Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2017

Қызылорда облысында өткен Hack Day байқауының жеңімпаздары марапатталды

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында жобалық менеджмент жүйесін еңгізу аясында облыс әкімдігі Hack Day байқауын ұйымдастырды. Екі күн ішінде байқауға қатысушылар инновациялық жобалар бойынша идеяларын таныстырды.

Қызылорда облысында өткен Hack Day байқауының жеңімпаздары марапатталды

412 қатысушы 3 номинация бойынша 137 жоба идеяларын ұсынды: «Ақпараттық технологиялар» (логикалық ойын қосымшалары, сервистік мобильді қосымшалар), «Контент және медиа», «Кино және видео» (мультипликациялық 2D, 3D жобалар, жарнама роликтері және т.б.). Байқау шарттарына сәйкес қатысушы командалар мүшелері 3 минут ішінде жоба прототиптерін таныстырып, тағы да 3 минут  ішінде сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, HackDay байқауының басты міндеті – топпен жұмыс істеп, 48 сағат ішінде жоба идеясынан прототип жасақтап алу. Іс-шараға интернет-жоба идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға ресурстары жеткіліксіз кез келген адам қатыса алады. Бір ғана талап – барынша креативті жағдайда нақты жобалар бойынша жұмыс істеуге дайын болу. Іс-шара аймағымызда бастаушы және тәжірибелі программист, дизайнер, жобалаушы, IT-маркетолог, заңгер, сценарий жазушы, гример және PR мамандары мен өзге де IT саласындағы қызықты жоба идеялары бар тұлғалардың қоғамдастығын құруға мүмкіндік береді. Қоғамдастық стартаптарды дамытудың барлық кезеңдерінде туындаған мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс: идеяны өңдеу мен прототиптен жобаға салынған инвестистицияларды алуға дейін.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жеңімпаздарды құттықтады.

«Біздің жастар өте талантты, сондықтан оларды қолдау керек. Өздеріңіз білетіндей, біз Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала салудамыз. Ол жерде жастардың ІТ-паркі орналасатын болады. Осы саланы жетік меңгерген 20 жасқа жұмыс орны ашылып, олар жоғары жалақы, тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Татарстан Республикасының Президенті Р.Миннихановтың облысқа сапары кезінде Татарстанның ІТ-мамандары біздің жастарды оқыту туралы келісімге келдік. Өйткені Ресейдің үздік ІТ-мамандары Татарстанда орналасқан. Сонымен қатар, Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік», «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша жыл сайын 20 қызылордалық студентке магистратурада оқу үшін гранттар бөлетін болды. Мұнан бөлек, біз «Майкрософт» компаниясымен Қызылорда қаласында филиалын ашу туралы келістік. Осылайша, Қызылорданы ақпараттық технологиялардың эпицентріне айналдырғымыз келеді», - деді Қ.Көшербаев.

Жеңімпаздар ашық дауыс беру арқылы анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Контент және медиа» секциясында дұрыс тамақтану тақырыбындағы сайт (3 орын), қалалық қоғамдық орындарының 3D-үлгілері (2 орын) және мәліметтерді 3D-форматында ұсыну жобалары үздік деп танылды.

«Ақпараттық технологиялар» номинациясы бойынша тұрғын үйлерде құбырдан газдың ағып кетуін анықтайтын құрал (3 орын), «Ақылды аурухана» (2 орын) және «Ақылды аялдама» (1 орын) қосымшалары жүлделі орын алды.

«Кино және видео» номинациясы бойынша үшінші орынды «Қызылордада – мегаполистен де артық» бейнеролигі, екінші– жастар мен жасөспірімдерінің өзін-өзі бағалау мәселелері бойынша ролик алса, бірінші орынға өмірде өз орнын табу және оған өзгелердің пікірі әсер етуі туралы фильм орналасты.

Одан бөлек, әділ қазылар алқасының мүшелері ең жас қатысушы – 13 жастағы Бейбіт Бекзаттың және қызылордалық еріктілердің атаулы көмек көрсету жобаларын ынталандыру жүлделермен марапаттады.