Медицина • 21 Желтоқсан, 2017

Қызмет әрдайым сапалы болуы тиіс

365 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту мәселелері, сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу қорытындылары талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік статистика туралы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру жайы қаралды.

Қызмет әрдайым сапалы болуы тиіс

Жиында мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жайында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі кезде 746 мемлекеттік қызметтен «Азаматтар үшін үкіметке» 621 қызмет берілген, бұл көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 83 пайыздан астамын құрайды. Аталған қызметтерді 349 фронт-кеңсе көрсетеді. Оларда 20 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді, жыл сайын 37 миллионға жуық қызмет көрсетіледі. Электронды үкімет инфрақұрылымы арқылы 452 мемлекеттік қызмет қолжетімді, 192 миллионнан астам түрлі электронды қызметтер көрсетілген. Д.Абаевтың атап өтуінше, орын алған кейбір проблемалар да бар. Мәселен, мемлекеттік органдар талап етілетін өнімдерді құру барысында пайдаланылуы мүмкін ақпараттарды жария етуге құлшыныс таныта қоймайды. Сондықтан бұл проблеманы шешудегі бірінші қадам «Анықтамасыз қызмет» немесе «Paper free» жобасын жүзеге асыру болмақ. «Бұл жоба барынша қажет етілетін электронды анықтамаларды алып тастауға және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға бағытталған. Дәл осы мемлекеттік органдардың арасындағы өзара іс-қимылдың төмен болуы салдарынан азаматтар ХҚО-лар арқылы 2 миллионнан астам электронды анықтамаға тапсырыс берді. Бұл көрсетілген барлық қызметтердің 66 па­йыз­дан астамын құрайды. Яғни мемле­кеттік органдар қажетті анықтамаларды өзге мемлекеттік органдардан алатын болады. «Paper free» жобасы жүзе­ге асырылғаннан кейін мұндай қызмет­тердің саны қысқарады», деді министр. 

Электронды үкіметтің веб-порталында биылғы жылдың желтоқсан айында үшінші тұлғалардың жеке мәліметтерін алудың арнайы тетігі іске қосылған (банктердің, жұмыс беруші ұйымдардың, т.с.с.). Мұндайда азамат sms-хабарлама арқылы өзінің рұқсатын беруі тиіс. Бұл тетік анықтамалар алу үшін «жүгіру» қажеттігін біршама азайтып, ХҚО операция залының жүктемесін төмендетпек. 

Бұдан өзге, министр мемлекеттік корпорацияның сенімді басқаруына бірқатар негізгі ақпараттық жүйелерді беру туралы мәселе пысықталып жатқанын жеткізді. 20 қарашада Астанада Digital-ХҚО іске қосылды, онда мемлекеттік қызметтерді алу толықтай автоматтандырылған. Бұл мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа форматына көшудің жаңа кезеңі болмақ. Алайда іске асырылатын қызметтердің тиімділігі мен қажеттілігін арттыру үшін халықты оқытып, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен хабардар ету керек. Бұл орайда мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің міндеті цифрлы дағдылар бойынша үйрету мен кеңес беру болады. 

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бас­тап электронды үкімет порталында бір реттік SMS-пароль негізінде электронды цифрлы қолтаңбасыз 30 электронды қызметті алу мүмкіндігі енгізілді. Олардың қатарында мекен-жай анықтамасын алу, жылжымайтын мүлікке иелік, зейнеткерлік аударымдар туралы анықтама бар.

Аталған мәселе бойынша сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

«Қазіргі уақытта Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне одан әрі қосу үшін «жасырын» қызмет көрсетулерді (ескерт. Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне қосылмаған, «мемлекеттік қызмет көрсету» анықтамасына сәйкес келетін жекелеген мемлекеттік органдардың функциялары) анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде», деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрінің мәліметтеріне сәйкес, аталған жұмыс аясында тізілімге мемлекеттік қызмет көрсетудің 58 жаңа түрі қосылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тағы 200 функциясын талдау аяқталды, оның қорытындысы бойынша тізілімге 50 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету енгізіледі. Бүгінгі таңда тізілімдегі мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 746 мемлекеттік қызмет көрсетуді құрайды, олардың 452-сі мемлекеттік қызмет көрсетуін электронды форматта алуға болады, 621 мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, жергілікті атқарушы органдар арқылы 191 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ рұқсат беру жүйесін жеңілдету мақсатында онлайн режімде барлық рұқсаттар алу мен хабарламаларды жолдау толық автоматтандырылған.

Бұдан өзге, аталған мәселе бойынша отырыс барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қосымша баяндады. Ал мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жұмыстың цифрлы форматына көшу аясында ұсынылатын қызметтердің сапасына ерекше назар аудару тапсырылды.

«Мемлекеттік қызмет көрсетулердің 85%-ы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына берілді – біз жоғары межеге жеттік. Бірақ, егер мұқият қарайтын болсақ, қызмет көрсетулердің сапасы бойынша біраз жұмыс жүргізу қажет. Мәселе қанша қызмет көрсететінімізде емес, қалай көрсе­те­тінімізде. Халық сапасыз қызмет ал­­ғанын сезген кезде бәрі бір қағаз түрін­­дегі анықтама алуға барады. Мұн­­да мемлекеттік органдар өз тәсіл­дерін өз­гертуі тиіс», деді Бақытжан Сағын­таев.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қосымша мемлекеттік қызмет көрсетулерді баламасыз қызмет көрсетуге көшіру бойынша жұмыс жос­парын пысықтау қажет.

Премьер-Министр азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. «Мемлекеттік корпорацияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту қажет», деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Ұлттық экономика министрлігіне бір айдың ішінде «жасырын» қызмет көрсетулер, жауапты лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша жол картасын әзірлеу тапсырылды. 

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – елімізде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыспен қамту жұмыстарының барысы. Бұл бағыттағы жұмыстар жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. «Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысушылар саны 527 мыңға жетті. Олардың ішінде 50 пайыздан астамы ауыл тұрғындары. Өткен 11 айдың ішінде республика көлемінде 413 мың азамат жұмысқа тартылып, соның 279 мыңы тұрақты жұмыс орындарын иеленді», деп атап өтті министр. Т.Дүйсенованың хабарлауынша, сонымен қатар 48 мыңға жуық жас әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жіберілді. «Жалпы, бұл шараларды атқару үшін мемлекеттік бюджеттен 85,3 млрд теңге қарастырылып, оның 45 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды», деді Т.Дүйсенова.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Б.Са­ғынтаев бұл бағдарлама аясында ат­қа­рылған жұмыстарға оң бағасын берді. «Бағдарлама жақсы қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Осы бағыт­тағы жұмыстарды халықтың оң қабыл­дағаны қуантады. Сонымен қатар аза­маттардың кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы екендігі әрі осы бағытта жо­ғары белсенділігі көрініп отыр», деп атап өтті Үкімет басшысы. Дегенмен де Б.Сағынтаев Үкімет мүшелеріне нәти­желі жұмыспен қамту шараларын тиімді жүзеге асыруға ерекше мән бе­ру керектігін тапсырды. Осы орайда ж­асалған тиісті ұсыныстарды қайта қа­рап, қажет болған жағдайда бағдар­ламаға тиісті өзгерістер енгізуді қарастыру Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді. 

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»