Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Министрлік ұсынысындағы мерзімге қатысты қоғам пікірі бір арнада қабыспайды. Себебі елдің әр азаматын қамтитын салада – сапалы білім беруді қалыптастыруға «2+2» уақыт аралығы жеткілікті ме, басқарудағы тұрақсыздық білім сапасын тұралатпай ма деген сауал туындауы заңды.
Реформа реті: Өзгеріс не үшін қажет?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы аттестацияда директор лауазымына үміткерлердің 79%-ы тестілеуден өте алмай, дайындық деңгейінің төмендігін көрсеткен. Ал 8 048 мектептің 490-ында директор орны бос болса, 810 мектепті уақытша атқарушылар басқарып отыр. Сондай-ақ мектеп тізгіндегін тұлғалардың айтарлықтай бөлігі білім ордасында 10-20 жылдан аса тұрақтап қалған. Мұндай үрдіс білім беру саласындағы жаңашылдықтарға педагогтердің енжар қарауына түрткі болуы да ықтимал. Әрі министр Жұлдыз Сүлейменова «Мектеп директорлығы – өмір бойы атқаратын лауазым емес, белгілі мерзімге берілген басқару миссиясы. Ал білікті басқарушы тәжірибесін келесі мектепте де сынап көруі тиіс», деп атап өтті.
Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының ақпараттық-талдау офисінің жетекшісі, білім беру ісінің сарапшысы Қайсар Тұрсынғожа реформаның мақсаты – есеп беруді жүйелеу, басқару корпусын жаңарту, талантты ұстаздарға мансаптық жол ашу екені айқын, бағыт дұрыс болғанмен, мәселе мерзімде екенін алға тартты. Сарапшы халықаралық ғылыми тәжірибе мен беделді зерттеулер 4 жыл мектепті трансформациялау үшін тым қысқа мерзім екенін меңзейтінін жеткізді. Қайсар Болатбайұлы пайымын 4 талап негізінде талдап берді.
Ғылым, білім және Конституция: Қазақстанның жаңа бағытының үш тірегі

«Халықаралық сарапшылар мектептің ішкі мәдениеті мен білім сапасын түбегейлі өзгерту үшін кемінде 5-7 жыл қажет екеніне назар аудартады.
«Кіру-шығу» шығыны: Миллердің Солтүстік Каролина деректерін талдаған зерттеуіне сай, жаңа басшы келген алғашқы 2 жылда оқушылардың үлгерімі төмендеп, тек 5-ші жылдың аяғында ғана бастапқы деңгейіне қайта оралады. Яғни, 4 жылдың жартысы тек «қалпына келтірумен» өтеді.
Мета-анализ: Реддинг пен Нгуэннің 35 зерттеуге негізделген мета-анализі мектеп трансформациясының алғашқы нышандары тек 2-4 жыл аралығында ғана байқала бастайтынын көрсетті. Демек, директорды екі жылдан соң бағалау – жаңа туған сәбидің жүріп кетуін күткенмен бірдей асығыстық. Ғалымдар шешім қабылдаушы тұлғаларды (саясаткерлерді) нәтиже күту мәселесінде сабырлылық танытуға шақырады.
ЭЫДҰ стандарты: TALIS 2018 зерттеуіне сәйкес, дамыған елдерде директордың бір мектептегі орташа мерзімі – 6,7 жыл, жалпы директорлық тәжірибесі – 9,7 жыл. Ұсынылып отырған «2+2» формуласы бұл көрсеткіштен 40%-ға қысқа. Харгривз бен Финктің «Sustainable Leadership» еңбегі бұл ойды дөп басты: «Мықты директорды нашар мектепке жіберіп, 3 жылдан соң ауыстыру – тұрақты жетістікке апармайды».
«Директордың кетуін күту» феномені: Егер мұғалімдер ұжымы басшының 2-4 жылда кететінін білсе, олар реформаларға үнсіз қарсылық танытып, «бұл да кетер, бастамасы да өлер» деген енжар күйге түседі. Бұл – «waiting out the principal» деп аталатын феномен. Директорлардың жиі ауысуы мұғалімдердің де кетуін үдетіп, ұзақ мерзімді кезеңде оқушылар үлгеріміне кері әсерін тигізбей қоймайды», дейді ол.
Директорлар ротациясы: Әлем елдеріндегі мерзім қандай?
Білім саласындағы нәтижелі реформаларын селкеусіз санайтын Сингапурда мектеп директорларын ротациялау мерзімі – 5-7 жыл. Ескерері, аталған елде білім ұясының басшыларын тағайындамас бұрын 6 айлық LEP дайындық бағдарламасы жүргізіледі. Ал PISA нәтижелері тұрақты түрде жоғары деңгейдегі Финляндияда міндетті ротация мерзімі белгіленбеген. Білім мен тәрбие тоғысқан Жапония мемлекеттік мектептер арасындағы теңдікті сақтау үшін 3-5 жылдық мерзімді айқындаған. Оңтүстік Корея мықты директорлардың элиталық мектептерде шоғырлануын шектеу үшін 4+4 жылды нақтылаған. Алып АҚШ-та мерзім шектелмеген. Десе де, мұндағы үрдіс директорлардың бір мектептегі орташа мерзімдік қызметі – 4 жылға ұласатынын көрсетіп отыр.
