Қазіргі қазақ сахнасына ойлы, терең трагедия, астарында ащы шындығы бар комедия керек. Драматургияның өзіне тән екпіні, динамикасы, жігері болады. Көрерменге дайындап, түсіндіріп, баяндап отыру қазір қызық емес. Көрермен Ібілістің жаман екенін өзі де біледі. Бірақ Ібілістің әрекеттері мен қитұрқысын, интригасын білмейді, әрекетінің қаншалықты қауіпті екенінен секем алмайды, себебі Ібілісті танымайды...
Осы таныту әдісі – драматургия мен режиссурада.
Драматургия кейіпкерін идеаландырмайды, идеалдың күл-талқанын шығарады. Қос ғашық Қозы мен Баян қосылуы керек еді, өледі. Еңлік-Кебек бақытты болуы керек еді, бақытсыз болды, ажал құшты. Абай данышпан еді – басына қамшы тиді, жігерін құм қылды, қор қылды. Отелло батыр, кемеңгер, ақылды еді. Өзі сүйген Дездемонаны өзі өлтіріп тынды. Чеховтың Андрей Ефимичы жындыхана дәрігері еді, ақыры өзі жындыханаға қамалды.
Жанр – қатал. Сюжет құрудағы шеберлік оқиғаны қабат-қабат өре отырып, шыңғырған шындықтың құлын дауысы арқылы қоғамның да, кейіпкерлердің де бет-пердесін ашып тастайды. Көрерменді қалт жібермей ұстап тұратын аласапыран қуат бүгінгі драматургияға жетпей тұрғандай.
Көрерменнің сезімін ғана қытықтаймыз, ішін қопарып, санасын өзгертуге талпынысқа апаратын жолды іздемейміз.
Шығарма – қозғаушы күш. Егер ол санаға қозғау салмаса өз міндетін атқара алмағаны. Ал біздің бүгінгі драматургияда сюжет жоқ, сөз көп. Кейде тіпті оқиға да идея да болмайтынына таң қаласың. Автордың не айтқысы келгені түсініксіз. Иә режиссердің былықтырғаны, иә о баста драматургияның әлсіз болғаны. Анекдотпен, қылжақпен, әнмен, күймен, бимен драматургия жасамақ боламыз. Бүгінгі драматургияда кейіпкер образы сомдалмайды, жасанды жазылады, жасандылық бәрібір қабылдана қоймайды. Өмірде болмағанды ақиқатқа айналдырғымыз келеді, сондықтан болса керек, көрерменімізді сендіре алмаймыз.
Енді шеберлікті шыңдай түсу керек деген ой туындайды ғой. Ол үшін не істеуіміз керек?
Театрлардың жанында жас драматургтердің, режиссерлердің лабораториясы жасақталуы қажет. Өйткені жас маманның өндірісте жүріп, тәжірибе жинайтыны сияқты жас драматург те театрдың ыстық-суығында бірге қайнауы керек. Режиссермен, актерлермен тығыз байланыста болғанда ғана толыққанды дүние туады. Драматург өз шығармасын қай актердің ойнай алатын шеберлігіне дейін ден қоятын болады. Көп жағдайда драматург режиссерге, режиссер драматургке риза болмай, бір қайнауы ішінде қалып жатады.
Театр ешкімнің жеке меншігі емес. Жас режиссерлер отандық драматургтерді сахналауға қол жеткізе алуы керек. Драматургтерді жиырма жылға дейін театр репертуарынан аластату, шығармаларын қойдырмау деген оларды тапа-тал түсте аяқ-қолын кісендеп, жер аударып жіберумен бірдей. Бұл пиғылдан театрдағы көркемдік жетекші де, театр директоры да арылу керек. «Өзім жазып, өзім қоямын» деген дерт бар театрларда. Бұ күнде режиссер де, актер де, театр сыншысы да, саясаткер де, журналист те драматург болғысы келеді. Қош делік, егер қолдан келіп жатса несі бар. Бірақ ұлы режиссер Товстоногов Шекспирден бастап, Чехов, Достоевский, Гоголь, Володин т.т. айта беруге болады. Барлығын дерлік сахналады, өзім жазамын деп желікпеді. Ұлы шығармалардың жұмбағын көрерменге жеткізе алудың режиссерлік тәсілін тапты. Автордың жұмбағына, сырына, нені меңзеп отырғанына үңілді. Режиссер – суреткер, бірақ өз саласының, өз мамандығының суреткері деп білемін. Осындай махаббат, ықылас, сүйіспеншілік арқылы Товстоногов ізденіп, толығып, кемелдене берді. Көрерменнің жүйкесіне жүк түсіре алды. Толстойдың шығармаларына инсценировка жасау арқылы авторға деген сүйіспеншілік, кірпияз талғам тұрды. Сол арқылы өз биігін, режиссерлік даралығын, талантын айшықтай түсті.
Ал қазақ режиссерлері өзін ұсынады, «өзім қайда қалдым...» деп уайымдай бастайды. Өзінің де суреткер, режиссер екенін естен шығарып алады. Режиссер драматург болып танылудан гөрі терең шығармаларды талғаммен таразылай алғаны дұрыс. Суреткерлік талғам керек. Қай кезеңде болса да көрермен қоғамнан таппаған ақиқатын театрдан тапса, спектакльге кеткен уақытына өкінбей, рухани ләззат алып, сағынып қауышса деп ойлаймын. Көрермен алданса – көңілі қалады, көңілі қалса енді қайтып театрдың есігін ашпайтын болады.
Роза МҰҚАНОВА,
драматург