Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2017

Наурызбек жыраудың домбырасы музейге тапсырылды

1339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сы халық әні кафедрасының құрылғанына отыз жыл толуына және атақты жырау Наурызбек Нұржаубайұлы Раманқұловтың домбырасы музей қорына тапсырылуына орай «Өтеді талай қызық тіршілікте» атты концерт өтті. Кешті халық әні кафедрасының оқытушысы, жыршы Күнқожа Қайрулла жүргізіп, домбыраның тарихын баяндады.  

 

Наурызбек жыраудың домбырасы музейге тапсырылды

200 жылдық тарихы бар бұл домбыра Наурызбек жырауға нағашысы Оразбай жыраудан жеткен екен. Оның жыраудың қолына түсу тарихы да қызық. Кеште айтылған мәліметтерге қарағанда, Оразбайдың әйелі босанып, соған Наурызбектің анасы Айсұлу қалжа апарады. Төркіндеп келген қарындасынан ағасы қалауын сұрайды. Сонда Айсұлу бала Наурызбектің өті­ніші бойынша осы домбыраны қалап алыпты. Әу бастан наға­шылардан жиендерге мұра болып келген бұл домбыраны Нәукең өмір бойы қастерлеп ұстаған. Нау­рызбекке жыраулық өнер де на­ға­шылар жағынан қонған деседі.

Батыс Қазақстан және Бесқала аймақтарының музыкалық мұ­­ра­лары дәріптелген кеште Жетес Жәмеков, Еркінбай Ба­ба­­құлов сияқты белгілі жыршылар Базар жыраудың «Сөйле де­сең сөйлейін», Құдай­бер­ген Кердерінің «Ат қосам дей­ді бәйгеге», Алдаберген Тас­қын­байұлының «Барақ батыр­ға арнау» тәрізді терме-толғау­ларды орындады. Одан әрі Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушылары, түлектері мен студенттері ән шырқап, күй төк­ті. Эльза Қарабалина Ғ.Құр­ман­ғалиевтің «Әнші даусын», Венера Қаржаубаева «Сыпыра жыраудың термесін», Әйгерім Әпенова ха­лық әні «Шымырды», Үміт Сата­рова «Ақ Айшаны», Жеңіс Еле­мес пен Дастан Қабылов Наурызбек жыраудың «Азамат ерді сақтасын», «Ау, жігіттер, сал құлақ» термелерін, Әйгерім Құл­жарасова халық әні «Жайнай бер жастар жаңашаны», Оңдасын Қалқанов Абылдың «Абыл» күйін, Жанаргүл Сәркенова Қи­саның әні «Сағындым Жайық­ты», Нұрпейіс Әбілхасан Дәу­кенің «Жас дәурен» әнін, Сүндет Ай­мамбетов Бесқала күйшісі Шүң­ке Құлтабайұлының «Зар күйін» орындады. 

Домбыраны музейге тапсыру рәсімінде Наурызбек жыраудың ұлы Абай Раманқұлов: – Бұл домбыра – әкемізден қалған мұра. Оны үйіміздің төрінде сақ­тап қоюға да болар еді. Бірақ музейде көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа да кең насихатталатын ескеріп, аманаттап отырмыз, – деді. Жыраудың ұрпағы музей директоры Ұл­жан Байбосыноваға домбыраны салтанатты түрде табыстап, өзі де әкесінің «Толғау-толғау сөздер бар» термесін орындады. Кеш соңында жыраудың зайыбы Зиба Нұржаубаева қонақтарға ақ батасын берді. 

Нұрбану КАМАЛ, 
журналист