Футбол • 20 Желтоқсан, 2017

Мардан Төлебек: «Астана» командасы секілді қазақ жанкүйерлерін жетістіктерімізбен қуантқымыз келеді

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл «Ордабасы» үшін олжалы жыл болды. Оңтүстік командасы тұңғыш рет ел біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Тарихи жетістік. Үздік үштікке кіру шымкенттік футболшылар үшін оңай болған жоқ. «Ертіс» пен «Тобылды» артта қалдырған Алексей Петрушин шәкірттері өз жанкүйерлерін қуанта алды. Оңтүстік оғландарының қатарында мергендігімен көзге түскендердің бірі - Мардан Төлебек. Марданға қандай мақтау айтсаң да жарасады. Тәуелсіздік күні қарсаңында тәуелсіздігімізбен түйедей құрдас жартылай қорғаушыдан маусымның қорытындысы туралы ойларын білген едік.

Мардан Төлебек: «Астана» командасы секілді қазақ жанкүйерлерін жетістіктерімізбен қуантқымыз келеді

- Мардан қола жүлде құтты болсын! Биылғы маусымды қорытындыласақ. Қоланы қанағат тұттыңыздар ма әлде одан да жақсы нәтижеге жетуге болар ма еді...

- Құттықтауыңызға көп рахмет. Клуб басшыларының маусым алдында қойған талаптарын орындадық деп ойлаймын. Әрине, оңай болмады. Қазіргі қазақ футболында «Астана» мен «Қайратқа» қайрат көрсету қиын. Қос клубтың қаржылық мүмкіндігі, құрамындағы футболшылардың деңгейі, әлеуеті қалған командалардан әлдеқайда артық. Мұны мойындауға тиіспіз. Бізге «Ертіс» пен «Тобылды» тізе бүктіру маңызды болды. Барлық ойындарда мүмкіндігінше ұпай жоғалтпауға күш салдық. Шүкіршілік етеміз. Қолаға қол жеткізгеніміз әуелі қолдау көрсеткен қалың жанкүйерлеріміздің арқасында.

- Дегенмен, «Ордабысы» Europe league іріктеу кезеңінде сәтсіз ойнады. Былтыр да солай болған. Себебі неде деп ойлайсың?

- Рас. Сәтсіз ойнадық. «Широки Бриег» командасын өтуге тиіс едік. Соншалықты мықты қарсылас емес тұғын. Футбол болған соң жеңіс те жеңіліс те қатар жүреді. Келер маусымда бұл сәтсіздікті болдырмауға тырысамыз. «Астана» командасы секілді қазақ жанкүйерлерін жетістіктерімізбен қуантқымыз келеді.

- «Астана» демекші, елордалық клубтың жетістіктерін қалай бағалайсыз. Басқа командаларымызға Еуропа алаңдарына жоғарғы деңгейде ойнауға не кедергі?

- Біріншіден елордалық ұжымды Europe league келесі кезеңіне өтуімен құттықтаймын. Керемет жетістік. «Славиямен» болған ойынды көрдік. Жанкүйер болдық. Қазақ командасы мықтылардың қатарына қосылғанына қуандық. Қазақ футболының тарихында осындай үлкен жеңістер көп болсын.

Екіншіден, бұл басқа командаларымызға серпін береді деп ойлаймын. «Қайратты» да болашақта биіктерден көретініміз анық. Бізде қарап қалмаймыз. Біздің ауылда да үлкен тойлар болады деп үміттенемін. Сол мақсатта бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз. Өткен ойындардан қорытынды шығарып, келер жылы барынша биік белестерді бағындыруға жұмыс істейміз.

- Сәттілік тілейміз. Мардан, енді жеке өзіңіздің ойындарыңызға тоқталсақ. Маусымда 26 ойын өткізіп, 4 гол соқтыңыз. Ойындарыңызға көңіліңіз толады ма?

- Біржақты жауап беру қиын. Сәтті де, сәтсіз де кездесулер болды. Негізі, қалай ойнағанымның нақты бағасын футбол жанкүйерлері береді деп ойлаймын. Бапкер мен жанкүйерлердің сенімінен шығу үшін ойнаймыз. Жеке өзімінің көрсеткіштерімді емес, командамыздың жеңісін басты назарда ұстаймын. Егер мүкіндік болып жатса, гол соғуға да тырысамын.

- Мардан барлық голдарыңды айып добын орындау арқылы соғыпсың. Керемет. Айып добын соғудың сырларымен бөліссең? Арнайы жаттығу жасайтын боларсың...

- Сыры жоқ (күліп). Жасырмаймын, жаттығудан соң, өзім қалып жарты сағаттай дайындығымды пысықтаймын. Жалпы, жаттығусыз ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Меніңше, барлығы еңбектің арқасында келеді. Сондықтан шеберлігімді арттыру үшін қосымша еңбектенемін.

- Тәуелсіздік күні ең басты мерекеміз. Футбол жанкүйерлеріне тілегіңіз бар шығар. Жаңа жылда жақындап келеді.

- Барлық қазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын. Мемлекетіміз үлкен жетістіктерге жете берсін. Келер жылы үлкен жетістіктер жете берейік. Газеттеріңіздің оқырмандары көп болсын!

Әңгімеңізге рахмет

Еркебұлан Жомарт