы сметалық құны - 231 млн. теңгеге жуық.

Сондай-ақ, облыс басшысы Кемербастау ауылындағы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен  57 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған.  Жөндеу жұмыстарын мердігер «БиМирҚұрылыс» ЖШС-і жүргізіпті. Қазіргі таңда 300 орындық мәдениет үйінде 2 қызметкер жұмыс істейді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»