Кеш аясында Жанат Елшібектің Ұлттық академиялық кітапхана дайындаған «Библиографиялық көрсеткіш» пен «Фолиант» баспасынан шыққан «Бесаспап» кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ «Теңізбен тамырлас қаламгер» атты деректі фильмнің көрсетілімі болды.
Шығармашылық кеште «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, қаламгерлер Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов және тағы басқа қаламдас достары шығармашылық иесі туралы толғамды ойларын ортаға салды. Кеш тізгінін жазушы Әлібек Асқаров ұстады.
Тағылымы мол шараның ашылу сөзін Дархан Қыдырәлі сөйлеп, Жанат Елшібекті 70 жылдық мерейтойымен және баспадан енді басылып шыққан қос кітабымен құттықтады. Оқырманы асыға күтіп отырған кітаптың тұсауын «Егемен Қазақстан» газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай кесті. Қос кітапта Жанат Елшібек туралы қаламдастарының өлеңдері, естелік мақалалары, пікірлері жарияланған.
Сондай-ақ мерейтой кешінде көрсетілген «Теңізбен тамырлас қаламгер» атты деректі фильм де жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Бұл фильм бүгінгі кейіпкеріміздің бүкіл болмысы мен бейнесін тағы бір қырынан ашып көрсеткендей болды.
Кеш соңында мерейтой иесі сөз сөйлеп, жиналған қауымға өз алғысын айтты. «Мен 70 жылдық мерейтойыма бір жыл дайындалдым. Іштей қобалжып, қалай өтер екен деп уайымдап едім. Міне, арқасүйер дос-жарандарымның арқасында бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Бұл кештің негізгі мақсаты да жас кезімде кездескен достарым мен бауырларымды бір шаңырақ астында жинап, сырласып қайтсақ деген ой еді», дейді Жанат Елшібек.
Жанат Елшібек ағамыз 1978 жылдың сәуір айынан «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеп, 1991 жылы редакцияның жауапты хатшысы болып тағайындалды. Осы лауазымды ол 2012 жылдың маусым айына дейін, яғни зейнеткерлік демалысқа шыққанша жемісті де, абыроймен атқарды. «Егемендік» ардагерге әлі де жазарыңыз көп болсын деген тілек білдіреміз.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан Омар,
«Егемен Қазақстан»