21 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік тұғыры қалай бекіді?

828 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз ел тәуелсіздігінің 26 жылдығын қарсы алдық. Осы қысқа мерзімде Қазақстан өзінің ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бола білді.

Тәуелсіздік тұғыры қалай бекіді?

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тәуелсіздік – тұрақты және қауіпсіз келешекке деген зор сенім», деп атап көрсеткендей, еліміз халықаралық саясатта бірқатар тың идеялар ұсынып, әлемнің дамуына зор үлесін қосуда. Әлемнің жетекші халықаралық ұйымдарындағы нәтижелі жетекшілігіміз осының нақты дәлелі. 

Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін, әлемнің көптеген мемлекеттері еліміз­ді әлемдік қоғамдастықтың толық­қанды мүшесі ретінде таныған болатын. Бүгінде байыпты жүргізілген көпвекторлы сыртқы саясаттың негізінде халықаралық аренадағы тұғырымызды нығайтып, әлемнің 180-нен астам мемлекетімен дипломатиялық байланыс­тар орнатып, негізгі халықаралық ұйым­дарға мүшелікке өтіп, шекаралары­мызды шегендеп, еуразиялық кеңіс­тік­тегі интеграциялық үдерістердің локо­мотивіне айналдық. 

Осы орайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған қандай мемлекеттер, бүгінде сол елдермен қарым-қаты­насы­мыз қай деңгейде дегендей мазмұн­дағы сауалдарға аз-кем жауап іздеп көрсек.

1991 жылдың 16 желтоқсанында кешкісін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі өзінің VII сессиясында, көптеген айтыс-тартыстардан кейін «Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік тәуелсіз­дігі туралы» конституциялық заңды қабылдағандығын жариялаған еді. Бұл бүкіл қазақстандықтардың өміріне зор әсер еткен, бағыт-бағдарымызды өзгерт­кен маңызды құбылыс болды. 

Еліміздің егемендігі туралы Консти­ту­циялық заңда, Қазақстанның мемле­кеттік тәуелсіздігін әлемдік мемле­кеттердің мойындауына ашық екендігі туралы ереже бар еді, яғни әлемдік картада пайда болған жаңа мемлекет халықаралық мойындауды қажет етті. 

Республика басшылығының тапсырмасымен сол кезде Қазақстанның Ресей­дегі тұрақты өкілдігі қызметкерлері Мәскеу қаласында орналасқан дипло­матиялық корпустың еліміздің мемле­кеттік тәуелсіздігіне деген пікір­лерін білу мақсатында шетел елшіліктері­не ноталар жолдап, әрбір елшілікті аралаған-ды. Алғашында Ұлыбри­тания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Қытай сияқты елдердің дип­ло­матиялық миссия басшыларымен кездесулер өткізілген. Бәрі еліміздің саяси дербестігін қолдайтындықтарын білдіргенімен, елдің тәуелсіздігін мойындау ісі сол жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында өткізу жоспарланған бұрынғы Кеңес Одағы республикалары басшыларының кездесуінің нәтижесіне байланысты болатындығын жеткізген. Сонымен 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген 11 тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы декларация­сына қол қойды.

Біздің дипломаттардың сол кезде атқарған тарихи іс-әрекеттерінің нәтижесінде көптеген елдер көп ұзамай еліміздің тәуелсіздігін мойындаған болатын. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, бірқатар елдер сол жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында өтетін ТМД саммитінің нәтижесін күтіп отырғанда, Түркия Республикасы ештеңеге қарайламай түркітілдес, бауырлас ел ретінде мемлекеттік тәуелсіздігімізді алғаш мойындады (Жоғарыда біздің дипломаттар аралаған елшіліктердің ішінде Түркия елшілігі болмаған-ды). 

Сонымен 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған Түркия болса, екінші болып Румыния қолдады. Ал 17 желтоқсанда Ресей, 20 желтоқсанда Пәкістан және бұрынғы Кеңес Одағы республикалары, 25 жел­тоқсанда АҚШ, 30 желтоқсанда Сауд Арабиясы және т.б. мемлекеттер мойын­даған болатын. Бүгінде олардың саны 180-ге жетіп отыр. Жалпы еліміз қазіргі таңда БҰҰ-ға мүше немесе бақылаушы мәртебесіндегі мемлекеттермен дипло­ма­тиялық байланыстар орнатқан. 

Географиялық және геосаяси тұрғы­да еуразия кеңістігінің қақ ортасында, әлемнің жетекші державаларымен көршілес орналасу, мемлекеттің сыртқы саясатына әсер етпей қоймауы мүмкін емес. Сол себепті тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, еліміздің сыртқы саясатында Ресей, ҚХР, АҚШ және Еуропалық одақ елдерімен екі жақты және халықаралық ұйымдар шең­берінде қарым-қытынастарға страте­­гиялық басымдық беріліп келеді.

Жалпы, теңестірілген сыртқы саясатты жалғастырып, ұлттық мүддеге сай ашық және өзара тиімді қарым-қаты­настарды дамытып, өзінің жинақ­таған тәжірибесі мен халықаралық аренадағы беделін пайдалана отырып, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтауға мейлінше ықпал етуді негізгі мақсаты санайтын Қазақстан өз тәуелсіздігін мойындаған әлем елдерінің барлығына құрметпен қарайды. Бұл өз кезегінде еліміздің бейбітшіліктің сенімді жақтау­шысы екенін айқындай түседі. 

Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы