Қазақстан • 21 Желтоқсан, 2017

Ардагерлердің ауқымды басқосуы

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құлағы түрік жүретін қауымға белгілі болар «Тәуелсіз мемлекеттер ардагерлері қоғамдық ұйымдарының достастығы» халықаралық одағы жұмыс істейді. Бүгінде бұл одақ ТМД елдері, сондай-ақ Латвия мен Эстония ардагерлерінің 12 қоғамдық ұйымын біріктіреді. Олардың қатарына шамамен 60 миллиондай адам кіреді. Соның ішінде 1 миллионнан астам Ұлы Отан соғысына қатысқандар, жарты миллиондай соғыс мүгедектері, 6 миллионнан астам соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері, 1,3 миллионға тарта ұрыс қимылдары ардагерлері және 26 миллионнан аса еңбек ардагерлері бар. 

Ардагерлердің ауқымды басқосуы

Таяуда Мәскеудегі Соғыс және қарулы күштер ардагерлерінің үйінде одақтың үйлестіру кеңесінің кезекті пленумы, кезектен тыс VII съезі, және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тарихын бұр­ма­лаушылармен күрестің қазіргі ке­зеңдегі шиеленісуі» атты Үйлестіру кеңесінің төрағасы Алексей Сорокин 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кеңес халқының тарихындағы аса қайғылы оқиғалардың бірі деп атап көрсетті.

Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер ұйымдары Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін дайындау және өткізу бойынша мақсатты, жемісті жұмыс жүргізді. Бүгінде оң тәжірибені қазіргі кезеңге тән ерекшеліктерді ескере отырып, пайдалану міндеті тұр. ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесі 2020 жылды Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы деп жариялағаны белгілі. Ардагерлер ұйымдары атаулы оқиға аясында Сталинград және Курск шайқастары, Ленинград қоршауының жойылуы, Украина мен Молдавияны азат ету сияқты айтулы оқиғаларды мерекелеуге дайындалуға кірісуі керектігін айтты. Халықты, әсіресе жастарды патриоттық пен ин­тер­националдыққа тәрбиелеу жөніндегі жұмыста соғысқа тікелей қатысқан ардагерлердің бай өмірлік тәжірибесін, рухани әлеуетін кеңінен пайдалану, келешек ұрпаққа, кеңес жауынгерлерінің ерліктері туралы қасиетті ақиқатты жеткізу үшін ардагерлердің шынайы естеліктері мен дауыстарын толық пайдалану қажет.

Осындай ойлар мен ұсыныстар Эстония, Молдова, Қазақстан, Беларусь, Литва, Қырғызстан, ТМД Атқару комитеті өкілдерінің сөз­де­­рінде де айтылды. Солай бола тұра, көңілге қаяу түсірген деректер де келтірілді. Мысалы, Литва республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының айтуынша, олардың заңына сәйкес, ол елде орақ пен балға, қызыл ту, қызыл жұлдыз бейнеленген төсбелгілерге, басқа да нышандарға тыйым салынған, мұндай нышандар шекарадан өтерде тәркіленеді екен. Пленум қабылдаған қаулыдағы осыған жауап секілді бір тармақта былай делінген: «Ардагерлер ұйымдары бірқатар елдерде орын алып отырған на­цизмге қарсы күрескерлерге, азат ету­ші кеңес жауынгерлеріне қой­ыл­ған ескерткіштерді қорлау, қир­ату, сон­дай-ақ кеңестік әскери ны­шан­дар­ға тыйым салу істерін айыптау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс». 
Бұдан кейін съезд Екінші дүние­жүзілік және Ұлы Отан соғыстарында фашизмнен жапа шеккен Еуропа мен Азия елдерінің барлық ардагерлер және антифашистік қоғамдық ұйымдарына үндеу қабылдады. Онда съезге қатысушылар фашизммен күрес­кен жауынгерлердің ерлігін қастерлейтін адамдардың бәрін Ұлы Отан соғысына қатысты зердені қорлап-масқаралау жүріп жатқан Польшадағы және басқа да елдердегі вандализмді тоқтатуға шақырды. 

Конференцияда негізгі баяндаманы академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, соғыс ардагері Л.Ольштынский жасады. Ұлы жеңіс – кеңес халықтарының мызғымас достығының нәтижесі деген ойын тереңдете отырып, ол мынадай дерек келтірді: 1952 жылы Дени­кин­нің мүрдесін АҚШ-тағы Нью-Джерси зиратына қайра жерлеу кезінде оның жесірі, барлық эмиг­рант­тардың пікірі ретінде, Екін­ші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен тек орыс солдаты депті. Ал тарихқа жүгінсек, орыс солдатының 1905 жылғы Жапониямен болған соғыста, 1914-1916 жылдардағы бі­рін­ші дүниежүзілік соғыста масқара же­ңіліске ұшырағаны белгілі ғой. Демек, фашизммен болған осынау қанды қырғында ғажап жеңіске жеткен тек көп ұлтты кеңес халқы мен солдаты, деп атап көрсетті баяндамашы. 

Жиналғандар соғысқа белсенді қатысушы С.Тюшкевичтің сөзін зор зейінмен тыңдағанын айту ләзім. Бұл кісінің атақ-дәрежелерін тізудің өзі көп орын алар еді, өйткені ол шын мәнінде аңыз адам. Бір ғасыр жасағанына қарамастан, оның ғажап өмірлік қуаты сол күйі сақталғандай, сөз саптасы мен логикасы, тіпті сөйлеу мәнері мен ырғағы да адамды таңғалдыратындай. Содан болса керек, ол «Фашизммен күрестегі Ұлы жеңіс – русофобиямен күрестің тірегі және факторы» деді. 

«Ресей Федерациясы әскер­ба­сылары клубының» президенті, армия генералы А.Куликовтың пікі­рін­ше, тарихи шындықты, оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыс жөнінде айтпай қалу, оны бұрмалау жақсылыққа апармайды және де бұл шындық мейлінше объективті, ашық сипатта болуы керек. 

Халықаралық ғылыми-прак­ти­­калық конференцияға қатысу­шы­лар түрлі теріс пиғылдарға алаң­дау­шылық білдіре отырып, арда­гер­лер ұйымдары жалақорлар мен бұр­малаушыларды әшкерелеу хақында белсенді де батыл күрес жүргізеді, жұмыстың жаңа, пәрменді түрлерін іздестіріп, тәжірибеге енгізеді деп нық сенім білдірді. 

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер 
кеңесінің төрағасы