Бұл кезінде Әуезов, Мүсіреповтердің мың ойланып, жүз толғанып барып, қолына алатын жанры – драматургияның салмағы жеңілдеп кеткенін аңғартса керек. Ал драматургияның өз салмағынан айырылып қалуының себебі неде? Басты себеп – тақырыптың жеңілдеп кетуінде.
Тақырып дегеніміздің өзі – өмірлік проблеманың көрінісі ғой. Демек драмалық туындыларға арқау болып жүрген проблемалар күнделікті тірлікте әркімнің ауызында жүрген түйткілдерді ұсыну деңгейінде болып тұр. Әрине, үлкенді-кішілі проблемалардың қай-қайсы да тақырып бола алады. Бұл жердегі мәселе проблеманың ауқымында емес, сол проблеманың түпкі себебін меңзеу арқылы ойландыруда жатыр. Түпкі себеп – адам. Адам болғанда, шығармадағы кейіпкерлер емес, сол кейіпкерлерге негіз болған Сіз бен біз. Олай болса, драмалық туынды кез келген проблеманы туындататын да, шеше алатын да сіз бен біз екенімізді аңдатуы қажет.
Өкініштісі, бүгінгі пьесаларда уақыт өлтіруге арналған сериал мелодрамаларға тән сипаттар жиі кезігеді. Яғни әлдебір аянышты оқиғаны арқау ету арқылы аяныш сезіміне әсер ету, не болмаса оқиғаның шешіміне жеткенше үздіктіріп қоятыны сияқты. Мұндай тәсілдер оқырманның (көрерменнің) қызығушылығын күшейтері анық, алайда жан дүниесіне әсер ете алмайды. Оқырман әлгіндей жәйттерді сырттай қызықтап, қалыс қалады. Бір сөзбен айтқанда, қызықтады, ұмытты.
Нағыз драматургиядағы проблема бейнелер арқылы ойландыруы шарт. Драмалық шығармадағы бейнелер жылата ма, күлдіре ме, қалай болғанда да, түптеп келгенде өмір түзілімінің тереңіне, адам қарым-қатынасының күрделілігіне, адам болмысының қарама-қайшылығына бойлатуы шарт. Сол арқылы сіз бен бізді өзіміздің күнделікті тірлігімізге, өз жаратылысымызға бір сәт болса да ойлана қарауға себепші болуы ләзім. Ойлану арқылы әр адам өзіндегі барды жетілдіре түседі, жетпей жатқанын толықтыра түсуге талпынады. Бұл дегеніміз – тұтастай қоғамның дамуына қызмет ету деген сөз. Өйткені қоғам – сіз бен біз.
Демек, қазіргі драматургиямыздан неше алуан проблемаларды ұшырастыруға болғанмен, солардың түпкі сырын сезінуге, түсінуге бағыттайтын шығармашылық ізденістерге әредік қана кезігеміз.
Қазіргі драматургияда көптеген авторларға тізгін ұстатпай жүрген мінезді мәселе – сөз қолдану шеберлігі.
Аталмыш мәселенің мінезді болатын сыры драматургияның әртүрлі кейіпкерлердің сан қилы қарым-қатынасын бейнелеуіне қатысты. Яғни драмалық шығарма кейіпкерлердің сөзі арқылы өмір бейнесін туындатады. Ал кейіпкеріміз – мінез, ой, сезім, эмоциялардың тұтасуы. Кейіпкерге тән осы қасиеттер әрекеттерге түрткі болады. Сол себепті драматургияда кейіпкер тілі шешуші мән иеленеді.
Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі драматургиядағы сөз төңірегінен төмендегідей жайттарға назар аудару орынды.
Оның бірі – қарабайырлық, жұтаңдық. Тіл жұтаңдығының екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі – бүгінгі жұрт түсінбей қалады деп ойлау, екіншісі – автордың өзінің тіл байлығының аздығы.
Келесі бір кемшілік – БАҚ тілінде сөйлеп кету. Мұның сыры – күнделікті оқып, естіп жүрген сөздердің қалам ұшына оңай орала кетуінде жатса керек. Алайда түрлі мінезді кейіпкерлердің бұл үлгіде сөйлеуі өмірдегі сөйлеу тілімен сәйкесе бермейтіні анық.
Тағы бір осалдығымыз – шамадан тыс ойшылдану. Мұндай жағдай терең ойлы, жұмбақ мазмұнды дүние туғызсам деген ниеттен шығатын болса керек.
Ендігі бір кемшілігіміз – кейіпкер сөзінің өз уақытымен орайласпай жатуы. Анықтай айтқанда, тарихи шығармадағы кейіпкер аузына бүгінге тән сөздің салынуы, бұған керісінше, замандас кейіпкердің бұрынғы дәуірлерде қолданылған тіл үлгісінде сөйлеп кетуі. Бұлардың екеуі де шеберлік нышаны емес. Себебі бірінші кемшілік автордың өзі тақырып етіп отырған тарихи дәуірдегі сөз қолдану ерекшеліктерін біле бермейтінін танытса, екінші кемшілік автордың әсіре ділмарсуға құмарлығын аңғартады.
Әрине, аңдағаныңды ортаға салу да абзал. Әйткенмен, ең жақсы сыншы – автордың өзі. Әр драматург өз шығармаларына тағы бір үңіліп, сөз болған кемшіліктердің өз туындыларында ұшырасатын-ұшыраспайтынын бір екшеп өтсе, автор үшін ең әділ сын сол болмақ. Тек бұл үшін автордың өзі шамшылдыққа бой алдырмай, өзіне өзгенің көзімен қарай алатын қасиетке ие болса, жетіп жатыр.
Кенжебай АХМЕТОВ