Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2017

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сайланды

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Зауреш Хамитқызы Баймолдина мен Наталья Николаевна Годунова Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қызметіне сайланды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сайланды

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында ОСК отырысы болып, онда Ортсайлаукомның жаңа мүшелері таныстырылды.

ОСК Төрағасы Берік Мәжитов Комиссияның бұрынғы мүшелері Марат Алданғорұлы Сәрсембаев пен Владимир Карлович Фоосқа Ортсайлаукомдағы жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.

Зәуреш Хамитқызы Баймолдина 1956 жылы 15 қаңтарда Ақмола облысында дүниеге келген. ҚарМУ заң факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Саратов заң институты жанындағы күндізгі аспирантураны және Рено қаласындағы (АҚШ) Ұлттық судьялар колледжі жанындағы курсты бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. 1985 жылдан бастап ҚарМУ заң факультетінің оқытушысы және декан орынбасары болып жұмыс жасады.
1994 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Бас басқармасы Экономикалық заңнама бөлімінің бастығы. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Нормативтік қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметін атқарды, сондай-ақ Нормативтік құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2006 жылдан бастап Президент Әкімшілігіне құқық қорғау және сот жүйелері бөлімінің бас инспекторы лауазымына тағайындалды, ал 2008 жылдан бастап Мемлекеттік- құқықтық бөлімнің инспекторы болды. 2012 жылдың 24 ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Әділет министрінің орынбасары қызметін атқарды.

Наталья Николаевна Годунова 1972 жылы 24 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (экономист) және РФ Үкіметі жанындағы Қаржы академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын «Орал» Агропромбанк» несие бөлімінде экономист лауазымынан бастаған. 1997 жылдан бастап 2009 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімдігінде әкім аппаратының бөлім бастығынан әкімнің кеңесшісіне дейін түрлі лауазымдарда қызмет еткен. 2009-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілінің консультанты, орынбасары, міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.

2012-2013 жылдары ҚР Премьер-министрі орынбасарының экономика жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс жасаған. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Нұр Отан» партиясының хатшысы болған.

Соңғы жаңалықтар