Атап айтқанда іс-сапар шеңберінде АҚШ Энергетика министрі Р. Перримен, АҚШ мемлекеттік хатшысының энергетикалық ресурстар бойынша көмекшісінің орынбасары Дж.МакКаррикпен, «Шеврон» компаниясының Еуропа, Еуразия және Таяу Шығыс бойынша президенті Т.Левинмен, «Грейс» компаниясының вице-президенті К. Коулмен, «Паркер Дриллинг» бұрғылау компаниясының президенті Б. Коллинспен және басқа да атом мен мұнай-газ салаларындағы ірі америкалық компаниялардың басшыларымен кездесулер өтті.
Бұдан басқа, америкалық-қазақстандық іскерлік қауымдастықпен кездесу ұйымдастырылды. Онда Қауымдастықтың президенті У. Кортни, Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісінің орынбасары Г. Эншер, америкалық компаниялардың басшылары сөз сөйледі.
Аталған іс-шараның аясында энергетика саласындағы белгілі сарапшы Д. Ергинмен кездесу өтті. Кездесу барысында 2018 жылдың наурыз айында Хьюстон қаласында өтетін «CERAWEEK» Халықаралық мұнай-газ конференциясына қазақстандық тараптың қатысу ықтималдылығы талқыланды.
Жалпы, қазақстандық делегацияның АҚШ-қа іссапары екіжақты саяси-экономикалық ынтымақтастықтың аса маңызды саласында Мемлекет басшысының алдағы АҚШ-қа іссапарын мазмұнды толықтыру мүмкіндігін қарастырды.