Білім саласындағы көшбасшы жүйелер білім беру ұйымдарын басқаруда нақты мерзім мен нәтижедегі оңтайлы уақыт – 5-7 жыл екенін аңғартып отыр.
Осы тұста Қайсар Болатбайұлы реформаның ең қауіпті тұсы – нәтиже көрсетіп жатқан тәжірибелі басшыларды «мерзімі толды» деген сылтаумен мәжбүрлі түрде орнынан қозғау екеніне тоқталды.
«Жоғарыда мысал еткен Гриссом, Бартанен және Митанидің зерттеулері көрсеткендей, тиімді директорларға таңдау берілсе, олар әдетте беделі жоғары, жағдайы жақсы мектептерге кетуге бейім болады. Олай болса, мықты маманды «қиын» мектептен ротация арқылы алып тастағанда, оның орнына келетін кадрдың деңгейі қандай болмақ? Бренч, Ханушек пен Ривкиннің Техас мектептеріне жасаған талдауы басқару сапасының маңыздылығын нақты сандармен сөйлетті: тиімді директор бір оқу жылында оқушының нәтижесін 2-7 айға дейін ілгерілете алатынын, ал тиімсіз директор дәл солай артқа тартатынын дәлелдеді. Ең маңыздысы – директордың тиімділігі жұмыс істеген алғашқы 3 жылда тұрақты түрде өсіп отырады. Демек, басшы өз әлеуетінің шыңына енді шыққанда, яғни 4-ші жылы оны ауыстыру – мектептің ең жемісті кезеңін балталаумен бірдей», дейді сарапшы.
«Таяқтың екі ұшы болатыны» секілді – ұсынысқа көзқарас та сан алуан. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеліп, Астанадағы Барлыбек Сырттанов атындағы №34 орта мектепті тізгіндеген Амангелді Боданов білгір басшы мерзімге байланбайды, нәтиже нақты әлеуетке байланысты тіркелетінін атап өтті.

«Кең пайымдасақ, өзгерістерден қашуға болмайды. Өзгеріссіз өрлеу де жоқ. Басшы тек менеджер, бағыт нақты айқындалса, қай басшы болса да сол бағытты ұстанады. Білім мен тәртіпті жүйелеуді білім беруді ұйымдастыру және тәрбиелік іс-шаралар кешенін қабылдау деп қабылдаған дұрыс. Оны педагогикалық ұжымның ортақ мақсаты ретінде білім беру ұйымының даму бағдарламасына енгізу қажет. Даму бағдарламасы 5 жылға жасалатын болса, басшының лауазымға тағайындалуы осы кезеңнің жартысын құрап, жартысын келесі басшы жүзеге асырғаны тың жаңалық болар еді», дейді Амангелді Боданов.
Гарвардты бағындырған қаракөз немесе Қазақстан білімінің жаңа кезеңі
Оқу-ағарту министрлігінің жобасы кең талқыланып жатқан тұста, сарапшы Қайсар Тұрсынғожа формуланы «3+3» немесе «4+3» форматына (жалпы 6-7 жыл) көшіруді жөн санайтынын жеткізді.
«Сондай-ақ Сингапурдың LEP тәжірибесіндей, жаңа мектепке баратын директорларға кемінде 3-6 айлық арнайы дайындық курсын енгізу қажет. Егер 4 жылда нақты ілгерілеу болса, мерзімді автоматты ұзарту тетігін қарастыру да тиімді болмақ. 5 200-ден астам ауылдық мектептің басым көпшілігінде ротация жасау физикалық тұрғыдан мүмкін еместігін ескеру де маңызды. Финляндия моделіндегі автономия мен сенімге негізделген жүйе тиімдірек. Ротация жылдамдығын арттырмастан бұрын, аттестациядан өте алмай жатқан 79% үміткердің сапасын көтеруге де көңіл бөлу – құптарлық іс», деп сөзін түйіндеді Қайсар Тұрсынғожа.
Қорыта айтсақ, мектеп директорларын «2+2» (3+3) қағидаты бойынша тағайындау – білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған батыл қадам. Бұл бастама басқарудағы ашықтықты арттырып, кадрлық тоқырауды жоюға, жаңа буын басшыларға жол ашуға мүмкіндік береді. Алайда білім беру – жедел нәтиже күтетін емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді еңбекті талап ететін сала. Сондықтан басқару тиімділігін тек қысқа уақыт аралығымен өлшеу – реформаның түпкі мақсатына қайшы келуі мүмкін.
Сарапшылар атап өткендей, мектепті сапалы трансформациялау үшін уақыт, тұрақтылық және сабақтастық қажет. Егер ұсынылған модель осы үш факторды ескермесе, жиі ауысатын басшылық білім сапасына кері әсер ету қаупін де жоққа шығармайды. Демек, бүгінгі талқылау тек мерзім мәселесі емес, білім беру жүйесінің болашағын айқындайтын стратегиялық шешімнің бастауы. Ең маңыздысы – реформаны енгізуде асығыстыққа жол бермей, халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшелікті ұштастыра отырып, тиімді әрі тұрақты басқару моделін қалыптастыру. Себебі мектеп тағдыры – ел болашағының айнасы.